18 қазан күні елімізде Рухани келісім күні аталып өтті. Бұл күн – адамдарды ұлты мен діни сеніміне қарамастан бір қоғамға біріктіретін тұрақтылық пен келісім күні болып саналады. Аталмыш мерекенің аталып өтуі мемлекетімізде бірлік пен татулық, ауызбіршілік пен сыйластық орнату үшін маңызды.

 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз жиыны барысында облыстық дін істері басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов айтып берді.

— Бүгінде зайырлы еліміз — полиэтникалық және көп конфессиялы мемлекет. Қазақстанда бірегей көп конфессиялы саналуандылық қалыптасты. Бұл түрлі дін өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп, бейбітшілікте ғұмыр кешуге ықпал етуде. Қазіргі уақытта Павлодар облысында 166 діни қауым тіркелген. Олардың құрамында 13 конфессия бар. Конфессия ішіне діни бірлестіктерге ие ұйымдар кіреді. Нақтырақ айтқанда, 108 — ислам, 25 – православ, 8 – католик, 7 — елулік, 4 – Жетінші күн Адвентистері, 3 – Иегов куәгерлері, 3 – Евангель христиан-баптистер, 2 – пресвитериандық, 2 – методистік, 1 – Кришна санасы, 1 – Евангель-Лютеран, 1 – Новопостольдік және 1 – Иудей діни қауымы, — деді Б.Қаппасов. Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас Бертімұратов бүгінгі таңда дін ұстанушылардың тура жолды таңдауда қателесуге болмайтынын айтып, исламдағы жат ағымдардың мәселелерін түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстанда Ханафи мәзһабын-дағы ислам діні көне заманнан бері қабылданып келеді.

— Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен оның облыстық филиалының негізгі бағыттарының бірі – қазақтың дәстүрлі құндылықтарын, зайыр-лылық, конфессияаралық келісім және қазақ халқының бірлігін насихаттау. Ислам діні мемлекет пен қоғамда тыныштық орнап, әділдік болуын мақсат етеді. Қоғамда әр түрлі ұлт пен ұлыс, түрлі дін өкілдері аралас өмір сүретіндіктен солардың барлығына жақсы қарау, тату тұру – бұл Жаратушының бізден талап ететін қағидаттарының бірі. Міне, исламның ұстанымы осы. Адам баласы қай дінде болса да, ол ең бірінші адам екенін ұмытпаған жөн, — деді имам.

А.МҰҚЫШЕВ.