A helicopter drops water while battling the Oak Fire in Mariposa County, Calif., on Sunday, July 24, 2022. (AP Photo/Noah Berger)

Өткен жылмен салыстырғанда биыл облыс аумағында тіркелген орман өрттерінің саны 3,5 есе төмендеген. Мәселен, былтыр өңірге қарасты орман алқабында 99 өрт тіркелсе, ағымдағы жыл басынан бері осындай 28 оқиға орын алған. Бұл туралы кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, қазіргі таңда аймақтағы орман алқабын өрттен қорғауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

— Орман қорының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жақында ғана бір апта бойы облыста «Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Оған мобильдік топтар қатысып, 122 рейд өткізді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 11 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, мамандарымыз туристік базалар, қонақ үйлер, пансионаттар, демалыс үйлері, сауықтыру лагерьлері, балалардың жазғы демалыс орындары сынды мекемелерге барып, ондағы қызметкерлермен кездесті. Оларға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша 41 ұсыныс берілді, — деді Қайрат Шаймарденов. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде облыста орман өрті 3,5 есе төмендеген. Сонымен қатар, тілсіз жаудың салдарынан болатын материалдық залал көлемі де 98 пайызға азайған. Айталық, былтыр шыққан шығын көлемі 34 миллион теңгеден асса, биыл небары 690 мың теңгені құраған.

Жалпы, күн жылынып, қауіпті кезең басталғалы облыстың орманды дала алқаптарында 1 152 рейдтік іс-шара өткізіліп, ереже бұзған 176 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша 10 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Спикердің айтуынша, мемлекеттік өртке қарсы қызмет мамандары табиғатты қорғау және орман мекемелерімен, аудан әкімдіктерімен бірлесіп 32 оқу-жаттығу шарасын өткізген. Елді мекендерде, орманды дала алқаптарында, автомобиль және темір жол бойында 11 мыңнан астам шақырымға минералдандырылған жолақтар орнатылған. Бастысы, бүгінде орманды өрттен қорғау жұмыстары әрдайым облыстық төтенше жағдайлар департаментінің назарында екені айтылды. Сондай-ақ, Қайрат Шаймарденов әзірге қиындықтар да жоқ екенін тілге тиек етіп, жыл сайын өрт сөндіру саласының материалдық-техникалық жағдайы жақсарып келе жатқанын атап өтті.

Айта кетерлігі, бұрын облысымызда орман өртінен бөлек, шабындық жерлердің өртке орану оқиғасы да орын алған болатын. Осындай жағдайға жол бермес үшін атқарылып жатқан жұмыс барысын баяндаған облыстық төтенше жағдай департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Оразбек Уәлиханов:

— Қазіргі таңда әр ауданда төтенше жағдай қызметінің мамандары мен жергілікті полиция өкілдері бірлесіп, шабындық алқаптарында рейд жүргізуде. Шаруаларға қауіпсіздік талаптарын сақтау керектігін түсіндіруде. Шөп шабатын техникаларда өрт сөндіруге арналған құралдар болуы тиіс. Бұл талаптардың бәрі үнемі қадағалануда. Биыл шабындық жерлерде өрт тіркелген жоқ, — деді. Сондай-ақ, ол жыл басынан бері өңірімізде 12 дала өрті болғанын мәлім етті.

Нұржайна ШОДЫР.