Жақында отандық киноөндірушілер «Руың кім» деген кино түсіріп, оны прокатқа шығарып та үлгеріпті. Осы жаңалық әсер еткен болса керек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров бір сауалнамасында рушылдық, жершілдік, жікшілдік мәселесіне назар аударды. Яғни, жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлердің ру атауын күнделікті тұтынатын өнімдерге (футболка, шапан және т.б.) жазып, оны бренд ретінде пайдалануды сынады. Сонымен қатар, «Ұлттық код», «Мәдени ерекшелік» ұғымдарын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге бағытталған әрекеттерге нақты тосқауыл қоюды, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын контентке жүйелі түрде шектеу енгізуді, кинопрокатқа шығатын отандық фильмдерді алдын ала сараптаудан өткізуді ұсынды. Бірақ, халық қалаулысының бұл ұсынысын әркім әртүрлі қабылдауда. Сұрақты «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Жұмағали ҚОҒАБАЙ, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы:
— Сан жылдар, ғасырлар өтті, қазақ талай қиын-қыстауды бастан кешті, қазақ қайдан жаратылғанын, қайдан тарағанын ұмытпады, таңбаға белгіледі, тасқа жазды.Сондықтан рухымызды ұмытуға болмайды. Ру – біздің тарихымыз, ру – біздің шежіреміз, ру – біздің өткеніміз, рудан халық болып жеткеніміз. Ру – біздің жанымызда, қанымызда жатталып қалған жадымыз. Бұрынғы батырлар да өз руларымен шақырылып, «Қанжығалы Бөгенбай», «Қара керей Қабанбай» елдің рухын оятатын ұрандар қалыптасты. Сондықтан руымызды ешқашан ұмытпауымыз керек.
Бүгінгі қоғамда сауаты аздау, дақпыртшылдау, кездейсоқ кейбір жекелеген адамдардың әлеуметтік желіні пайдаланып руға бөлінушілігі сезіледі. Бірақ етек алып бара жатқан жоқ деп ойлаймын. Неге бұлай десек, қазақтың шын, жүйелі тарихының кемдігінде, мектептерде оқылмауында болса керек. Сондықтан руға бөлінуді қоғамға қауіп санамай, ру тарихын, қазақ тарихын білгісі келу деп түсінейік. Ал әркім өз руының атын кеудесіне, арқасына таңып алса, жазып қойса, оның несі айып, несі күнә?! Мыңдаған жылдардан қалыптасқан мәдени, тарихи құндылықтарын, жаңылмас жадын біліп жүрсе оның несі жаман?!
Перизат ҚҰРМАНӘЛІ, ақын:
– Қазіргі қоғамда өз руымен мақтанып, шектен тыс рулық таңбаны пайдалану белең алды. Бұл руға бөлінудің алғашқы нәзік қадамдары сияқты көрінеді маған. Себебі адамды адамнан, ағайынды ағайыннан алыстататын көзге көрінбейтін шекаралар дәл осы тұстан басталады. Ру – тарихтың бір бөлшегі, өткеннің ізі. Жөн сұрасу ниеті шеңберінде қарастыру керек сияқты. Бірақ оны бүгінгі күндегі кейбір артықшылықтың өлшеміне айналдыру қоғамды алға емес, артқа жетелейді. Адамның шынайы болмысы оның руында емес, ойында, ісінде, ниетінде көрінеді. Руымен мақтанған адам кейде өз мінезін түзетуге асықпайды, ал бұл — қоғам үшін қауіпті үрдіс. Бөлінген сана бірлікті әлсіретеді. Бір үстел басында отырған жандардың өзі іштен бөлініп, бірін «өзіміз», бірін «өзге» деп қарастырады. Осылайша сенім азайып, арада суықтық орнайды.
Ру аты алға шыққан жерде ұлттық мүдде кейінге шегінеді. Тарих талай рет дәлелдегендей, ұлтты әлсірететін күш – сырттан келген жау ғана емес, ішкі алауыздық. Ру мен жікке бөліну — сол алауыздықтың ең қауіпті түрі. Себебі ол ашық жау емес, іштен ірітеді. Сондықтан мен депутат көтерген мәселені, ортаға салған ұсынысты толық қолдаймын. Мен үшін бір ғана ру бар, ол – қазақ.
Гүлназ ҚАДЫР, кәсіпкер:
— Сіздер тілге тиек етіп отырған фильмге қатысты пікір айтуға қиналып отырмын, себебі, бұл фильмді өзім көрген емеспін. Ал айтылған ұсыныстарға келер болсақ, өте орынды, киноға буыны қатпаған жастар көбірек барады. Сондықтан оларға айтар ойы, идеясы дұрыс болғаны жөн. Екінші ұсынысына тоқталсам, киім-кешек, көлік және т.б. көзге бірден түсетін заттарға ру атауын жазуды онша құп көрмеймін. Еліміздің оңтүстігінде де, солтүстігінде де тұрып көрген мен үшін бұл тенденцияны көбіне оңтүстік аймақ сәнге айналдырды. Ол жақта ол мәселе ушығып тұр, жұмысқа тұрсаң да руыңды сұрайды.
Енді біздің айналысып жатқан кәсібіміз де осы руға, шежіреге қатысты ғой. Бірақ, біздің мақсатымыз – рушылдыққа бөлу емес, кейінгі ұрпақтың өз тарихын танып, шыққан тегін біліп жүруіне жәрдем беру. Яғни, өзіңіздің отбасыңыз, бала-шағаңыздың игілігі үшін жасаймыз. Себебі, қазақта: «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген өткір сөз бар. Өз руының тарихын оқып, мықты адамдарына еліктеп, жеті атасын жаттап өскен бала болашақта жаман болмайды. Бірақ, оны өзгеден артық санап, руымен мақтанатындай деңгейге жеткізбеу керек. Біздің тағы бір ұстанған мақсатымыз – туыстық қарым-қатынастың жалғастығын сақтау. Бұл — ағайын арасындағы береке мен бірлікке ұйытқы болатын дүние.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.
