Павлодар қаласында жалпы саны 615 ауланың 95 пайызы балалар ойын алаңдарымен қамтылған. Қазір шаһар жеткіншектері заманауи ойын алаңдарында мәре-сәре күй кешеді. Алдағы жылы аулаларда тағы 50 балалар ойын алаңы салынып, көрсеткіш 100 пайызға жетпек. Қуантарлығы, бұған дейін ойын алаңдарын салу мүмкіндігі болмаған көшелерде де заманауи балалар алаңдары бой көтермек.
Павлодар қаласындағы Горький көшесі, 37-үйдің тұрғындары көптен бері аулаға балалар ойын алаңын салуды сұрап келеді. Көпшіліктің өтініші аталмыш ауладағы жердің астында инженерлік коммуникациялар орналастырылғандықтан орындалмай келді. Яғни, бұл көшеде балалар ойын алаңын салу мүмкін болмады. Ал шаһарда инженерлік коммуникациялар өтетін көше саны аз емес. 2026 жылы көптің тілегі орындалғалы тұр. Өйткені аталмыш көшелерде локалды алаңдар тұрғызылады деп күтілуде. Мұндай алаңдар жеке ойын элементтерінен тұрып, тротуар жолдарымен байланыстырылатын атап өткен жөн. Бұл балалар үшін ыңғайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта тұрғындар тарапынан өтініштер қабылдау басталды. Сала мамандары әр көшені толық зерделеп, шешім шығаратын болады. Осылайша, өзге ауладағы ойын алаңдарына қызыға қарайтын кей көшенің балалары да заманауи алаңда ойнауға мүмкіндік алмақ.
Павлодар қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Павлодарда қалалық инфра-құрылымды жаңарту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Орташа жөндеу аясында жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын 15 магистральды көше ретке келтірілді. 100 аула, 13 білім беру мекемесінің және 5 медициналық ұйымның аумақтары абаттандырылды. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 20 шақырымға жуық болатын 20 учаскеде жаңа тротуарлар салынды.
— 2022 жылдан бері Павлодарда 37 жаңа шағын сквер бой көтерді. Тек биылдың өзінде 17 демалыс аймағына ағымдағы жөндеу жүргізілсе, келесі жылы тағы 15 аумақты абаттандыру жоспарланып отыр. Бұған қоса, 2025 жылы қалада 65 жаңа балалар ойын алаңы орнатылды, бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасын табады, — дейді Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.
Биыл Павлодарда 17 жаңа сквер пайда болады. Шаһар тұрғындарына бос уақытын өткізуге арналған заманауи шағын саябақтар ашылды. Бұрын бос және күтімсіз жатқан алаңдарға жарықтандыру тартылып, орындықтар мен әткеншектер орнатылды.
Әкімдікте келесі жылға өтініштер қабылдау басталды. Тұрғын үй жанында бос тұрған жер телімі болса, Кривенко көшесі, 25-үй мекенжайына барып, өтініш жазуға болады. Жаңа саябақтар Павлодардың келбетін ғана емес, қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге және өмір сапасын жақсартуға ықпал етпек.
— Қала ішінде атқарылып жатқан ауқымды жұмысқа жергілікті халық дән риза. Шынымен, қай көшеге барсақ та, аулалардағы балалар ойын алаңдары жаңарған. Заманауи әткеншектер де жасөспірімдердің көңілінен шығуда. Жаз бойы анам екеуіміз кешкі уақытты Гагарин саябағында өткіздік. Орындықтарға күннің ыстығынан қорғайтын арнайы төбе орнатылған. Шахмат ойнайтын орын да бар. Бұдан бөлек, бірқатар көшелерде шағын сквер ашылды. Әсіресе, үйде отыратын қариялар далаға шығып, таза ауамен тыныстап, уақытты тиімді өткізуде. Жергілікті билікке атқарылып жатқан игі іс үшін ризашылығымды айтамын, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Салтанат Данабекқызы.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Павлодар қаласы.
