Ауылдарды дамытуға бағытталған «Ауыл — ел бесігі» жобасына қарастырылған қаражат тиімді жұмсалуы тиіс. Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасы. Алайда, аймағымызда аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруда шикіліктер бар екені байқалады. Сонымен қатар, өңірдегі 2 қала мен 9 ауданда тұрғындарды дене шынықтырумен және спортпен қамту деңгейі төмен. Орын алған олқылықтарды жоюдың жолы қандай? Осы мәселелер облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен аппараттық жиында жан-жақты талқыланды.
Қаражат қадағалануы қажет
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аймақтағы 26 ауылда 85 жоба жүзеге асуда. Олардың қатарында елді мекендерде емдеу, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу, әлеуметтік ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу жұмыстары бар. Осы мақсатқа қазынадан 9,8 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, ауылдарды дамыту үшін қосымша бюджет қаражаты және жеке инвестициялар есебінен 2 млрд теңгеден астам қаржы құйылған. Бұл ақша саябақтар мен скверлерді абаттандыру, спорт және балалар алаңдарын орнату жұмыстарына бағытталған. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктің айтуынша, бүгінде 30 жоба аяқталған. Алайда, бірқатар жобаларды игеруде қиындықтар бар.
— Бірінші жартыжылдықтың қорытын-дысы бойынша «Ауыл — ел бесігі» жобасына бөлінген бюджет қаржысының 32 пайызы ғана игерілді. Бұл ретте, Павлодар, Ақсу қалалары мен Баянауыл, Тереңкөл аудандарындағы көрсеткіш төмен екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, Шарбақты ауданының Хмельницкое елді мекеніндегі және Жаңаауылдағы 2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімінен кешігуде, — деді басқарма басшысы. Облыс әкімі аудандар мен қалалардың басшыларына бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды. Алқалы жиында аталған бағдарлама аясында келесі жылы атқарылуы тиіс жобалар да талқыланды. Жоспар бойынша 2024 жылы 16 ауылда жұмыстар жүргізілмек. Қазіргі күні бұл мақсатқа 10,8 млрд теңгені қажет ететін 74 жоба әзірленген. Бірақ оның тек 50 пайызы ғана қажетті қаржымен қамтамасыз етілмек екен. Яғни, лимит 5,7 млрд теңгені құрап отыр. Басқарма басшысы Ирина Назарчуктің айтуынша, бұл қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік нысандардың құрылыс және жөндеу жұмыстарына жұмсалмақ. Кейбір жобалардың лимиттен асып кету тәуекелі бар. Бұған жоба құнының тым жоғары болуы себеп. Мәселен, Ақтоғай ауданына қарасты Жолболды ауылындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 600 млн теңге бөлінеді деп жоспарланған. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның сөзіне қарағанда, әу баста 450 балаға лайықталып салынған бұл білім ордасында бүгінде небары 63 оқушы ғана оқиды. Мектеп жанындағы шағын орталықта 8 бүлдіршін тәрбиеленуде. Аталған жағдаймен таныс болған аймақ басшысы қазына қаражатын тиімді жұмсау қажеттігін қатаң ескертті.
— Мұндай қаражатқа жаңа мектеп салуға болады. Әрине, әр баланың орны бөлек. Мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары да қажет. Бірақ оқушы саны аз 1 ғана ауыл мектебіне осыншама қыруар қаражат салу бюджетке салмақ түсіреді. Аймаққа қарасты ауылдарда 280-290 мектеп бар. Әрқайсысын жөндеуге 600 млн теңге кетсе, 180-200 млрд теңге қажет екен. Бізде мұндай қомақты қаржы жоқ, — деді Асайын Байханов. Сондай-ақ, ол аудандағы атқамінерлерден Жолболды ауылындағы бала санын арттыру үшін қандай қадамдар жасалатынын да сұрады. Аудан әкімі Қаршыға Арынов оңтүстік өңірлерден қоныстанушыларды тартып, соның есебінен бала саны 20-25-ке дейін артатынын жеткізді. Облыс әкімі ол үшін алдымен халықтың жақсы өмір сүруіне жағдай жасалуы керектігін айтты.
