1 сәуірден бастап еліміздің бірқатар маңызды саласында жаңа ережелер енгізіліп, өзге-рістер орын алмақ. Әсіресе, көпшілікті осы жылдың бірінші тоқсанында коммуналдық қыз-меттер тарифін көтеруге жариялаған мораторийдің күшін жоюы алаңдатып отырғаны аңғарылады. Жанар-жағармай бағасы қалай өзгеретіні де толғандырады. Осы және өзге де жаңашылдықтарды тарқатып көрейік.
Тарифтер бірден өспейді
Өткен жылдың қазан айында елдегі экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін Мемлекет басшысының тапсырамасымен бірқатар шара қабылданған болатын. Олардың қатарында коммуналдық тарифтерді өсіруге 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін мораторийдің енгізілуі бар. Бұрнағы күні бұл шектеудің мерзімі аяқталды. Енді не болады?
Ел билігі орын алуы мүмкін өзгерістердің барлығы сараланып, қажет болған жағдайда ғана іске асатынын мәлімдеді. Олардың барлығы экономикалық тұрғыдан негізделген факторларға ғана сүйеніп қабылданады. Мәселен, Энергетика министрлігі электр энергиясының шекті тарифі 1 сәуірден кейін де былтырғы деңгейде сақталатынын хабарлады. Сол сияқты жылу, қалдық шығару сынды коммуналдық қызметтердің төлемі де әзірше өзгермейді.
Жанар-жағармай қымбаттай ма?
Былтырғы қазан айында жанар-жағармай бағасы да тұрақталған еді. Үкімет мұнайдың бұл өнімдерін саудалайтын бекеттерге бағаны өсірмеуді тапсырды. Сөйтіп, жарты жыл бойы АИ-92, дизель отынының бағасы сақталып тұрды. Энергетика министрлігі 1 сәуірден кейін бағаның негізсіз өсуіне жол бермейтінін алға тартты. Қазіргі уақытта отандық нарықта жанармай тапшылығы жоқ. Қордағы көлем, өнімді жеткізу сынды істердің барлығына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Демек, бағаның бірден өсуіне әзірше негіз жоқ.
Ең төменгі бағалар бекітілді
2026 жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Қазақстанда ЕАЭО елдерінен жеткізілетін және отандық өнімдердің кейбір түрлеріне ең төменгі баға деңгейі белгіленеді. Мәселен, сүзбенің келісі 1 822 теңгеден, балқытылған ірімшіктің бағасы 2 985 теңгеден, жұмыртқаның бір данасы 41 теңгеден, картоптың келісі 90 теңгеден, қырыққабат 72 теңгеден, ал сәбіздің келісі 106 теңгеден басталады. Мұндай шекті төмен бағалар алма, ұн, күнбағыс майы, макарон өнімдеріне де белгіленді. Бұл бағалар нарық пен маусымдық өзгерістерге байланысты әр тоқсан сайын қайта қаралып отырады.
Мобильді аударымдар тексеріледі
15 сәуірден бастап екінші деңгейлі банктер мобильді аударымдар бойынша ақпаратты салық органдарына жібере бастайды. Бұл ретте үш айдың әрқайсысында 100-ден астам азаматтан аударымдар түскен жағдайда, сол үш айдағы аударымдар сомасы бір млн теңгеден асқан жағдайда ғана мәлімет беріледі. Егер азамат жеке банк есепшотын кәсіпкерлік жүргізу мақсатында пайдаланғаны белгілі болса, алдымен ескерту жасалады. Одан сабақ алмаса, камералық бақылау жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданады. Мемлекеттік кірістер комитеті шоттардың бірден бұғатталмайтынын, ал жеке мақсаттағы аударымдарды азаматтар кез келген уақытта дәлелдей алатынын айтады.
Онлайн ауыстыруға болады
Енді қазақстандықтар жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін оны eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыра алады. Бұл қызмет бұған дейін қолданыстағы құжат болған жағдайда, сондай-ақ құжат жоғалған, ұрланған немесе азамат аты-жөнін өзгерткен кезде ғана онлайн форматта көрсетілетін. Енді ол құжат мерзімі өткен кезде де халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ жаңартуға мүмкіндік бар. Егер құжаттың мерзімі өтіп кетсе, медициналық тексеруден өту қажет. Содан кейін деректер мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Дайын құжатты бұрынғыдай ХҚКО-дан барып алу қажет. Бірақ мерзімі 30 күннен асқан төленбеген айыппұл болса, құжатты онлайн ауыстыруға болмайды.
Талап күшейеді
Сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енеді. Соған сәйкес, енді жеке күзет ұйымдары өз қызметі тоқтатыла тұрған немесе қайта басталған, заңды тұлға тіркелген жерден тыс қызмет көрсеткен жағдайда уәкілетті органды 5 жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті болады. Сондай-ақ, күзет ұйымдары уәкілетті органға жұмыс туралы есеп беруге міндетті. Азаматтық және қызметтік қару иелері үшін қосымша міндеттер де бар. Мәселен, қаруды тексеріп көру үшін мылтықты тапсыру қажет. Уақытылы берілмеген жағдайда рұқсат тоқтатылуы мүмкін. Қару иесі заңды тұлғаның қызметі тоқтатыла тұрған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаруды және оның патрондарын ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруы қажет.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
