Жамағаттың алдына шығып, көпшілік үшін намаз жүргізу – зор жауапкершілік әрі сауапты іс. Осы ретте Рамазан айында әр күн сайын 20 рәкағат тарауық намазын жүргізетін имамдарға артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Шариғат үкімі бойынша Рамазан айындағы тарауық намазында Құранды хатым қылу, яғни, басынан соңына дейін оқу — сүннет. Биыл Павлодар облысының сегіз мешітінде Құран жаттаған қарилар намаз жүргізіп, хатым жасауда. Солардың бірі – Түркия елінен келген Орхан Доған есімді қари Павлодар қаласындағы Омар Фарух мешітінің жамағаты үшін имамдық қызметін атқарып жатыр.

— Орхан мырза, бұл сіздің Қазақстанға нешінші рет келуіңіз? Рамазан оразасын біздің елде, соның ішінде Павлодарда өткізудің сыры неде?

— Бұл — менің Қазақстанға екінші рет келуім. Алғаш 2018 жылы келіп, қасиетті Рамазан айын Шымкент қаласында өткізген едім. Биыл павлодарлық жамағатпен бірге өткізу нәсіп болыпты. Мақсатым – жергілікті жамағат үшін тарауық намазын жүргізу және сол арқылы мұсылмандардың құранға деген сүйіспеншілігін арттыру. Біз Қазақстанға келгенде қалаларды таңдамаймыз. Қазақстанның Дін істері басқармасы тарауық намазында хатым құран түсіруге деңгейі жететін адамдарды шақырып, өздері қалаған өңірге жібереді.

— Тарауық намазында құранды басынан соңына дейін оқудың маңыздылығы қандай?

— Тарауық намазында Құранды хатым ету Ханафи және Ханбали мәзһабында сүннет болып табылады. Ал басқа мәзһабтарда мұстахаб, яғни ең таңдаулы әрі көркем амал. Мұның тарихы өте терең.  Ең алдымен, хазірет Омар (р.а.), одан кейін тарихта көптеген имамдар тарауық намазында құран хатым жасағандығы жайлы риуаяттар келген. Қазір тарауық намазы Қағба мен Мәдинадағы Пайғамбар мешітінде де оқылады. Бұл — Рамазан айындағы ең маңызды түнгі намаздардың бірі. Бұл намазда Құранды басынан соңына дейін оқып шығу өте маңызды әрі сауабы зор.

— Тарауық намазына үзбей қатысқан адамдарға қандай сауап жазылады?

— Құранды оқу – сүннет, ал оны тыңдау – уәжіп. Тарауық намазына қатысқан жамағат Құран тыңдау арқылы міндетін өтейді. Алланың елшісі Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын) Құранның әр әрпіне он сауап жазылатынын айтқан. Аятта Алла Тағала: «Құран оқылғанда құлақ салып тыңдаңдар, Алланың мейіріміне бөленесіңдер»  деген. Тарауық намазына қатысқан жамағат оқылған құранның әрбір әрпі үшін сауап алып, Алланың мейіріміне бөленеді.

— Рамазан айының өзге айлардан артықшылығы мен ерекшелігі туралы не айтасыз?

— Рамазанның басқа айлардан артықшылығы – Құранның осы айда түскендігі. Рамазан – Құранмен толысқан ай. Құранды көп оқып, мағынасын түсіну Рамазанның берекесін арттыра түседі.  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде  Жәбірейіл (ғ.с.) Рамазанда Құран Кәрімді бірге оқығаны және ол дүниеден өткенге дейін Рамазан айында екі рет оқығаны айтылады. Рамазан – Құран айы, яғни қасиетті кітабымыз осы айда түсе бастады. Сондықтан Рамазан — бізге рухани және имани тұрғыда  өте көп пайда әкелетін ай. Құран тек өткен аруақ үшін оқылмайды. Құран  адамды бұл дүниеде де, ақыретте де абройлы  етеді. Бұл – жанға дауа, сырқаттың ауруына ем, дертіне шипа болатын кітап.

— Жас ұрпақты дін жолына бағыттап, Құран үйренуге, оқуға баулудың жолы қандай?

— Құранды жасөспірімдерге таныстырудың жолы – Құранның басқа кітаптардан артықшылығын, Құранды бізге барлық нәрсенің иесі Алла Тағала жібергенін, Құран оқыған адамның дүниеде де, ақыретте де бақытқа кенелетінін түсіндіру керек. Сол секілді Құран бізді шатастыратын және бізге қиындық тудыратын мәселелерге жеңіл әрі қарапайым түрде жауап беретін бір асыл кітап екенін үйретуіміз қажет.

Құранды жаттау үшін адам алдымен өзін тәртіпке салуы керек. Содан кейін күнделікті жаттауды жүйелі түрде қайталап отыру керек. Қолға күнделікті ұстап, оны оқуды дағдыға айналдырар болсаңыз, Алланың кітабын жаттау өте оңай  болады, себебі Алла бізге Құранды жеңіл еткен.

— Тарауық намазын жүргізу  үшін күніне қанша рет дайындаласыз? Жалпы, намаз барысында құранды басынан соңына дейін оқу қаншалықты күрделі?

— Тарауық намазына күніне орта есеппен төрт-бес сағат дайындаламын. Мысалы, күнделікті бес уақыт намазда жаттаған құранды оқып тұру құранды естен шығармауға әкеледі. Оны әдетке айналдырып, намазында үнемі жатқа оқитын ұстаздарымыз бар. Әдетке айналдырып, күнделікті оқып жүрген адамға қиындық тудырмайды.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Тілеуберді САХАБА