Отбасына сәби үнін сыйлады

Ақп 12, 2026

Осыдан тура бір жыл бұрын Павлодар қаласында «Экомед» клиникасының филиалы ашылды. Елімізге танымал емдеу мекемесі шыр еткенге зар болып жүрген талай отбасын бақытқа бөлеу жолында еңбек етуде. Бірегей медициналық мекеменің облыс орталығында жұмыс бастауының өзі талай жұпқа үміт пен қуаныш сыйлағаны — ақиқат. Экстракорпоралды ұрықтандыру әдісімен ата-ана атанған жерлестеріміз бар ма? Бір жылда не тыңдырылды? ЭКҰ әдісінің ерекшелігі неде? Осы орайда, «Экомед – Павлодар» клиникасының репродуктолог дәрігері Дария Исмурзиновамен тілдескен болатынбыз.

— Дария Аманқұлқызы, жұмыс уақытыңыздың тығыз екеніне қарамастан, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс айтамын. «Экомед-Павлодар» клиникасы 2025 жылдың желтоқсан айында ашылды. Бір жылдың ішінде қабылдауыңызға қанша ерлі-зайыпты келді?

— Бір жылдың ішінде клиникада көп жұмыс атқарылды. Осы уақыт аралығында 350-ден астам жұп репродуктологтың көмегіне жүгінді. Әр отбасыға денсаулық жағдайына байланысты жеке ем жоспары бекітілді. Филиал ашылғалы 49 әйел
жүктілік бойынша тіркеуде тұрған емханаға есепке алынды. Болашақ аналардың ішінде егіз күтіп жүргендер де бар. Ең қуантарлығы, клиника ашылғалы 11 ұл мен 9 қыз бала өмірге келді. 2025 жылы Павлодар облысы бойынша 47 жұп «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысып, біздің клиниканы таңдады.

— Қабылдауыңызға келген әйелдердің ішінде ЭКҰ әдісіне қатыспай-ақ ана бақытына бөленгендер бар ма?

— Әрине. Қабылдауға келген әр жұпты толық тексеруден өткізгеннен кейін ғана ЭКҰ бағдарламасын ұсынамыз. Денсаулығында табиғи жолмен бала көтеруде кінәрат табылмаған отбасыға ем-шара тағайындаймыз. Менің тәжірибемде қажетті емнен кейін табиғи жолмен сәби көтерген аналар бар.

— Клиниканың «Инстаграм-дағы» парақшасынан сіздің аудандарды аралап, қабыл-даулар өткізіп жүргеніңізді көрдім. Мұндай іссапарлардың мақсаты не?

— Иә, аудандарға іссапарға шығып жүргеніміз рас. Мұндағы мақсат – облыс орталығына қатынай алмай, шалғай ауылдарда тұратын ерлі-зайыптыларға репродуктологтың кеңесін ұсыну. Кейбір жұптар жұмыстан босай алмайды. Тіпті, Павлодар қаласында «Экомед» клиникасының филиалы барын білмейтін тұрғындар бар. Бала сүюді армандап жүрген отбасыларды қабылдап, қажетті кеңес бердік. Мұндай қабылдаулар әлі жалғасады.

— «Экомед-Павлодар» клини-касында ерлі-зайыптылар үшін қандай емдеу шаралары жүргізіледі? ЭКҰ әдісі жасала ма?

