Он екі айдың сұлтаны, адамзат баласын жақсылық пен қайырымдылыққа шақырған қасиетті Рамазан айының басталуына да бірер апта қалды. Газетіміздің instagram-дағы ресми парақшасында кезекті «Тікелей желісін» өткізіп, барша мұсылман қауымына ортақ құлшылық айының ерекшелігі, сол айда жасауға болатын және болмайтын амалдар туралы әңгіме қозғадық. Эфир қонағы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілі, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы. Сұхбатымыздың жазбаша нұсқасын оқырмандарға да ұсынып отырмыз. Оқыңыз, ой түйіңіз!
— Ассалаумағалейкүм, Жолдас қажы. Келе жатқан қасиетті Рамазан айы баршамызға жақсылық пен құтбереке әкелсін! Биыл Рамазан оразасы қай күні басталады. Әңгімені осыдан бастасақ…
— Баршаңызға белгілі, мұсылман күнтізбесі әр жыл сайын 10-11 күнге алға жылжып отырады. Бұл айдың толуына байланысты болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен кесте бойынша биыл Ораза тұту 1 наурызда басталады деген шешім шығарылды. Бұл — бір. Екінші маңызды мәселе, бұл қасиетті айға деген дайындығымыз. Жалпы оразаға әркім әртүрлі дайындалады. Бір адам бір апта қалғанда дайындалса, енді бірі бірнеше ай бұрын әзірлікті бастап кетеді. Рамазан айы — мұсылмандардың тоғызыншы айы. Ал бұның алдындағы Ережеп пен Шағбан айын Рамазанға дайындық айы деп санаймыз. Яғни, адам баласы бір ай ораза тұтамын деп ниет қойып, оған жанымен, жүрегімен дайындалуы керек. Бұл жердегі ең маңыздысы – адамның рухани дайындығы. Ойы мен санасын тазартып, ақылын өзіне бағындырып, нәпсісімен күресіп, бойындағы және ойындағы барлық жаман әдеттерінен арылуы.
— Биылғы Рамазан айында жергілікті жамағатты қандай ерекшеліктер күтіп тұр? Қасиетті айға жергілікті мешіттер және ондағы дін қызметкерлері қалай дайындалып жатыр?
— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімі арнайы нұсқаулық әзірлеуде. Яғни, Рамазан айында қандай жұмыстар, іс-шаралар атқарылуы керек деген мәселе сол діни басқарма тарапынан бекітіледі. Ал жергілікті мешіттер Рамазанға дайындық шараларын бастап кетті. Бұл айда орталық мешітте жылдағы дәстүр бойынша күн сайын мұқтаж жандарға тегін ауызашар беріледі. Сонымен қатар, қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылады. Мысалы, бізде жауапты мамандардың қолында мұқтаж жандардың, жағдайы төмен отбасылардың тізімі бар. Сол тізім бойынша азық-түлік тарату жұмыстары жүргізіледі. Негізі ҚМДБ әр облысқа бір мың отбасына азық-түлік қорапшасын таратуды жүктеген болатын. Менің ойымша бір айдың ішінде одан да көп адамға қайырымдылық жасалады. Себебі, біз бұл жұмысты әрбір ауданға және ауылдарға бөліп тастадық. Яғни, тек облыс мешіттері ғана емес, аудандық, ауылдық мешіт қызметкерлері де белсенді қатысамыз деп отыр. Аудандық, ауылдық мешіттер де өздерінің жағдайына қарай түрлі шаралар ұйымдастыратын болады. Уағыз айтылады, имандылық сабақ-тары, әліппе сабақтары жүргізіледі. Баршаңызға белгілі, биыл Наурыз мерекесі осы Рамазан айында келеді. Осы мереке кезінде дастар-ханымызды барынша ұлттық тағамдармен толтыруға тырысамыз. Одан бөлек бөлмелерді, асханаларды ұлттық нақышта безендіріп, имандылықпен қатар халқымыздың салт-дәстүрін де қоса насихаттайтын боламыз.
— Рамазан айында Тарауық намазын оқу және хатым түсіру мәселесі қалай жүргізіледі? Биыл Тарауық намазын өткізуге шетелден қарилар келе ме?
