Павлодар қаласының Конституция алаңында Республика күніне арналған салтанатты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Орталық алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары еліміздің басты мерекесін ерекше көңіл-күймен өткізді.
Мерекелік концертке облыс әкімі Асайын Байханов пен Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қатысты. Бұл күні облыс бойынша барлығы 1 000-нан астам шара ұйымдастырылды.
Концерт барысында облыстың өнер ұжымдары мен жас таланттар сахна төрінде өнер көрсетті. Көрермендер назарына патриоттық әндер, ұлттық билер мен заманауи музыкалық туындылар ұсынылды. Сондай-ақ, Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы шақыртуымен елімізге белгілі эстрада жұлдыздары – «МузАрт», «Keshyou» топтары, әншілер – «Alem» мен «Amre» өнер көрсетті.
Мерекелік бағдарлама аясында облыстық музейлердің бастамасымен суретшілердің қылқаламынан туған туындылар, фотосуреттер, еліміздің тарихына қатысты құжаттар және қолөнершілердің бұйымдары көрермендер назарына ұсынылды. Концерттен ерекше әсер алған көрермендердің бірі Әсем Жасқайратова бұл мерекенің мән-маңызы зор дейді.
— Елімізде әр ай сайын түрлі мерекелер аталып өтеді. Алайда Республика күнінің әр азамат үшін рөлі ерекше. Өйткені, бұл күні Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Сондықтан атаулы күннің маңызын, әсіресе өскелең ұрпақтың бойына сіңіру қажет. Бұл күннің құндылығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру – біздің парызымыз, — дейді ол.
Мұндай концерттік бағдарламалар Павлодар қаласының «Batyr mall» сауда орталығында, Орталық және мәдениет саябағында өтті. Жалпы, облыстың барлық қала, аудан, ауылдарында мереке жоғары деңгейде өтіп, түрлі мерекелік концерт, спорт сайыстары, флешмоб ұйымдастырылды.
Айдана БОРАНБАЕВА. Павлодар қаласы.