— Павлодардағы клиника немен айналысатынына тоқталмас бұрын ЭКҰ әдісі қалай жасалатынын айтып өтсем… Табиғи жолмен балалы бола алмаған жұп ЭКҰ әдісіне жүгінген сәтте ең алдымен медициналық тексеруден өтеді. Ер азамат пен әйелдің денсаулығы толық тексеріледі.  Егер ерлі-зайыптыларда аталық, аналық ұрықтың сапасы жағынан қандай да бір кінәрат болса, онда емделуге тура келеді. Әуелі стимуляция шарасы басталады. Яғни, аналық ұрықты шығаратын фолликула жасушасын өсіру үшін әйелге гормондық дәрілер беріледі. Одан кейін ультрадыбыстық зерттеу құрылғысы арқылы фолликуланың өсу көрсеткіші бақыланып, ең үлкен доминанттық фолликул 18-20 мм-ге жеткен кезде тағы да гормондық екпе салынады. Осыдан кейін пункция әдісі басталады. Жіңішке ине арқылы әйел жатырындағы фолликулалардағы сұйықтық сорғызылып алынады. Бір алғанда бірнеше ұрық алынуы тиіс. Себебі, әйелдің де, еркектің де ұрығының бәрі бірдей жарамды бола бермейді. Солардың ішіндегі ең сапалысы, өміршеңі инкубаторға апарып салынады. Сосын 3-5 күн ішінде эмбрион түзіледі де ананың жатырына салынады.

Павлодардағы Экомед клини-касы осы пункция әдісіне дейінгі шараны толық жүргізеді. Аналық жасуша қажетті мөлшерге жеткеннен кейін емделушілерді облысқа  жақын орналасқан Астанадағы клиникаға жібереміз. Елордадағы мамандар пункция әдісін жүргізіп, түзілген эмбрионды әйелдің жатырына салады. Жүктілік басталғанда болашақ ана біздің бақылауымызда болады.

— Өкінішке қарай, қоғамда отбасы құрғандар арасында сәбилі болу мәселесі көбейіп кетті. Бұл жағдайды немен байланыстыруға болады?

— Рас айтасыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, бедеулік мәселесі ерлі-зайыптылардың шамамен 15–20 пайызында кездеседі, яғни әрбір бесінші отбасы бала сүйе алмайды. Бұл  жағдайға бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, соңғы жылдары жастар отбасын кеш құрады, сәйкесінше баланы да кеш жоспарлайды. Ал жас ұлғайған сайын әйелдерде де, ерлерде де репродуктивтік әлеуеттің төмендейтіні белгілі. Екіншіден, гормоналдық бұзылыстар, гинекологиялық және урологиялық аурулар, созылмалы қабыну үдерістері мен инфекциялар да әсер етеді. Сонымен қатар, күйзелістің, экологиялық қолайсыз факторлардың, өмір салтының, бұрын жасалған операциялар мен соматикалық аурулардың ықпалын да жоққа шығаруға болмайды. Бедеуліктің себептері көбіне ерлі-зайыптының екеуінен де анықталатынын ескеру маңызды. Сондықтан медициналық тексеру әрдайым кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Мамандарға дер кезінде жүгіну көп жағдайда нақты себепті анықтауға және тиімді емдеу тәсілін таңдауға мүмкіндік береді.

— Осы ретте тағы бір сұрақ туындайды. Үйленген жұп табиғи жолмен бала көтере алмаса, неше жылдан кейін репродуктологтың қабыл-дауына жазылуы керек?

— Егер бір жылдың ішінде табиғи жолмен жүктілік болмаса, репродуктологтың көмегіне жүгінуге кеңес беремін. Көп жағдайда отбасылар уақыт жоғалтып алады. Ал 35 жастан асқан әйелдер 6 айдың ішінде бала сүйе алмаса, репродуктологтың қабылдауына келуі керек. Жоғарыда айтқанымдай, жас ұлғайған сайын үміт те азаяды. Сондықтан уақытылы дәрігерге қаранып, қажетті емді бастаған жөн.

— Бедеулік мәселесінде әйелдер мен ерлер арасында жиі кездесетін ауруларға тоқталып өтсеңіз…

— Әйелдер мен ерлер арасында бедеулікке түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Қыз-келіншектерде аналық ұрықтың жұмысында кінәрат көп кездеседі. Эндометриоз, жатырдың қабынуы, жатыр түтікшесінің бітелуі сынды жағдайлар жүктілік болдырмайды. Ер азаматтарда гормондық бұзылыстар, түрлі қабыну жағдайлары табиғи жолмен бала сүюге жол бермейді.

