Павлодар – қазақтың солтүстік-шығысындағы мәдениет пен ағартушылықтың маңызды орталығы. Бұл өңір қазақ руханиятының ірі тұлғаларын дүниеге әкелді. Сонымен қатар, Ертіс бойында жатқан өңір Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келеді. Көмір, алюминий, электр энергиясы мен мұнай өнімдерін өндіруде көш бастап тұр. Екібастұздың көмірі, Ақсу мен Павлодардың кәсіпорындары – елдің энергетикалық және өндірістік қауіпсіздігінің негізі. Соңғы жылдары өңір машина жасау, құрылыс материалдары және тамақ өнеркәсібіне инвестиция тартуда. Бұл бағыттар экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беруде. Сондай-ақ, аймақта әлеуметтік тұрақтылық пен еңбек нарығын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Қиыншылықтар да кездесуде
Жыл басындағы дерек бойынша облыс халқының саны шамамен 748 мың адамды құрайды. Кейінгі жылдары шетелден қоныс аударғандар саны артқан. Бұл – өңірдің еңбек әлеуетін ішінара толықтыруға мүмкіндік беруде. Павлодар облысына жыл сайын 3,5 мыңнан астам көші-қон квотасы бөлінеді. Бұл – еңбек ресурстары жетіспейтін салаларға мамандар тартуға арналған мемлекеттік қолдау тетігі.
Аймақта көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтарын анықтау, тіркеу және рұқсат құжаттарын бақылау бағытында «Мигрант» атты профилактикалық шаралар тұрақты өткізіліп келеді.
Сырттан еңбек күшін тарту, инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй бағдарламаларын кеңейту арқылы көші-қон үдерісін тұрақтандыру мүмкіндігі мол. Алайда биыл ерікті көші-қон аясында бірқатар қиындықтарға бетпе-бет келуге тура келді.
Жыл басында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру аясында ерікті көші-қон құжаттарын онлайн форматта рәсімдеу жүйесі енгізілді. Бұрын азаматтар өтініштерін көші-қон полициясына немесе ХҚКО арқылы қағаз түрінде тапсыратын. Жаңа жүйе уақыт үнемдеуді көздегенімен, алғашқы кезеңде бірнеше қиындық туындады. Цифрлық сауаттылықтың төмендігі анық байқалды. Кейбір азаматтар порталдарды (egov.kz, eOtinish) қолдануда қиналды. Техникалық ақауларда көп жұмысқа қолбайлау болды. Электронды қолтаңба мен жүйенің кідірісі өтініштерді тіркеуді қиындатты. Ақпараттың аздығы. Жаңа жүйе туралы толық түсіндірме болмады, сондықтан тұрғындар қай сайт арқылы өтініш беру керектігін білмей шатасты. Әрине, ерікті көші-қон құжаттарын онлайн форматқа көшіру – заман талабы. Алайда бұл өзгеріс техникалық тұрақтылық пен ақпараттық қолдау жетіспеген жағдайда қиындық тудырады.
– Павлодар облысында көші-қон саясаты кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Мемлекеттік бақылау күшейіп, еңбек мигранттарын заңдастыру ісі жолға қойылған. Негізгі мақсат – ішкі көші-қонды тиімді бағытқа бұрып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және өңірдің демографиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Бүгінде облысқа мыңға жуық адам қоныс аударып, тұрақтап үлгерген. Соның ішінде 33 адам Жетісу облысынан көшіп келген. Салыстырмалы түрде алғанда, оңтүстік өңірлерден келушілердің үлесі басым. Бұл түсіндіру жұмыс-тарының өзге аймақтарда әлсіз жүргізіліп отырғанын аңғартады.
Биыл құжат айналымындағы өзгерістер бірқатар қиындықтар туғызғанымен, екінші жартыжыл-дықтан бастап жұмыс қарқыны тұрақталды. Қазір көші-қон үдерісі қарқын алып, шаруашылықтар мен кәсіпорындар еңбек күшін пайдалану. Жергілікті кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер қоныс аудару-шыларға тек жұмыс қана емес, материалдық қолдау да көрсетуде, – дейді облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Есенбаева.
Жаңа қонысқа бейімделуде
Ішкі көші-қон – тек статистикалық көрсеткіш емес, ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық өмірінің айнасы. Павлодар облысы үшін басты
мақсат – кетушілер санын азайтып, көшіп келушілердің тұрақтап қалуына қолайлы жағдай жасау. Дегенмен, көшіп келгендердің жаңа өңірге бейімделуі де оңай емес. Көшіп келгендер ең алдымен жұмыс табу, тұрғын үймен қамтамасыз етілу, тіркеу рәсімдерін өткізу және әлеуметтік ортаға сіңісу сияқты мәселелерге тап болады. Инфрақұрылым мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі де — маңызды
фактор. Сонымен қатар, Павлодар өнеркәсібі мен энерге-тикасы дамыған аймақ ретінде жұмыс іздеген азаматтарға жаңа мүмкіндік ұсына алады. Мемлекет тарапынан көші-қонды қолдау тетіктері – квота, тұрғын үй және жұмысқа орналастыру бағдарламалары іске асуда. Бұл шаралар өңірге еңбек күшін тартуға және халықтың тұрақтануына ықпал етеді.
Ерлі-зайыпты Мұрабек Жұматай мен Дидар Нұрқажықызының жаңа өмірі Павлодар қаласынан басталды. Қытайдан көшіп келген Дидар Нұрқажықызы отбасымен алғашында Талды-қорған қаласында қоныстанған. Сол жерде жер алып, баспана тұрғызып, тұрақты өмірге бейім-деле бастағанымен, тұрмыс қамымен Текелі қаласына көшкен.
– Павлодарда тұратын құдашамыз ерікті көші-қон бағдар-ламасы жайлы айтып берді. Сол кезде отбасымызда біраз қиындықтар болды. Кредитке кіріп, күйеуім жол апатына түсіп, табыс көзінен айырылдық. Осы жағдайдан шығу үшін солтүстікке көшуге бел будық, –
дейді Дидар Нұрқажықызы.
2023 жылдың көктемінде олар алғашқы көшіп келушілердің бірі болып Павлодарға табан тіреген. Бағдарлама аясында жаңа тұрғын үй салып, қоныстандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан тұста, сол баспаналардың бірі Дидар Нұрқажықызы отбасының еншісіне бұйырған.
– Құжат рәсімдеу кезінде ешқандай қиындық болған жоқ. Павлодар қалалық мансап орталығының мамандары барынша көмек көрсетті. Қазір күйеуім алюминий зауытында еңбек етеді. Мен үй шаруасымен қатар шағын саудамен айналысамын. Биыл бақшамызға таңқурай егіп, көршілерімізге де үйретіп жатырмыз, – дейді кейіпкеріміз.
Отбасында 4 бала тәрбиеленіп жатыр. Үлкендері университетте оқыса, кенжесі бастауыш сыныпта білім алуда.
Ерікті көші-қон бағдарламасы арқылы Павлодар облысына қоныс аударғандардың қатарында Ақсу қаласының тұрғындары – Гүлгина Әділбек пен Нұрдықан Жұмабек те бар. Екеуі де жаңа ортаға тез бейімделіп, өз істерін дөңгелетіп отыр.
Ем-дом орталығын ашқан
Гүлгина бүгінде қала орталығында Шығыс медицинасы бағытында емдеу орталығын ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ал Нұрдықан мен жұбайы Серікқали қала орталығындағы сауда орталықтарының бірінде азық-түлік сатумен айналысып жүр.
– Үлкен қызымыз Павлодар қаласында тұрмыс құрды. Артынан сіңлісі де осында келді. Балалармен бірге болайық деген ниетпен біз де көшіп келдік. Мемлекет тарапынан берілетін көмектің барлығын алдық, бұл жағынан айтар өкпе жоқ. Мемлекеттік гранттарға да қатысып көрдік. Дегенмен сауда нүктесін жалға алып отырғандықтан, жалдау ақысы қымбат болып, жұмысымызды кеңейтуге кедергі болып тұр. Егер сауда орталығын салуға жер телімі қарастырылса, құрылыс жұмысын өз күшімізбен жүргізер едік, – дейді Нұрдықан.
Журналистік міндетімізге сай, біз Нұрдықанның бұл ұсынысын тиісті мекемелерге жолдап, жауап алу мүмкіндігін қарастырып көруді жөн көрдік.
Әрине, осы тұста Павлодарға қоныс аударушыларды не қызықтырады деген сұрақтың да көкейге оралары анық. Бұл аймақ — еліміздің ірі индустриялық және әлеуметтік тұрғыдан тұрақты өңірлерінің бірі. Өңірдің энергетика, металлургия, құрылыс және логистика салалары қарқынды дамуда. Қоныс аударушыларды ең алдымен, жұмыс пен тұрақты табыс қызықтырады. Жалақы деңгейі республикалық ортадан жоғары. Оның үстіне, тұрғын үй бағасы мен жалдау ақысы төмен. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы көшуге және тұрғын үй алуға қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл — жас отбасылар үшін маңызды мүмкіндік. Өңірде жоғары оқу орындары мен колледждер көп. Білім сапасы мен мәдени орта дамыған. Тұрғындар тыныш әрі қауіпсіз өмір салтын ерекше бағалайды. Қысқасы, қоныс аударушыларды негізінен жұмыс, баспана және өмір сапасы қызықтырады. Өңір – еңбекқор адамдар үшін жаңа бастамалар мен тұрақты өмірдің мекені.
Екібастұз – екінші мекені
Павлодарға көш түзегендердің дені Екібастұз қаласына тұрақтап қалғысы келетінін байқадық. Ерікті көші-қон бағдарламасы аясында Екібастұз қаласы соңғы жылдары қоныс аударушылар үшін тартымды аймақтардың біріне айналған. Өйткені, Екібастұз — Павлодар облысының ірі өнеркәсіп орталығы. Мұнда тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі жүйелі шешілуде. Бағдарлама бойынша жаңа үйлер салынып, көшіп келген азаматтарға жеңілдікпен немесе жалға беру негізінде ұсынылуда. Қала инфрақұрылымы дамып келеді. Жол жөнделіп, мектеп пен балабақша салынып жатыр. Тұрғындарға әлеуметтік көмек беріліп, грант және кәсіп ашуға қолдау көрсетілуде.
Екібастұз қаласына қоныс аударған жетісулықтардың қатары жыл сайын артып келеді. Көпшілігі тұрақты жұмысқа орналасып, жаңа ортаға бейімделіп үлгерген. Солардың бірі — «Екібастұз су құбыры» мекемесінде еңбек етіп жүрген Молдаш Боранбаев.
– Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінен көшіп келдім. Мамандығым –
дәнекерлеуші. Талдықорғанда бұл мамандыққа сұраныс аз болған-дықтан, тұрақты жұмыс табу қиынға соқты. Кейін солтүстік аймақтарда техникалық мамандарға сұраныс жоғары екенін естіп, отбасыммен ақылдаса келе, осында көшу туралы шешім қабылдадық, – дейді ол.
Молдаштың айтуынша, алғаш келген жылдары Екібастұзда Жетісу облысынан қоныс аударғандар аз болған. Алайда соңғы екі-үш жылда олардың қатары едәуір көбейген.
– Бәріміз мемлекет тарапынан берілетін көмек қаражатын алдық, мамандықтарымыз бойынша жұмысқа орналастық. Бір-бірімізбен араласып, қолдау көрсетіп тұрамыз. Әрине, туған жерге деген сағыныш жүректің түкпірінде қалады. Бірақ елге қызмет ету үшін жер таңдау шарт емес, – дейді ол.
Жерлесімізбен біз қала орта-лығындағы көпқабатты үйлердің ыстық және суық су құбырларын жаңарту жұмыстары жүріп жатқан сәтте кездестік. Алыстан жерлесін іздеп келгенімізді көрген әріптестері де жылы жүзбен қарсы алып, бауырмалдықтың бейнесін танытты. Олардың қатарында оңтүстік өңірлерден көшіп барған азаматтар да бар. Барлығы да кеңпейіл Екібастұз халқының ықыласына риза екендерін айтты.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Кереку жеріне келген әр жолаушы Баянауылға соқпай кетпейді. Бұл өңір – қазақ руханиятының терең тамыры, ұлттың киелі мекені. Осында күллі халықтың құрметіне бөленген әулие, ойшыл, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесі орналасқан. Баянауыл сапарына Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы, қаламдас серігім Нұрбол Жайықбаевпен бірге жолға шықтым. Басты мақсатымыз ұлт руханиятына үлес қосқан тұлғаларға тағзым етіп, өңірдің мәдени және тарихи ескерткіштерімен танысу болды.
Қайтып Павлодар қаласына келген соң Мәшһүр Жүсіп мешітіне кіріп, баба рухына Құран бағыштадық. Мешіттің сәулеті мен тыныштығы жанға жылылық ұялатып, рухани күш сыйлады. Кейін Қалижан Бекқожин ескерткішіне аялдап, қазақ әдебиетінің көрнекті өкіліне тағзым еттік. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, өлкенің бай табиғаты мен мәдени мұрасына қанықтық. Соңында Павлодар қаласының кең жағажайында, Ертіс өзенінің бойында серуендеп, қаланың тынысымен таныстық. Кешкі самал мен өзеннің иісі, адамдардың жүзіндегі сабыр мен жылылық Ертіс өңірінің кеңпейілдігін айқын сездірді.
Бұл сапар жол әсерін ғана емес, рухани серпіліс пен танымдық шабыт сыйлады. Демек, Кереку жеріне көшкен жұрт рухани да, материалдық та қолдаудан тарықпайды деген ойға кенеліп, Талдықорғанға аттандым.
Қажет АНДАС,
Жетісу облыстық «Jetisy» газетінің тілшісі,
Талдықорған-Павлодар-Талдықорған.
