Мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге қызмет көрсетіп келе жатқан «Самал» оңалту орталығының тағдыры көпшілікті алаңдатып отыр. 30 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан орталық жабылу алдында тұр. Бұған не себеп?
Павлодар қаласындағы Назарбаев көшесі, 42/2-үй мекенжайында орналасқан «Самал» оңалту орталығы 29 жылдан бері денсаулығында кінәраты бар балалар мен ересектерді қабылдап келеді. Жылдар бойы меншікті ғимараттың болмауы мекеме үшін шешімі жоқ мәселеге айналған. Осы жағдайға байланысты ғаламторда мүгедектігі бар 80-нен астам бала мен ересектер әлеуметтік қызметсіз, ал қызметкерлер жұмыссыз қалуы мүмкін деген ақпарат тарады. «Самал» оңалту орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Зинаида Багненконың айтуынша, мемлекетке тиесілі бұрынғы балабақша ғимараты орталықтың сенімгерлік басқаруында болған. Одан кейінгі жылдары «Самал» орталығымен қосымша келісімдер жасалып отырған.
Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде арнайы әлеуметтік қызметтерді міндетті лицензиялау енгізілген. Одан өтудің басты талабы – мекеменің жеке ғимараты болуы тиіс. Ал «Самал» оңалту орталығында жеке ғимарат болмағандықтан, лицензия ала алмайды. Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің лицензия-лау алдындағы талдау нәтижелері бойынша, елдегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 1007 ұйымның тек 72,3 пайызы ғана талаптарға сәйкес келеді. Әлеуметтік қызмет ұсынатын 6 нысанда өрт қауіпсіздігі туралы актілері болмаған, 70 мекемеде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қорытындысы жоқ, ал 87 мекеме мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімсіз болып шыққан.
Зинаида Багненко өз меншігінде жалға алынған немесе сенімгерлік басқарудағы ғимараты болмағандықтан, «Самал» оңалту орталығы заң бойынша қажетті лицензияны ала алмағанын айтады. Сенімгерлік басқару шартына қосымша келісімнің мерзімі аяқталғаннан кейін ғимарат басқа біреуге берілуі мүмкін.
— Таңқаларлығы, қанша жыл өтсе де, «Самал» өз қызметін дамытып, жалғастыратынына кепілдік ала алмадық. Біз алаңдап отырмыз. Лицензия тек ғимарат болған жағдайда ғана беріледі. Яғни, мекеме сенімгерлік басқаруда немесе жалға алынған болуы керек. Соның салдарынан біз уақытында лицензия ала алмай қалдық, – деп атап өтті Зинаида Багненко.
Бүгінгі таңда отыз жылдық тарихы бар орталықта 60 адам жұмыс істейді. Орталықтың қаржы-ландыруының негізгі бөлігі – шамамен 70 пайызы – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Бір адамға тәулігіне 4 126 теңге бөлінеді. Бұл қаражат жалақыға, коммуналдық қызметтерге және тамақтануға жұмсалады. Балабақша таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Ал ерекше балалардың ата-аналары үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Олар жұмыс істеп, балаларының оңалтуына қаражат таба алады.
Павлодар қаласының тұрғыны Қайрақ Асайынов оңалту орталығына немересін 17 жыл көлемінде әкеліп жүргенін айтады.
— Немерем осы орталықтың мамандарына үйренген. Бала күнінен әкеліп жүрмін. Ата-анасы жұмыс істегендіктен, немереме өзім қарайласамын. Шыны керек, мүмкіндігі шектеулі баламен жұмыс істеу – өте ауыр. Орталық қызметкерлерінің еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Егер «Самал» оңалту орталығы жабылса, бұл балалардың жағдайы не болмақ? Мемлекеттік оңалту орталықтары бізді қазіргі диагнозымызбен қабылдамайды. Енді не істеуіміз керек, — деп қынжылады ата.
Өзекті мәселе төңірегінде Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбарам Белялева жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне түсінік беріп, мән-жайды түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, «Самал» оңалту орталығы орналасқан бұрынғы балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
— Арнайы әлеуметтік қызметтерді міндетті лицензиялау туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты қазіргі «Самал» оңалту орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап өтерлігі, оның әлеуметтік бағыты сақталады.
Біріншіден, біз қазір «Самал» ғимаратын өзгелерге бере де алмаймыз, алып қоя да алмаймыз. Өйткені, ол мемлекеттік меншікте тұр. Екіншіден, жөндеу жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ғимаратты сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендер өткізу жоспарлануда, оны әкімдік арнайы портал арқылы жүзеге асырады. Бұл тендерге «Самал» орталығы да қатыса алады, — деді Г.Белялева.
Гүлбарам Ермекқызының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда орталықта 78 тәрбиеленуші бар. Олар жөндеу жұмыстары кезінде және конкурс өткізілгенге дейін басқа әлеуметтік мекемелерге бөлінеді. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер уақытша «Альрами» клубтық үйіне, қарттар үйіне, облыстық балалар психоневрологиялық орталығына және арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына бара алады. Оларға қажетті қызмет тегін ұсынылады. Қазір ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.