— Рамазан айында жасалуы керек сауапты амалдардың бірі – Құран оқу және оны тыңдау. Себебі, Рамазанды Құран айы деп айтамыз. Егер адам өзі оқи алмаса, тыңдау арқылы жүрегін Құран нұрымен нұрландыруға болады. Ал Тарауық намазы облыстың барлық мешіттерінде оқытылады. Ал соның ішінде таңдаулы бірнеше мешітте хатым оқылады. Яғни, Рамазанның 30 күнінде оқылатын намазда Құранның 30 парасы оқылып, хатым дұғасы жасалады. Бұл — күніне бір пара Құран оқылды деген сөз. Егер сіз Тарауық намазына кешікпей келетін болсаңыз бірінші, жамағатпен намаз оқисыз, екінші, Құранның бір парасын тыңдап кетесіз. Одан бөлек жамағаттар арасында құрылған Құран топтары бар. Олар да күніне бір рет мешітке жиналып, Құранның бір парасын оқитын болады.
— Бұрнағы жылдары тарауық намазын өткізуге шетелден қарилар келетін еді…
— Биыл шетелден екі қари келеді. Оның бірі Түркиядан, екіншісі Арабиядан келеді деп күтілуде. Бұның барлығы ҚМДБ арқылы келісілуде. Павлодар қаласында барлығы жеті мешіт жұмыс істейді. Бүгінгі күнде алты мешітке тарауық намазын жүргізетін қари дайындалды. Рамазан деген кезде үш нәрсе ойымызға оралуы керек. Бірінші — ораза ұстау, екінші — Құран оқу, үшінші – қайырымдылық жасау. Қасиетті Құран аяттарының бірінде «Біз Рамазан айында Құран Кәрімді түсіре бастадық» дейді. Ал «Қадыр» сүресінде «Осы аяттарды түсіруді «Қадыр сүрісінен бастадық» делінген. Сондықтан, Құранға көп көңіл бөлу қажет. Егер оқу білмесеңіз, үйренуге ниет қойыңыз және әрекет етіңіз. Бұның өзі сауапты амалдар қатарында болады. Ал сауабына келер болсақ, басқа күндері әрбір қарпі үшін он сауап берілсе, Рамазан айында оқылатын құранның сауабы басқа күндермен салыстырғанда 700 есеге дейін көбейеді екен. Бұл — Алла Тағаланың адамзат баласына Рамазан айының құрметіне берген үлкен нығметі, сыйлығы, шарапаты. Әрине, қазіргі таңда адамдардың барлығы бірдей Құран оқи алмайды. Сондықтан, осы қасиетті айдың құрметіне үйренуге ниет етуіміз керек. Бұл қандай адамға да ерте де, кеш те болмайды. Ал Құранға деген махаббаты ашылған адам Алланы әрдайым еске алып, жаратушысымен бірге болады. Егер оқуға, үйренуге мүмкіншілігі болмаған адам тыңдауға да болады.
— Пітір садақа туралы әңгіме көп жүреді. Біреулер мешітке беру керек десе, енді біреулер жеке адамдардың, мұқтаж жандардың қолына тікелей бергеннің сауабы мол деп жатады…
— Иә, мешітке беруге болмайды деген әңгіменің бәрі — халықты мешіттен алыстату, діннен бездіру, имамнан қорқыту мақсатында айтылған сөздер. Егер адам мешітке
бергісі келмесе ешкім оған міндет-темейді. Пітір садақасын әркім өз жүрегі қалаған жерге бергені дұрыс. Бұл жерде мұндай үрейлі әңгіме айтып, халықты қорқытуға болмайды. Егер мешітке сеніп тапсыратын болсаңыздар, дін қызметкерлері ешқандай қателік жасамай, діттеген жерге жеткізеді. Осы ретте барша азаматтарды қайырымдылық, жақсылық жасауға шақырамын. Егер қайырымдылық жасағысы келетін адамдар мұқтаж жандарға өзіміз береміз дейтін болса біз тізімін қолына береміз, өздері таратып беруге де болады. Егер оған уақыты болмаса, мешіт қызметкерлері де үлестіріп беруге дайын.
Айкерім, Ақсу қаласы:
— Қадір түні қандай дұғалар жасағаны дұрыс?
— Пайғамбарымыз ең соңғы 10 күнінде мына дұғаны жасаған екен. «Я Алла, сен кешірімдісің, кешірімді жақсы көресің, сен жомартсың, жомарттықты жақсы көресің, менің біліп және білмей істеген күнәларымды кешір» деп дұға жасаған. Міне, осы дұғаларды көбірек айту керек. Сонымен қатар, Алланы мадақтайтын, мақтайтын, бір жаратушының ұлық екенін мойындайтын дұғаларды айтуға болады. Жалпы, Қадір түні Алладан не сұрасаңыз соның бәрі қабыл болады дейді, өз жүрегіңіздегіні сұраңыз. Кез келген тілегіңізді Алла қабыл етуі мүмкін. Егер дұғалардың араб тіліндегі нұсқаларын білмейтін болсаңыз, өз тіліңізде жасай беріңіз, өз тіліңізде сұраңыз. Алла білуші және қабыл етуші. Бұл жерде маңыздысы шынайы ниет болуы керек.
