Салада не өзгереді?

Мау 19, 2025

Мемлекеттің басты байлығы – халық десек, ел тұрғындарын әлеуметтік тұрғыда қорғау және қолдау шаралары үнемі жетілдіріліп отыруы тиіс. Соның дәлеліндей, көп кешікпей бұл жүйеге тағы да бірқатар өзгерістер енгізілмек. Сонымен, соңғы жаңалықтарға зер салып көрейік.

Тағайындау талабы қандай?

Бұдан былай елімізде бірқатар әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау қағидаларына өзгерістер енгізілмек. Атап айтқанда, нәрестенің тууына және оның күтіміне байланысты берілетін ақшалай көмек, сондай-ақ, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, бала асырап алушылар, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға күтім жасайтын жұмысшылар, көпбалалы отбасылар және наградталған аналар алатын жәрдемақылар жаңа тәртіппен тағайындалатын болады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Сол бойынша жәрдемақылар төмендегі-
дей қағидамен тағайындалады:

— «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы;

— egov.kz электрондық үкімет веб-порталының көмегімен;

— ұялы байланыс абоненттік құрылғысымен (қызмет алушының ұялы байланыс абоненттік құрылғысының телефон нөмірі электрондық үкімет веб-порталында тіркелген жағдайда);

— екінші деңгейлі банктердің ақпараттандыру объектілері арқылы.

Жаңа талап бойынша әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындауда мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі де өзгереді. Мәселен, тұрғындар Мемлекеттік корпорацияға құжаттарын тіркеген сәттен бастап
7 жұмыс күні ішінде жәрдемақы тағайындалуы қажет. Құжаттарды тапсыру үшін күту уақытының ең ұзақ рұқсат етілген мерзімі 20 минуттан аспауы тиіс. Ал порталға, екінші деңгейлі банктердің ақпараттандыру объектілеріне немесе проактивті қызметке жүгінген жағдайда 4 жұмыс күні ішінде қызмет көтсетілуі шарт.

Жаңа лауазымдар енгізіледі

Елдегі әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға жаңа лауазымдар енгізіледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кейбiр бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралуда. Аталмыш құжатқа сәйкес, алдағы уақытта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың мамандарына қосымша «директордың медициналық жұмыс жөніндегі орынбасары», «аға мейіргер», қажет болған жағдайда «дезинфектор, су сорғы стансасының машинисі», «электр газбен дәнекерлеуші» лауазымдары енгізілетін болады. Ал жүргізуші мен автокөлікті жалға алу туралы шарт болған жағдайда жүргізуші лауазымы талап етілмейді. Сол сияқты күзетші лауазымы да «Күзет» қауіпсіздік жүйесіне қосылу жөніндегі күзет ұйымымен шарт жасасқан сәтте жойылады.

Атап өтерлігі, бұл лауазым иелеріне демалыс, мереке күндеріндегі жұмысы үшін қосымша еңбекақы мен басқа да төлемдер қарастырылады.

Жарна кімдерге беріледі?

Кейбір қазақстандықтар үшін зейнетақы төлемінің жаңа тәртібі енгізілмек. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу қағидалары мен оның үлгілік нысанында өзгерістер орын алғанын мәлім етті.

— Атап айтқанда, зейнеткерлік жасқа жеткен, бірақ ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан жинағын алуға жүгінбеген азаматтар үшін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін автоматты түрде, яғни өтінішсіз алу тәртібін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы тетікті іске асыру ерікті зейнетақы жарналары бойынша талап етілмеген зейнетақы жинақтың алдын алып, зейнетақы төлемдерінің барлық түріне бірдей көзқарасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, бұл жоба «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, тұтынушыларының құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыру шеңберінде әзірленген.

Нұржайна ШОДЫР.