18 қазан – Рухани келісім күні. Бұл күн Қазақстанда дүниежүзілік деңгейдегі теңдессіз оқиға – рухани келісімнің алғашқы әлемдік конгресі өткен 1992 жылдан бастау алады. Сол жылы Алматыда барлық діндердің өкілдері, белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері бас қосып, манифест қабылдап, 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялауға шақырды.

Қазақстан – жүздеген этнос пен оннан астам дін өкілін құшағына сыйдырып, бауырына басқан зайырлы мемлекет. Діндер арасындағы татулық пен тұрақтылық, этностар арасындағы келісім мен бейбітшілік — біздің елдің ең үлкен жетістігі. Дінаралық келісім, ұлтаралық татулық — қай мемлекеттің болса да экономикасы мен әлеуметтік ахуалына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Қазақстан — ұлтаралық келісімді сақтай отырып, өзге дін өкілдеріне де айрықша құрмет пен сыйластық танытып отырған зайырлы елдердің бірі.

— Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Облыстық дін істері басқар-масының хабарлауынша, қазіргі уақытта облыста 13 түрлі діни конфессия бар. Оларға қарасты тіркелген діни бірлестіктердің жалпы саны 165-ті құрайды. Мәселен, 107 мұсылман мешіті, 25 православ, 8 католик, 1 Евангелия-Лютеран шіркеуі, 3 Евангелия Христиан-баптистері, 2 Әдістемелік, 5 Елулік шіркеу, 4 Жетінші күннің Адвентистері, 1 Жаңа апостол шіркеуі, 3 Иегов куәгерлері, 1 Иудаизм, 1 Кришна санасы, 3 Пресвитериандық шіркеуі. Осы діни қауымдастықтардың қарамағында 149 ғибадат үйі бар. Бұған дейін осы аталған діни бірлестіктер мен ұйымдар арасында бірде-бір келіспеушілік орын алып көрген емес. Мұның барлығы рухани үндестіктің, діни тұрақтылықтың, ұлтаралық сыйластықтың арқасы деп білеміз.

Облыстық дін істері басқар-масының бөлім басшысы Серік Күлжібаевтың айтуынша, жыл сайын Рухани келісім күніне орай дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Оған діни бірлестік басшылары, рухани жетекшілері толық қатысып, маңызды тақырыптар талқы-
ланады.

— Бізге жүктелген негізгі міндеттердің бірі – еліміздің рухани келісімін сақтау. Осы бағытта түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Біздің өңірде діни бірлестіктің басшылары тоқсан сайын, жылына төрт рет бас қосып, еліміздің тұрақтылығын нығайту мәселесін талқылайды. Біздің өңірдегі діни бірлестік өкілдері бір үстелде бас қосып, пікір алмасудан қашпайды. Тіпті, әрқайсысы соған мүдделі болуға дайын, — деді Серік Қабыкенұлы.

 

Тілеуберді САХАБА.