— Қазір ораза ұстаушылардың қатары көбейді. Бұл — бір жағынан қуантарлық жағдай. Дегенмен, жастар жағы бұл ғибадаттың маңыз-дылығын түсінбей, тек ермек үшін айналысып жүрген жоқ па деген ой келеді. Мұның соңы дініміздің қадірін кетіруі де мүмкін. Сіз не дейсіз?
— Ораза – парыз амал, балиғат жасына толған кез келген мұсылман адам Рамазан оразасын ұстауына міндетті. Сондықтан, біз жасы толған адамға: «Егер маңыздылығын түсінбесең, ораза ұстауға болмайды» деген шектеу қоя алмаймыз. Бұл — адам баласының өзінің жеке басының мәселесі.
— Мұны не үшін айтып отыр дейтін боларсыз. Кей-бір азаматтар оразаның бір айында ауыз бекітіп, өзін жақсы тәрбиелі адамдар санатынан көрсетіп, ораза аяқталғаннан кейін бұрынғы жағымсыз әдеттерін қайта бастап жатады…
— Дұрыс айтасыз. Ондай адамдарды жиі көреміз. Мысалы, бір ай бойы тарауық намазына келеді де, қалған он бір айда мешітке жоламайтындар бар. Жалпы, Рамазан адамға жақсы жағынан әсер етіп, оның мінез-құлқына, тілі мен тәрбиесіне оң өзгеріс әкелуі керек. Міне, отыз күн оразаның ғибраты осы жерде. Ал Рамазан айының оразасы кезінде адамдардың көзі үшін, сөзі үшін тақуа болып көрініп, одан кейін бұрынғы қалпына қайта түсетін болса, ұстаған оразасынан ешқандай пайда қалған жоқ деген сөз. Ол адамның аузы ораза тұтқан жоқ, тек белгілі бір уақытқа ішіп-жеуден ғана бас тартты деп білу керек. Бұл — өте өкінішті нәрсе. Асыл дінімізде дұғаның қабыл болуы, амалдардың сауапты болуы — ол үздіксіз жалғасуында.
— Оразаның шарты мен парыздарына тоқталсаңыз…
— Алдымен ораза кімге парыз деген сұраққа келсек, бірінші мұсылман болуы, екінші, ақыл-есінің дұрыс болуы, үшінші, балиғат жасына толған болуы керек. Сонымен қатар, мүсәпір болмауы, дені сау болуы маңызды. Адам баласы осы талаптарға сай болғанда ғана оразаның парыз үкімі жүктеледі. Дінімізде оразаның бірнеше түрі бар. Яғни, парыз, уәжіп және сүннет амалдар. Рамазан оразасы осының ішіндегі парыз амалға жатады. Ораза ұстаған жандар таң атқаннан күн батқанша мына үш нәрседен тыйылуы керек. Бұл — су ішу, тамақ жеу және үйленгендердің өзара жыныстық қарым-қатынасы. Бұл — оразаның парыз болған міндеттері. Сонымен қатар, ауыз бекіткен адам көзіне, құлағына, аузына және аяғы мен қолына да ие болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, тамақтан тыйылудан басқа осы аталған мүшелеріңіз де өзіне тән ораза ұстаса нұр үстіне нұр. Ал осының ішінде ең маңызды әрі құндысы – жүректің оразасы. Яғни, тек Алланың ризашылығы үшін деп шын жүрегіңізбен ниеттеніп, ораза тұту. Мысалы, кейбір жандар оразаның басқа бір пайдасын көздеп кетуі мүмкін.
Нұргүл, Павлодар:
— Ораза ұстаған қыз-келін-шектер орамал тағып жүру шарт па?
— Мысалы, ораза ұстау үшін намаз оқу шарт па деген сұрақтар жиі түсіп жатады. Бұл екеуі — екі бөлек амал. Егер, әлі намаз оқуды бастамаған болсаңыз да ораза ұстай беруге болады. Бұл да — сол секілді мәселе. Ораза ұстау және әурет жерін жабу — екі түрлі амал. Нақты шарт қойылмайды. Дегенмен, әйел адамдар барынша жабық киінгені абзал.
Әңгімеңізге рақмет!
«Тікелей желіні» жүргізген — Тілеуберді САХАБА.