Пәтер алудың оңай жолы

Там 7, 2025

Өткен жылы өңірімізде «Ертіс жастары» бағдар-ламасы іске қосылған. Көптеген жас мамандар мен жас отбасылар жеңілдікпен несие алу арқылы  баспаналы болды. Жуырда көптен күткен пәтер кілтін алған қазақ тілі пәнінің мұғалімі Нұргүл Шевцова мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұстарымен бөлісті.

Үй алу, баспаналы болу – қашан да өзекті тақырып. Бүгінде аталмыш тиімді бағдарлама арқылы пәтер алған жастар қатары көбеюде. Негізгі талаптар – «Ертіс жастарына» қатысушылардың атында соңғы бес жылда үйдің болмауы, мемлекеттік қызмет пен бюджеттік ұйымда қызмет етуі тиіс. Сондай-ақ, жасы 35-тен аспауы керек. Мамандардың айтуынша, бағдарлама бойынша міндетті бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Яғни жылдық бес пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиені 19 жылға дейін рәсімдеуге болады. Үй алуды жоспарлап жүрген өңір жастары бағасы 18 млн теңгеге дейін жаңа үйлердің бірінен немесе екінші нарықтағы баспаналардан да пәтер алуға мүмкіндіктері бар.

Бағдарлама жайлы хабарламаны әлеуметтік желіден көрген қала тұрғыны Нұргүл Шевцова бағын сынап, қажетті құжаттарды жинастыра бастайды. Жолдасы екеуі бір апта аралығында шарттардың барлығын орындап, ұсыныстары комиссияның қарауына жіберілді. Бір айдан соң байқау нәтижесі келіп, бағдарламаға сай сәті түскен пәтер алушылардың бірі болды.

– Отбасы құрғанымызға биыл 16 жыл болады. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап, өз баспанамызға қаражат жинадық. Одан да басқа тұрғын үй бағдарламаларын қарастырып, зауытта еңбек ететін жолдасым арқылы кезекке де тұрып көрдік. Десек те, осы бағдарлама өзімізге бұйырды. Педагогика саласында он жылдан аса істеймін, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келемін. Бағдарламаның нәтижесін көрген уақыттан бастап, екі айдың ішінде құжаттарды рәсімдеп, өткен жылдың мамыр айында таңдаған пәтерімізге көштік. Бүгінде пәтер жалдап тұру да қиынға соғады. Неге десеңіз, жалдау бағасы ипотека төлемімен тепе-тең, алған табысымыз тіпті жинауға жетпейді. Сол себепті мемлекет тарапынан берілген бағдарламаны қолданғанды жөн көрдік. 14 жылға алған пәтеріміз сегіз жылдан соң өз атымызға аударылып, қалған жеті жылда несиенің пайызы одан әрі төмендеп, төлем мөлшері азаяды. Армандаған баспанамызға қол жеткізгенімізге ризамын, – дейді ол.

Бір ұл мен бір қызын тәрбиелеп, болашаққа нық сенім артып отырған отбасы арман-мақсаттарының орындалатынына сенім білдіруде. Игі бағдарлама өңір жастарының тұрмысын жақсартуға ықпал етуде.

Салтанат ҒАББАС.