Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қоғамға бейімдеуге, оларды отбасы жағдайында тәрбиелеу мәселесіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Жетімдер үйінде барынша қолайлы орта жасалғанымен, отбасы тәрбиесіне ештеңе жетпейтіні – ақиқат. Отбасы жағдайында тәрбиеленген балалар қоғамға, үлкен өмірге тез бейімделеді. Осы мәселені шешудің жолы қайсысы? Жетім балаларды патронатты отбасында тәрбиелеген дұрыс па? Бүгінгі «Алаңның» талқысына салынған мәселе – осы.

Гауһар ТАНАШЕВА,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен алынды):

— Елімізде балалар үйіндегі бір бүлдіршін үшін мемлекеттен айына 600 мыңнан бастап 1 милллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Осы қаражат бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағытталса, бала үшін әлдеқайда пайдалы болар еді. Балалар үйлерінің жұмыс әдісін өзгертіп, оларды жетілдіру бойынша атқарылатын істер әлі де көп. Әрине, жетімдерге пана болған балалар үйін мүлдем жауып тастау дұрыс болмас. Себебі, өкінішке қарай, ауыр науқастарға шалдыққан балалар бар. Балалар үйінің жұмыс жүйесін осындай бүлдіршіндерге көмек көрсететін реабилитациялық орталықтар үлгісінде ұйымдастырған абзал. Біз балалар үйінің санын азайтып, біртіндеп жабуға немесе олардың форматын толықтай өзгертуге мүдделі болуымыз қажет. Оның орнына елімізде бала асырап аламын деушілерге көбірек жағдай жасаған дұрыс деп есептеймін. Ресми статистиканың мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылғы деректерге сәйкес елімізде 22,7 мың бала жетім бала санатында болған. Оның ішінде 80 пайыздан астамы немесе 18,2 мың бала қорғаншылық пен қамқоршылыққа алынып, патронаттық отбасыларда тәрбиеленуде. Дамыған елдердің озық тәжірибелеріне сүйене отырып, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларда тәрбиелеу ісіне басымдық беру қажет.

 

Нұршат НҰРҒАЛИЕВА, ардагер ұстаз:

— Бала асырап алу – зор жауапкершілікті қажет ететін қайырымды іс. Ата-анасынан айырылған жарымкөңіл балаға аса қажетті жүрек жылуын, мейірім шуағын сыйлай алатын, баланың тілін таба білетін отбасыларға ғана сеніп тапсырған жөн. Халық қалаулыларының патронатты отбасыларды қолдау үшін айына 1 млн теңге қаражат бөлу туралы ұсынысын екі жақты қарастыруға болады. Ең бастысы, бала асырап алатын ата-аналар оған шынайы қамқорлық танытып, отбасылық құндылықтарды бойына сіңіретін жанашыр жандар болуы тиіс. Ал Үкімет патронатты отбасыларды қолдайды екен деп, ақшаға құнығып, бас пайдасы үшін бала асырап алуды көздеген алаяқтыққа жол берілмеуі керек. Егер бала асырап алушыларға осындай қомақты қолдау көрсетілетін болса, кез келген отбасыға емес, бұрыннан бала асырап отырған, оны бағып-қағып өсіріп, жеткізген тәжірибелі патронатты отбасыларға берген жөн. Балалар үйіндегі қаракөздеріміз шетел асып кеткенше, елімізде тәрбиеленгені жөн деп білемін. Менің ойымша, Алматы қаласындағы қаншама балаға қамқорлық танытып келе жатқан Әмина апа секілді қайырымды жандарға сенім артуға болады.

 

Гүлперизат ӨТЕБАЕВА, көпбалалы ана, Екібастұз қаласы:

— Депутаттардың патронатты отбасыларға қолдау көрсетіп, қомақты қаражат бөлу қажет деген пікірімен толық келісемін. Мен – жеті баланың анасымын. Оның екеуін бауырыма бастым. Үйге келгенде бұл балаларды жан-жақты дамытуға күш саламын. Бір қызым төртінші сыныпта оқығанымен, 1-сыныптан бастап қайта сауат ашуға тура келді. Репетиторларға беріп, қазақ тілі, математика секілді пәндерді оқыттым. Қазір ол балам – студент.

Балалар жазғы лагерьге, бассейнге барғысы келеді, қатарынан қалмай киінгісі келеді. Қазір балалардың киімі ересектердің киімінен қымбат. Былтыр төрт оқушыны мектепке жинау үшін 600 мыңдай қаражат жұмсаппыз. Биыл бесінші бала мектепке барады. Сонда есептей беріңіз… Бірақ біз Үкіметке қол жаймай, өз еңбегімізбен балаларды өсіріп, тәрбиелеудеміз. Біз осы балаларды асырап алғанда ешқандай әлеуметтік көмек болған жоқ. Қазір заң бойынша жәрдемақы алып отырмыз. Бүгінде көпбалалы отбасыларға әр бала үшін жәрдемақы түрінде 10 мың теңге беріледі, асырап алған екі балама 64 мың теңге төленеді. Депутаттардың ұсынысы қолдау тауып, іске асырылса, бала асырап алуға ниетті отбасылар да көбейер еді.

 

«Алаңды» үйлестірген – Торғын ОРАЗАЛЫ.