Шариғат бойынша күнделікті тұрмыста қолданылатын негізгі қажеттілігі мен қарызынан тыс, нисаб көлеміне жететін байлығы бар, балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман үшін жылына бір рет зекет беру -парыз.

Зекет берілетін адамдарды Алла Тағала Құран Кәрімде «Тәубе» сүресінің 60-аятында айтып өткен: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедейлерге, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлдарға, борыштыларға, Алла жолында жүргендерге, жолаушыға беріледі», – деген.

Зияд бин Харистен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте бір кісінің Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне зекет беруін сұрағаны айтылады. Сонда Алла елшісі: «Алла Тағала зекет мәселесінде Пайғамбардың да, басқаның да үкіміне разы болмайды. Өйткені Құранда зекетті сегіз түрлі топтың алатыны айтылған. Егер сен осы сегіз түрлі адамның бірі болсаң, саған өз хақыңды беремін», – деген.

Демек, зекет сегіз түрлі адамға беріледі. Олар – кедей-кепшіктер, міскіндер, зекет жинауға көмектесушілер, дінге жаңадан кірушілер, өз бостандығы үшін жүрген құлдар, қарызға батқандар, Алла жолында жүргендер, пақыр жолау-шылар.

Зекетті басқа дін өкілдеріне, байларға және байлардың балаларына, әке-шешесіне, ата-әжесіне, ұрпақтарына және ерлі-зайыптылар бір-біріне беруіне болмайды.

Жалпы, егер аталған санатқа жататын болса, зекетті алдымен аға-інілері мен әпке-қарындастарына, олардың балаларына, әке жағынан ағалары мен апаларына, олардың балаларына, нағашылары мен нағашы апаларына және олардың балаларына, ағайындарына, көршілеріне, бірге жұмыс істейтіндерге (егер олар зекет алатын адамдар болса) берген жақсырақ.

Садақа, зекетті бергенде, жоғарыда айтқанымыздай, әуелі туысқандарынан, көршілерінен бастайды. Егер туысқандары, көршілері зекет алатын адам болмаса, онда сол елдегі кедейлерге және басқа да зекет алатын адамдарға берілуі қажет. Зекетті еш себепсіз басқа жерге жіберу мәкруһ болып саналады. Тек басқа елде зекетке мұқтаж өзінің туысы, т.с.с. жағдайлар болса, зекетті басқа жаққа жіберуге рұқсат етіледі.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы.