«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты отқа оранып, төтеншеліктерді аяғынан тік тұрғызды. Қызыл жалын 850 гектар жерге жайылып, көрші өңірлерден қосымша күш тартылды. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен облыс әкімі Асайын Байхановтың жетекшілігімен арнайы штаб құрылып, өртті сөндірудің амалдары жүзеге асты. Өрт сөндірушілердің табандылығы нәтижесінде өрт ошақтары толығымен оқшауланып, бүгінде шығын көлемі анықталып жатыр.
Шарбақты ауданында орналасқан табиғи орман резерваты найзағайдың әсерінен «отқа оранды» деген хабар 15 шілдеде тарады. Әсіресе, Бауыртал орман шаруашылығындағы ахуал күрделене түскен. Өрт Сідікащы және Сүгір елді мекендерін айналып өтіп, Ресейдің Алтай өлкесі аумағына қарай бет алған. Желдің көтерілуі салдарынан кешке қызыл жалын
400 гектарға дейін аумаққа жайылып үлгерді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары Сүгір ауылының 26 тұрғынын Шалдай ауылына көшірді. Өрттің күш алғаны соншалық, көрші аймақтардан қосымша күш тартылды. Өрт сөндіруге жеке құрамнан 350-ден астам адам, 102 техника жұмылдырылды. Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен қатар, министрлік мамандары мен Астана қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының өрт сөндірушілері өртті ауыздықтауға үлес қосты. Аталған аймақтардан да арнайы техникалар тартылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Дағдарыс жағдайларында басқару орталығы кезекші бөлімінің бастығы Эльдор Райымбеков мәлімдеді.
– Павлодар облысындағы өртке байланысты жедел штаб құрылып, өзге аймақтардан мамандар мен техника тартылып жатыр. Жедел штабта келіп түскен соңғы ақпаратқа талдау жасалады. Өрттің аумағы 850 гектарды құрап отыр. Тілсіз жаумен күреске Астана қаласынан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облысынан қосымша күш жұмылдырылды, – деді Эльдор Райымбеков. 16 шілде таңғы сағат 5.13-те Семей қаласынан Қорғаныс Министрлігінің Ми-17, Ми-171 ұшақтары келді. Сондай-ақ МИ-8 және ТЖМ Еврокоптер аспаннан өртті сөндіруге жұмылдырылды. Сағат 7.30-да Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен облыс әкімі Асайын Байхановтың орман шаруашылығы аумағын әуеден бақылады. Арнайы штабта өртті ауыздықтау бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізіліп, жедел әрекет жоспары түзілді. Әсіресе, жұмылдырылған ресурс-тармен өртті қайта болдырмау мақсатында өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасты. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов оқиға орнынан мәлімдеме жасады.
– Қазір жаңа күш келді, жағдайды толық бақылауға аламыз. Өрттің ошақтары контур бойынша сөндіріледі. Авиация таңертеңнен дайын тұр. Тікұшақ ірі өрт ошақтарын сөндіруге жұмылдырылады. Тікұшақ іркіліссіз жұмыс істеуі үшін облыс әкімінің шешімімен жанар-жағармай бекеті ұйымдастырылды. Сол арқылы уақыт үнемделеді, тиісінше тікұшақ суды молырақ шашады. Жалпы, жағдай — бақылауда, – деді министр. Өртті сөндіруде авиацияның көмегі орасан екені түсінікті. Мәселен, бір тәулік ішінде өрт ошақтарына әуеден 22 рет жалпы көлемі 66 текше метр су төгілгенін атап өткен жөн. Павлодар облысы әкімдігі баспасөз қызметі хабарлағандай, 16 шілде күні сағат 14.00-де «Ертіс орманы» табиғи резерватының аумағында орын алған өрт оқшауланды. Табиғи өрттің ауданы шамамен 850 гектарды құрады. Бүгінде шығын көлемін анықтау жұмыс-тары басталып кетті. Облыс әкімі Асайын Байханов қызыл жалынды сөндіруге атсалысқан орманшылар мен өрт сөндірушілерге алғысын білдірді.
– Барлық өрт ошағы тексерілген соң бірнеше күннің ішінде тілсіз жау толығымен сөндіріледі. Қазіргі уақытта өрт оқшауланды. Табиғи апатқа қарсы күреске қатысқан барлық маманға ризашылығымызды білдіреміз, – деді аймақ басшысы. Естеріңізге сала кетсек, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарынан, оның ішінде 16 орманшылықтан тұрады. Жалпы аумағы 277 мың 961 гектарға тең. 2003 жылы резерват аумағында өсімдіктердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде флораның алуандығы кеңейіп, былтырға дейін 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң, соның ішінде шамамен 190 бұлан орманды мекен етеді. Былтыр Қостанай облысында орын алған алапат өрттен кейін Үкімет құзырлы органдарға тапсырма беріп, орман өртінің алдын алу тетіктерін пысықтауды міндеттеген еді. Абай облысындағы қайғылы жағдай да көпшілікке сабақ болуы керек. «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында «биыл орман өрті қайталанбайды» дегенге кепілдік жоқ. Бұл ретте, орман шаруашылығы мамандары мен төтеншеліктер кез келген оқыс жағдайға дайын болуы тиіс.
Оралхан ҚОЖАНОВ.