Қазақстан – көпмәдениетті және көпэтносты мемлекет. Осы тұрғыда елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілінің басын қосып, халықтың бірлігінің нығаюына ықпал ететін Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған ісі ауқымды екенін атап өткен жөн. Әсіресе, этномәдени бірлестіктердің маңызы зор. Сондай бірлестіктердің бірі — «Возрождение» облыстық немістер қоғамы. Биыл аталмыш орталық өзінің 35 жылдық мерейтойын атап өтпек. Жуырда қоғамдық ұйым төрағасының орынбасары Ольга Литневскаямен орталықтың кешегі күні мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында сұхбат құрдық.
— Ольга Владимировна, «Возрождение» қоғамдық бірлестігі облысымыздың қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуына қандай үлес қосады?
— Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы «Возрождение» немістер қоғамы құрылған уақыттан бері неміс мәдениетін жаңғырту, сақтау және дамыту, туған тілі мен дәстүрін, салттары мен әдет-ғұрыптарын оқып-үйрену, тағы да басқа жұмыстарға қолдау көрсетіп, бірліксіз іс бітпейтінін дәлелдеп келеді. Бұл орталық мүшелері ел дамуы мен тыныштығына, бірлік пен берекенің артуына, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың артуына бір адамдай атсалысуда. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді үйрену, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді қолдау, жастарды көпмәдениетті тәрбиелеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде дөңгелек үстелдер мен жастар бірлестіктері үшін семинарлар өткізу, Қазақстан халқының мәдениет фестивальдеріне, конкурстарға және т.б. кезекті конференцияларға қатысу жатады. Негізгі мақсатымыз — ұлтаралық татулықты сақтай отырып, еліміздің дамуына, болашағымыздың жарқын болуына атсалысу.
Облыста тұрып жатқан неміс өкілдері басқа этностар секілді алдағы уақытта да өңір экономикасын дамытуға, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтуға өз үлестерін қосатын болады.
— Биыл қоғамдастықтың құрылғанына 35 жыл толып отыр. Негізі, бірлестік қалай құрылған еді?
— Облыстық «Возрождение» немістер қоғамы 1990 жылдың сәуір айында Құрылтай конференциясында құрылды. Осы 35 жыл ішінде Виктор Ворм, Виктор Камерцель, Виктор Левин, Эдвин Аппельт, Вячеслав Руф жетекшілік жасаса, 2024 жылдан бері Владимир Шек төрағалық етеді.
Біздің ұйым құрылған күннен бастап Павлодар облысының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып келеді. Ұйымның қызметі неміс этносының этникалық ерекшелігін сақтау, тілді, білім мен мәдениетті дамыту мәселелерін шешуге бағытталған. Облыстық мәдениет басқармасының және басқа да облыстық ұйымдардың қолдауымен 1995 жылдың 24-25 ақпанында неміс жастарының шығармашылығына арналған алғашқы «Neue Namen» аймақтық фестивалі өтті. Кейін ол дәстүрлі республикалық фестивальге айналды.
Ұйым қызметінде Германияның Ішкі істер министрлігінің қолдау бағдарламасы зор рөл атқарды. Соның арқасында біздің облыста 1998 жылы неміс этносына арналған кездесу орталықтарын қолдау жобасы
жұмыс істей бастады. 2004-2010 жылдар кезеңінде біз Тереңкөл және Железин аудандарында тағы екі филиал аштық. Қоғам жанынан жастар, әйелдер және балалар клубтары, қарттарға арналған клубтар, баспасөз орталықтары, кітапхана, бейне және фонотека, «Бастельн», вокалдық, би, психология, театр үйірмелері мен әлеуметтік жұмыс кабинеті жұмыс істеді.
Олардың қатарында «Нетте Фрауен» әйелдер клубының вокалдық тобы, «Сонненшейн» дуэті, «Вир» жастар клубының вокалдық тобы, «Парадиз» би ұжымы, Ақсу қаласындағы «Фальтер» би ұжымы, Успен ауданындағы әйелдер клубының «Ивушки – Вайдхен» вокалдық тобы бар.
Қазіргі уақытта аймағымызда неміс қоғамының 7 филиалы жұмыс істейді. Олар Ақсу мен Екібастұз қаласында, Железин, Шарбақты, Успен, Розовка ауылдарында (Павлодар ауданы), Май аудандарында құрылған. Ал Тереңкөл, Ертіс аудандарында волонтерлік топтар жұмыс істейді. Болашақта бұл өңірлерде де филиалымызды ашу жоспарланған.
35 жылдық тарихта бірлестік бірқатар іс атқарды, көптеген іс-шара өткізілді. Олардың барлығы еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті сақтауға бағытталған. Бұл туралы біз Ассамблея мен бірлестіктің мерейтойына арналған іс-шара-ларда үнемі айтамыз.
