Елімізде жыл сайын тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалар мен жобалар жүзеге асып, өз жемісін беруде. Келесі жылы әлеуметтік қорғау саласында қандай жаңашылдықтар орын алмақ? Бұл сұраққа жауап алу үшін таяуда ғана аймағымызға арнайы іссапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованы сөзге тартып, аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.
— Светлана Қабыкенқызы, Павлодар өңіріне жұмыс сапарымен келудегі басты мақсатыңыз не?
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл халыққа Жолдауында еліміздегі ауыр жұмыста істейтін азаматтардың еңбегі мен денсаулығына келген зиянын ескере отырып, әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуді тапсырған болатын. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақса-тында министрлік тарапынан көп жұмыс жүргізілуде. Соның ішіндегі ең маңыздысы – өндірісті өңірлерде зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсету болып табылады. Осыған орай, жаңа тұжырымдама жасалды. Аталған құжаттың артықшылықтарын түсіндіру мақсатында Павлодар облысына арнайы келіп, осындағы бірқатар зауыттардың жұмысшыларымен, кәсіподақ өкілдерімен кездесу өткіздім. Себебі, бұл өңірде ірі өндіріс орындары аз емес. Аталмыш кәсіпорындарда ауыр жұмыс істейтін азаматтарымыз да жетерлік.
— Жаңа тұжырымдама бойынша не өзгереді және аталмыш құжат нақты қашан жүзеге асады?
— Бұл ретте, бірден басын ашып айтайын, жаңа заң жобасы тек ауыр жұмыс істейтін азаматтарға ғана қатысты. Яғни, осы санатқа жататын адамдарға қосымша қаржылай қолдау көрсетіледі деп жоспарлануда. Оны алу үшін үміткердің міндетті түрде кемінде 7 жыл еңбек өтілі және жасы 55-ке толған болуы шарт. Аталған талапқа сәйкес келетін тұрғындар 63 жасқа дейін зейнетақысын күтіп жүрмей, алдын ала қосымша әлеуметтік төлемдерге қол жеткізе алады. Бұл жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Қазіргі таңда жаңа тұжырымдама ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына жіберілді. Негізі, депутат-тардың басым бөлігі қолдау білдіруде. Сондықтан көп кешікпей құжат қабылданады деген үмітіміз бар. Жоспар бойынша бұл жаңашылдықты 2024 жылдан бастап жүзеге асыру көзделуде.
— Министр ретінде павлодарлықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қандай баға бересіз? Жалпы, өңірлерге мониторинг жасала ма?
— Әрине, мониторинг жасалады. Бірақ әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар екенін де ескеруіміз керек. Мәселен, Павлодар облысы еңбек күші тапшы өңірлердің қатарына жатады. Осында жұмыс орындары бар болғанымен маман жетіспеушілігі байқалады. Ал оңтүстік өңірлерде керісінше жұмыссыздар қатары артуда. Аталған жағдайларға бай-
ланысты министрлік тарапынан бірқатар іс-шара қабылдануда. Негізі, бұл мәселені шешу үшін оңтүстік өңірлердің халқын жұмыс күші жеткіліксіз облыстарға тарту көзделген. Осыған орай, қоныс аударушыларды әлеуметтік тұрғыда қолдау, бейімдеу, оңалту шаралары қайта қарастырылып, жаңа өзгерістер енгізіп жатырмыз. Жалпы, жұмыс бар жерде жағдай да бар екенін ескерсек, Павлодар облысы тұрғындарының жақсы да жайлы өмір сүруге мүмкіндіктері көп.
— Келесі жылдан бастап әлеуметтік төлемдерге қатысты қандай өзгерістер болады деп күтілуде?
— Алдағы 2024 жылы бюджеттен жаңа әлеуметтік төлемдер төлеу мәселесі мүлдем қарастырылған жоқ. Тек сөз басында айтып өткенімдей, ауыр әрі зиянды жұмыс істейтін, 55 жасқа толған адамдарға ғана қаржылай қолдау көрсетіледі деп жоспарлануда. Ал түрлі жәрдемақылардың мөлшері мен зейнетақы көлемі инфляция деңгейіне сай өсіп, өзгеріп отырады.
— Әңгімеңізге рақмет!