Су – тіршіліктің көзі демекші, жыл сайын шілде айының басында Су шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі атап өтіледі. Соңғы кездері су шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан баса мән берілуде. Бұған жыл басында Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ашылуы дәлел. Кәсіби мерекеге орай, «ҚазСуШар» РМК «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалы басшысының орынбасары өңірлік кәсіпорынның жағдайы жайлы ой бөлісті.
Марат Мәкенов Баянауыл ауданының Егіндібұлақ ауылында дүниеге келді. Сегізжылдық білімді кіндік қаны тамған жерінде алып, кейін әскерде борышын өтеп, техникумда мамандық иеcі атанған соң, ауылына оралып қызмет еткен.
– Еңбек жолым ұстаздықтан басталды. Оқушыларға алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бердім. 1991-1994 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік университетінде оқып, тарих және қоғамдық саяси пәндер оқутышысы мамандығы бойынша диплом алдым. Кейін туған өлкемде төрт жылдай жалпы орта білім беру мектебінің директоры, оқу ісінің меңгерушісі, тарих пәнінің мұғалімі қызметтерін атқардым. 2003 жылы ауылдың үздік ұстазы байқауына қатысып, жүлделі 2-ші орынды жеңіп алдым. Уақыт өте келе, отбасылық жағдайға байланысты Шідерті мектебінің директоры лауазымына тағайындалдым, – дейді ол.
Ол 2010 жылдан бастап «ҚазСуШар» РМК «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалы Павлодар пайдалану басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқаруда. Кәсіпорын басшысының орынбасары лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес жергілікті әкімшілікпен және тұрғындармен тығыз байланыста. Сонымен қатар кәсіподақтың қоғамдық өміріне араласып, қызметкерлердің уақыттарын тиімді өткізуіне ықпал етіп, түрлі жарыстар ұйымдастырады. Бұрын-соңды осындай алып кәсіпорында қызмет етіп көрмеген ол, жұмыс үрдісіне бірден кірісіп, қызмет саласын тереңірек тани бастады.
Оның айтуынша он бес жылдық еңбек жолында талай өзгерістерді бастан өткерген. Бұған дейін қолданыстағы елу жылдай қызмет еткен электр және механикалық қондырғылардың тозығы жетіп, істен шығуға жақын құрылғылармен абайлап жұмыс жасаса, бүгінде кәсіпорын жұмыс барысын жеңілдететін жаңа жабдықтармен біртіндеп толығуда. Алайда екі жыл бұрын орын алған апаттық тасқын су болу жағдайынан кейін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, станция қызметі әлдеқайда жақсарғанын айтады.
Қ.Сәтбаев атындағы каналдың суы Сарыарқа өңіріндегі орналасқан кәсіпорындар мен ауылшаруашылық өнімін өндірушілерді, тұрғындарды ауыз және шаруашылық сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бүгінде 35 шаруа қожалықтарымен су беру туралы келісімшарттар жасалды. Кәсіпорын аймақтағы Ақсу, Екібастұз қалалары және Шідерті ауылының ірі кәсіпорындарына суды уақытылы береді. Биыл табиғаттың тепе-теңдігін сақтау мақсатында каналдан жайылымдарға көктем мезгілінде 120 млн текше метр су босатылды.
– Соңғы екі-үш жылда кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі талқыға түскен еді. Жақында бұл сұрақтың шешімі табылып, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі еленіп, өндіріс саласындағы энергетик, металлург мамандарының еңбекақысына тең келетін жоғары жалақы алатын болады. Оған қоса, еңбек демалысына шығатын қызметкерлер бір айлық жалақы көлемінде емделуге арналған төлемге ие болады. Қазіргі таңда кәсіпорынның жағдайы жақсарып келеді. Ғұлама ғалым, данышпан аты берілген Қ.Сәтбаев каналы халықтың қажетіне еңбек етіп, белестерден көріне беруін қалаймын. Ұжымымызбен қоғамдық шараларды назардан тыс қалдырмай, өткен жылы Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында ұлттық спорт сайыстарын өткізіп, мұражайға қолдан жасалған естелік альбомды сыйға тарттық, – дейді кәсіпорын басшысының орынбасары.
Ұстаздықтан кәсіпорынға бет бұрған су шаруашылығының білікті маманы өмірлік серігімен бес қызды дүниеге әкеліп, өнегелі тәрбие берген. Бүгінде жасы 60-қа таяған Марат Мәкенов 4 жиені мен түрлі салада адал еңбегін өтеп жатқан балаларының қызығын көруде.
Салтанат ҒАББАС.