— Қазақстанда неміс ұлтының жүз мыңнан астам өкілі тұратыны белгілі. Бұл ретте елдегі неміс мәдени орталығының рөлі қаншалықты маңызды?
— Аса маңызды. Бұл орталықтар этникалық немістердің өз мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін сақтап қалуында, сондай-ақ қоғаммен үйлесімді интеграциялануында маңызды қызмет атқарады. Мәселен, мәдени мұраны сақтау. Мұнда неміс тілі мен дәстүрлері сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге жағдай жасайды. Тіл курстарын ұйымдастырады, халықтық әндер, билер, ұлттық тағамдар, мерекелер секілді мәдени бөлшектерді жандандырады. Мәдени фестивальдер мен көрмелер өткізіп, этникалық бірегейлікті сақтайды. Екіншіден, білім беру және жастармен жұмыс. Мұнда мектеп жасындағы балаларға қосымша білім беру, жастарға арналған жобалар арқылы жастардың дамуына көмектеседі. Үшіншіден, қоғамдық өмірге қатысу. Неміс мәдени орталықтары этникалық немістер мен басқа этностар арасындағы көпір ретінде жұмыс істейді. Ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етіп, қоғамда бейбітшілік пен татулықты сақтау жұмыстарына белсенді қатысады. Одан бөлек, Германиямен байланыс жасау және әлеуметтік қолдау. Аталмыш орталықтар Қазақстандағы немістер мен Германия арасындағы мәдени, білім беру және кейде экономикалық байланыстарды нығайтады. Неміс үкіметі де осы орталықтардың жұмысына қолдау көрсетіп отырады. Ал кейбір мәдени орталықтар әлеуметтік бағыттағы жобаларды жүзеге асырып, зейнеткерлерге, мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Біздің орталықта осы бағыттар бойынша қызмет атқарады.
— Басқа этномәдени бірлес-тіктермен өзара байланыс қалай өрбуде?
— Этномәдени бірлестіктер неміс мәдени орталықтарымен кез келген сұрақ бойынша байланыса алады. Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында әрекет ететін бұл бірлестіктердің басты мақсаттарының бірі — ұлтаралық татулық пен этностар арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Сондықтан өзара байланыс, бірлескен жобалар мен іс-шаралар – олардың жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі.
Неміс мәдени орталықтары — ашық, серіктестікке бейім ұйымдар. Басқа этномәдени бірлестіктер мәдениет, тіл, жастар саясаты, әлеуметтік жобалар және қоғамдық келісім бағыттары бойынша еркін байланысып, ортақ бастамаларды жүзеге асыра алады.
— Өзіңіз атап өткендей, елімізде этномәдени бірлес-тіктерді біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істейді. Ассамблея жұмысын одан әрі нығайту және кеңейту үшін не істеуіміз керек?
— Әрине, біз үшін Ассамблеяның маңызы зор. Өздеріңіз білесіздер, біз — көп ұлт өкілдері жиналған мемлекетпіз. Бірақ біз бір-бірімізді алаламай, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Ассамблеяның көздегені де — еліміздегі бірлік пен ынтымақтың сақталуы. Алдымен біз өз елімізде, өз жерімізде тату болуымыз керек. Көп ұлтты еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайта отырып, алға қарай нық сеніммен қадам басуымыз керек. Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын одан әрі нығайтып кеңейту үшін бірнеше бағытта жүйелі, мақсатты әрекеттер жасау қажет. Бұл бағыттар институционалдық даму, жастармен жұмыс, цифрландыру, мәдени әртүрлілікті насихаттау, және қоғаммен байланыс сияқты бағыттарды қамтиды.
Ассамблеяны нығайту — бұл мәдени іс-шара өткізу ғана емес, сонымен қатар қоғамдық келісімді, азаматтық бірегейлікті және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бағытындағы кешенді жұмыс. Бұл жолда мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер, жастар және бүкіл азаматтық қоғам бірлесе әрекет етуі қажет.
— Қоғамдық ұйымның 35 жылдық мерейтойына орай қандай шараларды өткізу жоспарда бар?
— Негізі, мерейтойға арналған шаралар наурыз айынан басталды. Оны біз неміс ұлтының өкілі, белгілі ауыл шаруашылығы маманы және КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Яков Герингті еске алу шарасымен аштық. Одан соң Ақсу қаласы, Успен және Павлодар аудандарында өткіздік. Алдағы уақытта мұндай кездесулерді Екібастұз қаласы, Железин, Шарбақты аудандарында өткізу жоспарда бар. Бұл кездесулердің түйіні ретінде маусым айында ауқымды шараны ұйымдастырамыз. Онда әр қала-аудандардың неміс этномәдени бірлестіктердің өкілдері атқарылған жұмыстары туралы сөз қозғайды. Жаз айлары бойы әртүрлі көрмелер мен концерттік бағдарламалары өтеді. Ал қыркүйек айында мерейтойға арналған негізгі ауқымды қорытынды кеш өтпек.
— Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.