— Қазір қоғамда суррогат ана мәселесі жиі талқыланады. Павлодар облысында бала сүюде  суррогат ананың көмегіне жүгінген ерлі-зайыптылар бар ма?

— Иә, бар. Суррогат ананың көмегімен балалы болғандар және сәбидің дүниеге келуін күтіп жүрген жұптар бар. Суррогат ана мәселесіне қорқынышпен қараудың қажеті жоқ. Себебі, отбасын құрған ерлі-зайыпты балалы болу үшін түрлі сынақтан өтеді. Бұл да — сәбилі болудың бір жолы. Суррогат ананың мәселесі заңгердің көме-
гімен реттелетінін еске саламын. Бұл қызмет тек заң аясында көрсетіледі. Өйткені, Қазақстанда суррогат ана болу заңнамалық тұрғыда рұқсат етілген. Бұл шара  «Неке және отбасы туралы» кодексі, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің талаптарымен реттеледі. Суррогат ана — ерлі-зайыптымен нотариалды түрде рәсімделген шарт негізінде өзге  отбасы үшін баланы дүниеге әкелетін әйел. Заңға сәйкес, суррогат ана бағдарламасына тек некеде тұрған және медициналық көрсеткіштері бар, яғни жүктілікті өз бетінше көтеріп, босана алмайтыны ресми түрде расталған жұптар ғана қатыса алады. Жалғызбасты адамдардың мұндай бағдарламаға қатысуына жол берілмейді. Суррогат анаға да талаптар қойылады. Бұл ретте оның жасы 20 мен 35 аралығында болуы тиіс, физикалық, психикалық және репродуктивтік тұрғыдан сау болуы шарт. Оның кемінде бір дені сау баласы болуы қажет. Ал егер ол некеде тұрса, жұбайының нотариалды куәландырылған келісімі керек. Бала дүниеге келген сәттен бастап тапсырыс беруші ерлі-зайыптылар оның заңды ата-анасы болып танылады. Олардың есімдері туу туралы куәлікке енгізіледі, ал суррогат ананың балаға қатысты ата-ана ретінде  құқығы болмайды.

ЭКҰ әдісіне жүгінген әйел  неше айдың ішінде жүктілікке қол жеткізеді?

— Дәрігер қабылдауына келген уақыттан бастап жүкті болуға дейінгі аралық кем дегенде 2-3 айға созылуы мүмкін. ЭКҰ әдісінің тез өтуіне ерлі-зайыптылардың дайындығы, медициналық сарап-тамаларды толық тапсыру уақыты әсер етеді. ЭКҰ әдісі бірнеше кезеңнен тұрады. Жоғарыда айтып өткенімдей, аналық ұрықта фолликул жасушасын өсіру үшін әйелге гормондық дәрілер беріледі. Фолликулдар белгілі бір мөлшерге жеткеннен кейін пункция әдісі жүргізіліп, эмбрион қалыптасады. Кейін дайын эмбрион жатырға салынады. Кейбір жағдайларда пункция әдісі мен эмбрионды жатырға салу шарасы бір ай ішінде жүргізіледі. Кейбір әйелдердің денсаулығы эмбрион тасымалын жүргізбес бұрын  отаны қажет етеді. Бұл ретте жұптардың денсаулығы тыңғылықты тексеріледі.

Маман ретінде жұптарға, жас отбасыларға айтар кеңесім бар. Бала сүю жолында түрлі сынақтан өтіп келе жатқан отбасылардан үміт үзбеуді сұраймын. Мұндай қиын кезеңде ерлі-зайыптылардың бір-бірін қолдауы маңызды. Болашағына сене білген жұптар міндетті түрде ата-ана атана алады. Сенімді жоғалтпайық!

— Дария Аманқұлқызы, ЭКҰ әдісіне қатысты сұрақтарға толымды жауап бергеніңіз үшін рақмет! Сәби үнін аңсап жүрген отбасыларды бақытқа бөлей беріңіз!

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.