Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров өңір тұрғындарымен кездесіп, министрліктің құзыретіне кіретін көлік және логистика, жол құрылысы, азаматтық авиация және кеме қатынасы туралы көпшіліктің сұрақтарына жауап берді. Кездесуде көлік инфрақұрылымы және транзиттік әлеуетті қалыптастыруға бағытталған бағдарламалар мен саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу барысында вице-министр бүгінгі таңда көлік саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Айтуынша, соңғы екі жылда елімізде қоғамдық көлік паркін 3 267 автобусқа жаңарту оның тозу деңгейін 40 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, өткен жылы 1 401 шақырым теміржол желісі жөндеуден өткізіліп, 185 локомотив, 1 500 жүк және 143 жолаушылар вагоны сатып алынды.
— Теміржол көлігінде отандық компаниялардың қолдауымен 2024 жылы 1,3 млрд теңгеге Павлодар теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жөндеу аясында ғимараттың қасбетін жаңарту, байланыс желілерінің ішкі инженерлік құрылымдарын ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, облыстың жүк көтергіштігін арттыру мақсатында биыл Павлодар облысында теміржол жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Ақсу қаласындағы жалпы ұзындығы 16,8 шақырымды құрайтын темір жол учаскелері, Спутник және Бастау стансалары қайта жаңғыр-тылады. Бұл жұмыстар облыстың транзиттік әлеуетін арттырып, жүк тасымалы көлемін ұлғайтады, — деді Мақсат Қайыржанұлы.
Сонымен қатар, кездесу кезінде вице-министр Ертіс өзенінің әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін айтып, алдағы уақытта көршілес мемлекеттермен бірге кеме қатынасын жаңғырту жұмыстары күтіп тұрғанын жеткізді. Нақтылап айтсақ, Ертіс өзені бойымен гидротехникалық құрылыстарды салу, өзеннің түбін тереңдету, инфрақұрылымдарды дамытудың бірлескен жобалары қабылданбақ.
— Біздің мақсатымыз – тарихи кеме қатынасын қалпына келтіру. Біз Қытай-Қазақстан-Ресей мультимодальді транзиттік дәлізінің жобасын қолға алып жатырмыз. Ресейліктер оны толығымен қолдады, ендігі кезекте қытайлық серіктестерден қолдау күтеміз. Жоба сәтті жүзеге асса, ұлы өзен бойындағы жүк тасымалы бастапқы кезеңде ғана жылына 2,5 миллион тоннаға дейін артады. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде жалғасуда, — деді ол.
Бұдан бөлек, Мақсат Қалиақпаров қазіргі уақытта Павлодарда әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары бастау алғанын, бұл облыстың әуе кеңістігін кеңейтуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Айтуынша, өткен жылы авиация саласында қазақстандық компаниялар 10 ұшақ сатып алып, тасымалдау сыйымдылығын 7 пайызға арттыруға ықпал етті. Сондай-ақ, халықаралық әуе маршруттарының желісі 22 бағыт бойынша кеңейтілді.
— Павлодар облысының инфрақұрылымдық жағдайы қайта жаңғыр-тылып, әуежай ғимараты мен ұшу-қону жолағы жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар отандық әуе маршруттарын көбейтіп, жолаушылар тасымалын дамыта түспек. Жалпы, 2025 жылы субсидияланатын әуе маршруттарының саны 23 бағытты қамтиды. Бұл бағытта 6,4 млрд теңге бөлінді. Алдағы төрт жыл ішінде авиациялық хабтарды дамыту есебінен әуе жүктерінің көлемі екі есе, яғни қазіргі 150 мыңнан 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылмақ, — деп толықтырды ол.
Кездесуде өңір тұрғындары Ертіс өзені бойымен Екібастұз, Ақсу қалаларына кеме таксиін ашу, «Жаңа Ақшиман – Жасыбай» жолын жөндеу, «Томск-Қарағанды» теміржол бағытын қайта іске қосу, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған вагондарды ұлғайту және жүк тасымалын дамыту мәселелерін көтерді. Вице-министр барлық мәселе назарға алынып, кешенді жоспар аясында бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.