25 қазан күні елімізде Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне облыста 700-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіледі.

Бұл туралы Өңірлік коммуника-циялар қызметінде өткен брифингте облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов мәлімдеді.

Әлнұр Серікұлының сөзінше, бүгінде облыста Республика күніне орай өткізілетін мерекелік бағдарламалардың бірнеше алгоритмі әзірленген.

— Ұлттық мереке — Республика күні әр қазақстандықтың өміріндегі ерекше күн. Осыған орай, Республика күнін мерекелеудің басымдықтарына сүйене отырып, оны өткізудің үш алгоритмі ұсынылды. Алғашқысы — мерекені көрнекілендіру. Осыған орай, Республика күнінің бірыңғай логотипі ретінде бүркіттің бейнесі тандалып алынып, бекітілді. Екіншісі — өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау шаралары мен мерекелік рәсімдерін өткізу. Үшіншісі — жалпыұлттық патриоттық акциялар мен мәдени бұқаралық шараларды ұйымдастыру. Мереке аясында, сондай-ақ облыс кәсіпорындары мен ұйымдарының ұжымдарында, оқу мекемелерінде Мемлекеттік әнұранды жаппай орындау, музыкалық патриоттық шығармаларды бір уақытта орындау, үйлердің қасбеттері мен терезелеріне мемлекеттік туды орналастыру бойынша флэшмобтар, челленждер өтеді, — деді Ә.Сейдуманов.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның сөзінше, Республика күніне орай облыста 700-ден астам шара өткізіледі. Ұлттық мереке күніне арналған шараларды тамашалау облыс тұрғындары мен қонақтарына тегін болмақ.

— Облыстың қалалары мен аудандарында салтанатты жиындар мен мерекелік концерттер 23-25 қазан аралығында өтеді. Басты шара 24 қазан күні Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді. Аталмыш жиында аймағымыздың үздік, белсенді азаматтары мемлекеттік наградалармен марапатталады. Сонымен қатар, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағын табыстау рәсімінен басталады. Соңы мерекелік концертпен  түйінделеді, — деді басқарма басшысы.

Одан бөлек, 25 қазан күні Мемлекеттік рәміздер алаңында дәстүрге айналған және басты оқиғалардың бірі — Мемлекеттік туды көтерудің салтанатты рәсімі өтсе, Мойылды ауылында мәдениет үйінің ашылуы жоспарланған. Сондай-ақ, Естай атындағы мәдениет сарайында Павлодар облысы мен Ақмола облысы өнерпаздарының арасындағы өнер жекпе-жегі, Отанға арналған әндерді орындау және өлеңдер оқу бойынша «Менің Қазақстаным» шығармашылық челленджі, табиғаттың көркем жерлерінің «Көрікті Қазақстаным» атты флешмобтар, білім және мәдениет ұйымдарында тақырыптық ұлттық көрмелер, дәрістер, сынып сағаттары, спорттық фестивальдер, жарыстар, отбасылық старттар, жастар акциялары мен конкурс-тары сияқты шаралар өткізіледі. Бұл күні музейлерге кіру тегін болмақ.

Айдана БОРАНБАЕВА.