— Қалталы азаматтарды ауылды көркейтуге үлес қосуға шақырып, бос жұмыс орындарын ашу керек. Жер, су ресурстарын тиімді пайлалану қажет. Әйтпегенде, ауылдарға адамдар бармайды. Осы мәселемен айналысуды ауыл, аудан әкімдері қолға алсын. Ал «Ауыл — ел бесігі» жобасына бағытталған қаражаттың тиімді жұмсалуы қатаң қадағалануы қажет. Осы мәселені мәслихат депутаттарымен бірлесіп тағы да талқылайық. Өйткені, бұл — өте күрделі іс, — деді Асайын Байханов. Жиында өзге де өңірлерде қиындық туғызып отырған жобалар жайы сөз болып, тиісті тапсырмалар берілді.
Жұмыс кешігуде
Облыстағы бірқатар спорттық нысан-дардың жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімінен кешігуде. Бүгінде мұндай жағдай бірнеше өңірде орын алып отырған жайы бар. Осы мәселеге қатысты облыс әкіміне есеп берген Ақсу қаласының басшысы Нұрлан Дүйсембинов:
— Қазіргі таңда Алғабас, Пограничник, М.Омаров ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Бірақ Жолқұдық ауылында кемшіліктер бар. Бұған құрылысқа қажетті материалдардың дер кезінде жеткізілмеуі себеп болуда. Бұл мәселе бойынша мердігермен кездестім. Ол бір аптаның ішінде жөндеу жұмыстарын ширатуға уәде берді. Өз бақылауыма аламын, — деді. Алқалы жиында Павлодар қаласы аумағындағы Зеленая Роща демалыс орнында басталуы тиіс құрылыс жұмыс-тарының кешеуілдеп жатқаны да сөз болды. Шаһар басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, мұнда шаңғы жарысы мен биатлон секциясына арналған спорт залын салу жоспарланған. Енді ғана мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, мердігер фирма анықталған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Талап бойынша аталмыш нысан 7 айдың ішінде тапсырылуы тиіс. Алайда әлі «он екіде бір нұсқасы жоқ» спорт залы құрылысының қыс түскенге дейін дайын болатынына күдікпен қараған аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды сынға алды.
— Құрылысты биыл жыл соңына дейін аяқтауларыңыз керек. Үлгересіздер ме? Бұл жоба жылдың басында бекітіліп, қажетті қаражат бөлінді. Соған қарамастан, тамыз айында ғана мердігермен келісімшартқа отырып жатқандарыңыз жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағандығын көрсетеді. Соның салдарынан Зеленая рощадағы жоспарланған жұмыстар биыл қыс түскенге дейін аяқталмай қалуы мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан оны қатаң қадағалауды тапсырамын. Құрылыс сапасында да ешқандай кемшілік болмауы тиіс, — деді Асайын Байханов. Аймақ басшысы, сондай-ақ, өңірдегі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан өзге де спорттық мекемелердің барлығын күздің қара суығына қалдырмай бітіру керектігін қадап айтты. Аппарат отырысында аймақта бұқаралық спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыс барысы да баяндалды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Даур Ерғабұловтың айтуынша, бүгінде өңір тұрғындарының 37,4 пайызының ғана дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатыны анықталған. Басқарма басшысы бұл көрсеткішті кемінде 50 пайызға дейін жеткізу көзделіп отырғанын алға тартты.
— Осы мақсатта бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Ағымдағы жылы тұрғындардың 42 пайызын спорттық шаралармен жүйелі айналысуға тартуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, облыста бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы жұмыс істейді. Онда 145 спорт нұсқаушысы бар. Олар 10 аудандағы 100 ауылдық елді мекенде және қалалардың 3 ауылдық аймағында жұмыс жүргізуде. Биылғы 7 айдың ішінде орталық нұсқаушылары 6,3 мыңнан астам адамның қатысуымен 148 спорттық іс-шара ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Аrtsport» бағдарламасы да сәтті жүзеге асып жатыр. Павлодарлық 13 711 адам аталмыш бағдарламаның игілігін көруде, — деді Даур Қуатұлы. Сонымен қатар, ол осы жылдың соңына дейін 14 спорттық сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталуы керек екенін мәлімдеді.
Нұржайна ШОДЫР.
Сурет газет мұрағатынан алынды.