Ораза парыз болған ай

Ақп 6, 2025

Ережеп, Шағбан және Рамазан. Бұл — Ислам күнтізбесінде бірінен кейін бірі келетін қасиетті ай атаулары. Дәл қазір осы айлардың ортаншысы — Шағбан айын өткізіп жатырмыз. Бұл — мұсылманша жыл санауы бойынша сегізінші ай, шариғат ұғымында алдағы қасиетті Рамазан айына дайындық айы болып саналады. Себебі, осы айда үш күннен нәпіл ораза ұстап, парыз оразаға дайындалуға болады.

Шариғатта Ережеп желге, Шағбан бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды деген ұғым бар. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады дейді. Сол себепті бұл айды барынша пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, дұға етіп, араздасқандар бір-бірімен жарасып, татуласуы керек. Қысқасы, Рамазан айына деген рухани дайындықты осы айдан бастаған ұтымды болмақ. Барша мұсылман қауымды Шағбан айының келуімен құттықтаған бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шағбан айында жасалған дұға кері қайтарылмайтынын
айтады.

— Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмметіне Шағбан айы кіргенде тазаланып, ниетімізді дұрыстауды өсиет еткен. Алла елшісінің тағы бір хадис-шарифінде айтылғандай, Шағбан айында жасалған дұға кері қайтарылмайды. Ендеше, шарапаты мол Шағбан айында шынайы ниетпен еліміз бен жеріміздің игілігі үшін көп дұға жасайық. Осы айда ниетімізді түзеп, мүмкіндігінше нәпіл ораза ұстап, дұға жасап, көп жақсылық жасауға тырысайық. Құран оқып, қиналған жандарға, науқастарға, қиындыққа тап болған мұсылмандарға Алладан жеңілдік, шипа тілейік, — деді Қазақстан  мұсыл-
мандары діни басқармасының төрағасы.

Павлодар қаласы Умар Фарух мешітінің бас имамы Ақтөре Әліпбайұлының айтуынша, Ережеп және Шағбан айының оразаларын ұстаған жамағатқа ауызашар беріліп, түрлі жұмыстар атқарылуда. Бұл ораза ұстау тек Рамазан айында ғана емес, басқа уақытта да маңызды екенін білдіреді. Сонымен қатар, Рамазан айына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Облыс орталығындағы бірнеше мешітте Құран хатым оқылады. Ол мешіттерде Тарауық намазын білікті қарилер жүргізетін болады.

Алланың Елшісі Мұхаммед Пайғамбар бір хадисінде: «Ережеп –
Алланың айы, Шағбан – менің айым,  Рамазан — үмметімнің айы» деген екен. «Шағбан — менің айым» дегені — бұл айда Пайғамбарға Алла тағала тарапынан  уахи келіп, Рамазан оразасы парыз етілген.

— Ислам тарихында Ережеп айы мен Шағбан айы көптеген ерекше оқиғалармен ерекшеленеді. Атап айтсақ, Ережеп айында бес уақыт намаз парыз болған болса, осы айда Пайғамбарымызға Алла тағаладан уахи түсіп, Рамазан айының парыз оразасы бекітілген екен. Яғни, оразаның парыз екен-дігін айқындайтын аяттар түскен.
Алланың Елшісі осы айда нәпіл оразаларын ұстап, Рамазанға дайындалған. Бұл туралы көптеген хадистер бар.

Тілеуберді САХАБА.