«Қайырлы күн! Бақылау билеттерін дайындаңыздар» деген билет бақылаушыларының сөзін қоғамдық көлікпен жүрсеңіз жиі естірсіз. Ал сол бақылау қағазын тексеріп жүрген жандардың жұмысы бір қарағанда жеңіл болып көрінуі мүмкін. Алайда кез келген мамандықтың жеңілі жоқ деген секілді бұл саланың да өзінің қиын тұстары айтарлықтай.
Бұл мамандықты көпшілігі жүрек қалауымен таңдамасы анық. Дегенмен, бұл саланың да өзінің жағымды жақтары бары сөзсіз. Бұл сөзімізді кейіпкеріміз Ақмарал Сәрсенбаева да құптайды.
Ақмарал Құсайынқызының негізгі мамандығы – сауда менеджері. Біраз жыл сауда саласында қызмет еткен. Ал бұл салаға ойда-жоқта келген.
— Негізі билет бақылаушысы боламын деген ой мүлдем келмеген. Алайда жұмысқа орналасқан соң қызығушылық пайда бола бастады. Бұл жердің бір артықшылығы, жалақы уақытылы беріледі. Түнгі ауысымдар да, мерекелік күндер де төленеді. Бірақ жұмыс оңай емес. Таңмен таласып жұмысымыз басталады. Кезекшілік барысында түрлі мінезі бар адамдар кездеседі. Сондықтан бастысы төзімділік пен сабырлық қажет, — деп атап өтті Ақмарал.
Шынымен де, бұл мамандық иесі үшін жоғары қырағылық, төзімділік және есте сақтау қабілеті жоғары болуы қажет. Себебі, қоғамдық көліктерде көп адам болғанда бақылау билетін тексеру оңай емес. Кейде жаңылысып, бір адамның бақылау билетін екінші мәрте тексеріп қалатын да кездер болады екен. Алайда Ақмарал бас кезде ондай жайттар болғанмен қазіргі уақытта жиі орын алмайтынын айтады.
— Үлкен шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін қандай жұмыс?» деп сұраса, ойланбастан осы қызмет деп айтар едім. Сырт көзге оңай әрі елеп-ескере бермейтін жұмыс болып көрінгендіктен, көп адам еңбегімізді жете түсіне бермейді. Тұрғындармен жұмыс істегендіктен, олардың көңілдерін аулап, тілдерін табу қажет. Басында, әрине оңай болмады, бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттім. Адамдардың барлығы бірдей бола бермейді. Әрқайсысында мінез бар. Дөрекілік танытып, ашуға бой алдырып жататын сәттерде өзімді сабырлы болуға шақырамын. Әртүрлі жағдай да болып тұрады. Кейбіреулері «ақшам жетпей тұр» десе, біреулер тіпті азын-аулақ жол ақысын төлемей түсіп кетеді. Өз басым мұндай жағдайда түсіністік танытуға тырысамын. Осы уақытқа дейін біреумен жаға жыртысып, ұрсысып көрмеппін. Әр саланың өз мәдениеті болады. Ал бұл мамандықтың ерекшелігі – әрдайым тұрғындармен сыпайы қарым-қатынаста болу, ықыластарына бөлену. Жалпы, қандай жұмыс істесек те бастысы адал жасаған істің ғұмыры ұзақ болары сөзсіз, — дейді ол.
Бүгінде бұл жұмысқа кез келген жастағы адамдар орналаса алады. Себебі, билет бақылаушыларына негізделген білім беру талаптары жоқ. Сондықтан денсаулық жағдайына сай келетіндердің бәрі жұмысқа орналаса алады. Бастысы, моральдық тұрғыдан бәріне дайын болуы керек. Өйткені жоғарыда айтып кеткендей, бұл мамандық шыдамдылық пен күйзеліске төзімділікте аса қажет етеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.