Павлодар облысында орман шаруашылығына жүргізілген рейд барысында 21 адам әртүрлі құқық бұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Шамиль Елубаев хабарлады.

Құқық бұзған азаматтар әкімшілік кодекстің 371, 382, 366-баптары бойынша жауапкершілікке тартылды. Жазаға тартылған азаматтарға айыппұл салынды. Олардың арасында Павлодар орман шаруашылығы басшысының орынбасары да бар. Ол мекемені өртке қауіпті маусымға дайындамағаны үшін жазаға тартылып, 55 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.

Жауапты маманның айтуынша, ерекше қорғалған орман алқаптары Май, Павлодар, Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл аудандары мен Ақсу, Павлодар, Екібастұз қалаларының аумағында орналасқан. Бірақ осы табиғи құндылықтарды қорғауға жауапты мамандардың өзі жауапсыздық танытып, жиі заң бұзады. Атап айтар болсақ, облыстық инспекция орманды қорғау мекемелерінде 19 тексеру жүргізіп, өз ісін толық орындамаған 21 адам жауапкершілікке тартылды.

– Былтыр өрт бойынша қауіпті кезең қазанда аяқталды. Орманшылықтың басшылығында наурызға дейін істен шыққан техниканы жаңартуға уақыты болды, алайда бұл жұмыстар жүргізілген жоқ. Тексерісті наурызда жүргіздік. Сол кезде жанар-жағармай материалдары болған жоқ және техникасы дайын болмады, – деп атап өтті Шамиль Елубаев.

Павлоlар облысы бойынша «Ертіс орманы резерваты», «Баянауыл» ұлттық табиғи паркі, «Қызылтау» қорығы, «Ертіс жайылмасы» қорығы аумақтарында аң аулауға түбегейлі тыйым салынған. Ал аңшыларға тек әкімшілік рұқсат берген жерлерге ғана шығуға болады. Оның өзінің талаптары бар. Мысалы, құзырлы мекемелер қанша құс атуға жолдама берсе, содан асырмауы қажет. Рұқсатта көрсетілген көлемнен асырып аң-құс ататындар болса, сол артық «олжасы» үшін айыппұл салынады.

Қарапайым тұрғындар үшін ерекше қорғалған табиғи аймақтарға заңды құжатсыз және төлемақысыз кіріп, қалаған жеріне қыдыруға тыйым салынады. Себебі6 ондай адамдарда ешқандай жауапкер-шілік болмайды. Біріншіден, түрлі қоқыстар лақтырып ластап кетсе, екіншіден ешқандай қауіпсіздікті сақтамай от жағады. Ал мұның соңы үлкен табиғи шығынға, тіпті қауіпті жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан орман арасына саяхатқа барушылар абай болғаны абзал, – дейді мамандар.

Инспекция өкілі орман заңын орманшылар да жиі бұзатынын айтады. Жыл басынан бері орман шаруашылығы қызметкерлерінің заңсыз ағаш кесу және басқа да жағдайлар бойынша 10 дерек тіркеліп, тәртіп бұзғандарға айыппұл салынған.

Тілеуберді САХАБА.