Отын қоры жеткілікті ме?

Қаз 16, 2025

Өткен демалыс күндері бір-ақ түнде қар жауып, айналаны аппақ ұлпа басты. Коммуналдық қызметтер қала көшелері мен аулаларын тазартуға кіріссе, дөңгелек ауыстыру, қысқы киім сататын дүкендерде ұзын-сонар кезек пайда болды. Ал көмір саудалайтын орындардағы жағдай қалай? Өңірде қатты отынның қоры жеткілікті ме?

Күз келсе болғаны, ауылдағы ағайын көмір сатып алу мәселесіне бас қатыратыны белгілі. Бұл жайт қалалық жерлерде жеке үйде тұратын көпшілікті де алаңдататыны рас. Олай дейтініміз, жыл сайын қатты отын бағасы құбылып тұрады. «Биылғы баға қалай болар екен?» деген сауалдың маза бермейтіні де сондықтан. Бір жылда көмірдің бағасы кемінде 500 теңгеге, тіпті 2-3 мың теңгеге дейін қымбаттайтынын көз көріп жүр. Бұған не себеп?

Айталық, Май ауданының тұрғындары «Майкөбе» көмірінің бір тоннасын 22-23 мың теңгеге алуға мәжбүр. Былтырғы баға 21-22 мың теңге аралығында болатын. Мұндай сомада сатылатын қатты отынның бірнеше тоннасын бірден алу ауылдықтарға айтарлықтай салмақ салады.

— Ауданымызда көмірдің бір тоннасының бағасы 22 мың теңгеден басталып, 26 мың теңгеге дейін жетеді. Қыстан қысылмай шығып, үйімізді жып-жылы ұстау үшін көктемге дейін 8 мың тонна көмір алуымыз керек. Оған қоса, бір текше метрі 12-13 мың теңге болатын ағаш сатып алуымыз қажет. Енді есептей беріңіз. Бір қыстың өзінде отынға 200 мың теңгеден астам сома жұмсалады. Мұндай сома бәрінде бірдей бола бермейді. Сондықтан көмірді тек бір айға алуға тура келеді. Бұл ретте жергілікті билік алыпсатарлардың ісіне баса мән берсе екен дейміз. Жол шығынын есепке алғанның өзінде кеніштен анағұрлым арзанға алған отынды ауылдарда екі-үш есе қымбатқа сату жөнсіз деп ойлаймыз. Бұл – қалтаны қағудың нағыз әре-кеті, — дейді аудан тұрғыны Бауыржан Ислямов.

Иә, көмір тасымалдаушылар бағаны ауылдың қашықтығына, көмірдің сұрпына қарай белгілейді. Айталық, облыс орталығына жақын орналасқан Алғабас ауылында бір тонна отынның бағасы – 16 500 теңге. Ал Ақтоғай ауданында 23 мың теңге. Жүк көлігі 100 шақырымға жетер-жетпес қашықтық үшін 7 мың теңге қосады. Бірақ олардың әрекеттері мемлекет тарапынан реттеліп, бақыланбайды. Себебі, көмір бағасы шектелуі тиіс өнімдер санатына жатпайды. Демек, делдалдар бағаны өз еркі бойынша белгілейді.

Бұл ретте көмір сату орындарының өкілдері отынның өзіндік бағасы бірнеше негізден құралатынын алға тартады. Өңірдегі 80-нен астам ірі кәсіпорынды, мектеп, балабақша сынды бірқатар әлеуметтік нысанды отынмен қамтамасыз етіп отырған «Айдабол» ЖШС директоры Айбек Арыновтың айтуынша, бағаның өсуіне бірнеше себеп бар.

— Байқасаңыз, соңғы бір-екі ай дересінде дизель отынының бағасы 30 теңгеге қымбаттады. Сол сияқты теміржол арқылы кеніштен көмір жеткізу қызметінің бағасы өсті. Ақылы жол үшін де төлеу керек. Заңды тұлға ретінде салықтар, басқа да міндетті төлемдер аударамыз. Осы және өзге де негіздердің барлығын есепке алып, көмірдің бір тоннасының бағасы белгіленеді, — дейді ол.

Аталмыш нарықта бірнеше жыл бойы кәсібін дөңгелетіп отырған Айбек Бағдатұлы тұрғындарға ерте кезден қамдануға кеңес береді. Көктемде бір-екі тонна көмір алып қойған тұрғындар жаз бойы оны монша жағуда пайдаланса, күзде ерте түсетін қара суық кезінде үйді жылытуға жұмсайды. Сол кезде көмір сату орындарында да кезек күтпейді.

Ал «А-Вест Павлодар» ЖШС өкілі Наталья Асланбекованың сөзінше, бүгінде қатты отын саудалайтын орындарда осыдан төрт жыл бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ. Оның бірден-бір себебі – кей тұрғындардың электр қазандықтарды пайдалануы.

— Қазіргі таңда қорымызда екі мың тоннаға жуық көмір бар. Күніне 10-15 көлік келіп, қажетті көлемдегі отынды алады. Әсіресе, «Майкөбе» көмірінің сұрыпталған түрін тұтынушылар көп. «Шұбаркөл» көміріне сұраныс жоғары болғанымен, біздің облыста отынның бұл түрінің көлемі аз. Сәйкесінше, бағасы да жоғары. Бүгінде тұрғындардың көпшілігі ұзақ жанатын пеш, электр қазандықтар орнатып жатқандықтан, қатты отынды сатып алу көлемі біршама азайғанға ұқсайды, — дейді Н.Асланбекова.

Жалпы, облыс орталығында «Майкөбе» көмірінің бір тоннасы 14-16 мың теңге, «Сарыкөлдің» қоңыр көмірі 13-15 мың теңге, Екібастұздағы «Богатырь Көмір» кенішінен шыққан отынның тоннасы 12-14 мың теңге, «Қаражыраның» тас көмірі 16-18 мың теңгеге және «Шұбаркөл» сұрпы 24-26 мың теңге тұрады. Ауылдың шалғайлығына қарай бұл баға өсе береді.

— Облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасы жыл сайын өңірдегі «Богатырь Көмір» ЖШС және «Майкөбен-Вест» АҚ-мен бірлесіп меморандум жасайды. Бұл құжат қатты отынның бағасын тұрақтандырып, облыстағы коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларды көмірмен қамтамасыз етуге бағытталған. Сол арқылы отын тапшылығының алдын алу көзделген, — деп мәлімдеді басқарма өкілдері.

Айта кетейік, 2025-2026 жылғы жылыту маусымында облысымызға барлығы 651 мың тонна отын керек. Оның ішінде 240 мың тоннасы бюджеттік ұйымдарды, 411 мың тонна тұрғындардың үйлерін жылытуға қажет.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.