Оқушы тамағы талапқа сай ма?

Мам 15, 2025

Елдегі кейбір мектеп асханаларындағы тамақ сапасының сын көтермейтіні және санитарлық талаптардың сақталмайтыны жайлы жағымсыз пікірлер жиі айтылуда. Соның салдарынан балалар арасында асқазан-ішек аурулары көбейіп, семіздік дертінің дендеп бара жатқаны байқалады. Бұл мәселені шешу мақсатында қазақстандық оқушыларды тамақтандырудың жаңа стандарты әзірленді. Аталмыш құжат осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, яғни алдағы жаңа оқу жылында күшіне енеді деп жоспарлануда.

Сонымен, сапасыз тамақтың салдары қандай болды? Жаңа стандарттан не күтеміз? Болашақта қандай көрсеткішке жету көзделуде?

Сапасыз астың салдары

Шыны керек, көптеген ата-ана мектеп тамағының сапасына көңілі толмайтынын айтады. Бірі тамақ дәмсіз, нәрсіз десе, енді бірі бала саны көп мектептердегі оқушылар суып қалған тамақ ішетінін, оның бойға қонбайтынын алға тартып шағымдануда. Павлодар қаласының тұрғыны Света Байжігіт ұрпағының болашағы үшін алаңдайтынын жеткізді.

— Төрт немерем де — оқушы. Отбасы жағдайына байланысты оларға тегін тамақ беріледі. Бірақ кей күндері мектеп асханасындағы тамақты жей алмағандарын айтып, аш келеді. Себебін сұрасам, «дәмсіз» дейді. Бір күні әдейілеп асханадағы жағдаймен танысайын деп мектепке барып едім, ішке қарай кіргізбей қойды. Соған қарағанда, бір гәп бар ма деп ойладым. Балаларымның қарны ашқаны ештеңе етпес, денсаулықтары үшін алаңдаймын. Жауапты мекемелер оқушыларға берілетін тамақтың сапасын үздіксіз қадағалап отырса екен деген тілегім бар, — дейді. Ал білім беру саласының өкілдері мектеп асханаларын кәсіпкерлер жалға алатындықтан, олардың ішкі шаруасына араласуға құқықтары жоқ екенін алға тартады. Алайда білім ордаларының асханаларына қожалық еткен кәсіпкерлердің қай-қайсысы да өздеріне шаң жуытпайды. Олардың айтуларынша, тамақ сапасы талапқа сай көрінеді.

Диетолог мамандар мектепте берілетін тамақтың құнарлылығына қатысты мәселе бар екенін айтуда. Бірақ оны қатаң қадағалап жатқан жандар жоқтың қасы. Айталық, бастауыш сыныптағы оқушылардың (7-10 жастағылар) тамақ рационының құнарлылығы тәулігіне 2000 килокалория, ал 13-14 жастағылар тәулігіне 2000-2750, 14-17 жас шамасындағылар 2500-3000 килокалориясы бар тамақ ішуі қажет екен. Демек, ол үшін күніне бірнеше рет ыстық тамақ беріліп, ас мәзірінде түрлі дәрумендерге бай көкөністерден жасалған салаттар болуы тиіс. Мамандар қарапайым мектептерде бұл норма сақталмайды деген пікірде. Соның салдарынан бүгінде мектеп оқушыларының арасында денсаулығы сыр берген бала саны артқан. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тексеру нәтижелері бойынша оқушылардың 25-30 пайызы асқазан-ішек жолдары ауруларынан зардап шегетіні анықталған. Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларының 23 пайызы семіздік дертіне шалдыққан. Мұның басты себебі — дұрыс тамақтанбау, дейді дәрігерлер.

Жаңа стандарт не береді?

Қазақстандық мектептерде тегін тамақтанатын 1,7 миллион оқушыны сапалы ас-ауқатпен қамтамасыз ету керектігін тапсырған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

— Біз мектеп оқушыларын күмәнді сападағы арзан өнімдермен тамақтандыра алмаймыз. Балалардың тамақтануының халықаралық стандарттарына ұмтылу керек, бұл жас ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер етеді, — деді. Бұдан кейін іске кіріскен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мектептегі тамақтану реформасын өзгертуге бел буды. Сөйтіп, жақында жаңа стандарт бекітілді.

— Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен, бейінді отандық және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, ғылыми деректер мен халықаралық ұсынымдардың негізінде мектепте тамақтанудың жаңа стандартын әзірледі. Ол 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап елдің барлық білім беру ұйымында күшіне енеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары біз балалардағы семіздік, II типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, тісжегі және аллергия жағдайларының өсуін байқадық. Бұл көбінесе теңгерімсіз және зиянды диетаға байланысты, — деді министр Ақмарал Әлназарова. Сондай-ақ, ол мектептегі тамақтану реформасы министрліктің басты міндеттерінің бірі екенін де жеткізді. Оның айтуынша, көп кешікпей мектеп асханаларына жаңа стандарт енгізілгеннен кейін бірқатар жақсы көрсеткіштерге қол жетеді деп болжануда. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, алдағы уақытта сараптамалық бағалаулар бойынша балалардағы семіздік деңгейін 10-15%-ға төмендету, II типті қант диабеті жағдайларын 10-20%-ға, артериялық гипертензияны 8-18%-ға, басқа созылмалы ауруларды 5-15%-ға дейін азайтып, оқушылардың зейіні мен үлгерімін арттыру көзделуде.

— Диетаны жаңартумен қатар, біз мектеп асханаларының тамақтану қауіпсіздігі мен санитариялық жағдайын бақылауды күшейтеміз. Мемлекеттік бақылауға жаңа тәсілдер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, тексерулер туралы алдын ала хабарлаудан бас тарту, тұрақты мониторингтік сапарлар жүйесін енгізу және тағы басқалар. Бұл шаралар тамақтану жағдайларын объективті бағалауға және бұзушылықтарды уақытылы жоюға бағытталған. Біз осы қадамды балаларымыздың денсаулығы үшін жасаймыз және білім беру жүйесінің қатысушыларын жаңа талаптарды жауапкершілікпен әрі адал орындауға шақырамыз, — деді министр.

*  *  *

Осылайша, бұдан былай мектеп оқушыларын тамақтан-дырудың жаңа стандарты енгізіліп, тамақ сапасына бақылау күшеймек. Демек, бұл бағыттағы жұмыстар оң нәтиже берсе, мектеп асханасына қатысты мәселе де туындамайды деген үміттеміз.

Нұржайна ШОДЫР.