Елімізде көптен бері «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы (БЖЗҚ) табысты жұмыс істеп келеді. Оның филиалдары барлық облыс, қала, аудан орталықтарында орналасқан және салымшыларға қажетті қызмет түрлерін көрсетеді. Алайда, аталмыш мекемелердің нақты немен айналысатыны, қандай жұмыстар атқаратыны көпшілікке қызықты екені сөзсіз. Осыған орай, БЖЗҚ-ның Павлодар қаласы, Бұқар жырау көшесі, 4/1 үй мекенжайында орналасқан облыстық филиалының жұмыс барысымен танысып қайтқан едік.
«БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Дүйсембаева Нұржамал Шаймұханқызының айтуынша, бұл мекеме дүйсенбіден жұмаға дейін, яғни 5 күн бойы үздіксіз жұмыс істейді. Мұндағы мамандар таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін үзіліссіз еңбек етіп, екі тілде бірдей ел тұрғындарына қызмет көрсетеді.
— БЖЗҚ-ның Павлодар облы-сындағы филиалында барлығы 50-ге жуық қызметкер бар. Негізінде, аймағымызға қарасты үш қала мен барлық аудан орталықтарында бөлімшелеріміз бар және олар салымшыларға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде Екібастұз қаласында 6 маман, Ақсу қаласында 4 адамымыз еңбек етеді. Ал алыстағы ауыл халқына біздің Қордың көмегі қажет болған жағдайда, өзіміз барып қайтамыз. Ол үшін тұрғындар www.enpf.kz сайты арқылы өтініш қалдыруы немесе 1418 нөмірі арқылы байланыс орталығына хабарласуы қажет. Мамандарымыздың шалғайдағы елді мекендерге іссапарға шығып, тұрғындарға тиісті көмек қолын созуы үшін барлық жағдай жасалған. Осы мақсатта «Мобильді кеңсе» жұмыс істейді. Мұнда арнайы техникалар мен спутникті антенна, басқа да қажетті құрал-жабдықтар бар. Ең бастысы, бұл бағыттағы барлық қызмет тегін, — дейді Нұржамал Шаймұханқызы. Оның сөзінше, тек биыл жыл басынан бері облыстық филиалдың өкілдері алыс-жақын елді мекендерге шамамен 50 шақты
сапар шеккен.
— Негізі, біз 1 аптада кемінде 2-3 рет сапарға шығып тұрамыз. Қыс кезінде ауа райына байланысты саябырлап қалғанымызбен, күн жылына іссапарлар көбейеді. Ал келесі, 2024 жылы облысқа қарасты 81 елді мекенге бару жоспарланып отыр. Әр сапар сайын кемінде 3-4 ауылды аралап қайтамыз. Естеріңізде болса, бір жылдары бірнеше шағын ауылдар округ болып бірігіп жатты. Кішкентай бөлімшелер ауылдарға қосылып кетті. Осындай жағдайлар орын алған кезде сол елді мекенге жауапты әкімдіктерге шығып, хабарласып, өз салымшыларымызбен байланыстың үзіліп қалмауына баса мән береміз. Басты парызымыз – тұрғындардың сұрауы бойынша қажетті көмек көрсетіп, кеңес беріп, Қордың жұмысын түсіндіру. Бір қызығы, кейбір ауылдардағы үлкендер бізді көргенде: «Неге менің зейнетақым аз? Мен қашан зейнетке шығамын және қанша зейнетақы аламын? Балаларымның ипотекаға тұрғын үй алуы үшін шотымдағы ақшамды қалай ала алам? Менің зейнетақы қорындағы жиналған ақшамның көлемі қанша?» деген сияқты өздерін мазалаған сауалдарды жиі қойып жатады. Әрине, қолымыздан келгенше барлық сұраққа толыққанды жауап беруге тырысамыз. Егер біздің құзырымызға жатпайтын сауалдар болса, оны да айтып, қандай мекемеге бару керектігін түсіндіріп, бағыт-бағдар береміз, — дейді Нұржамал Дүйсембаева. БЖЗҚ мамандарының айтуынша, қазіргі таңда филиалдағы жұмыстың 70 пайызын операция бөлімі атқарады. Ал қалған жұмыстар IT және басқа да мамандарға тиесілі. Сондай-ақ, мұнда шаруашылық бөлімі, бақылау бөлімі, кеңсе бөлімдері бар. Олардың әрқайсысына жүктелген өзіндік міндеттері мен жұмыс істеу ерекшеліктері қарастырылған. Атап өтетін маңызды жайт, Қор өкілдері алыстағы ауылдармен қатар, өндіріс орындарына да барып, халыққа қызмет көрсетуден аянбайтынын айтады.
— Облысымызда ірі зауыттар көп. Ондағы қызметкерлер екі ауысыммен жұмыс істейді. Сол себепті кейбіреуінің біздің филиалға келіп-кетуіне уақыты болмай жатады. Мұндай жандарға қолдау көрсету үшін біздің барып қызмет көрсету бөлімінің мамандары зауыттарға шығып, қажетті көмек көрсетеді. Ол үшін алдын-ала жұмыс берушінің рұқсатын алады. Негізі, жұмысшылардың көбі телефон нөмірі өзгеріп кеткендіктен, Қордың қызметінен қол үзіп қалып, зейнетақы жинақтары жайлы мәліметтердің көшірмесін алу үшін хабарласып жатады. Сондай-ақ, мүгедектігі бар, БЖЗҚ кеңсесіне келуге мүмкіндігі жоқ жарымжан жандардың да үйіне барып, қызмет көрсетуге дайынбыз, — дейді директордың орынбасары.
– Бүгінгі таңда Павлодар облысында жарты миллионға тарта салымшы бар. Олар үшін зейнетақы жарналарының бірнеше түрін аудару жүйесі жұмыс істейді. Біріншісі —
міндетті зейнетақы жарнасы. Яғни, салымшы ай сайын айлық табысының 10 пайызын осы Қорға аударуға міндетті. Екіншісі – зиянды жұмыс істейтіндер үшін төленетін 5 пайыз қосымша міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы. Үшіншісі — ерікті зейнетақы жарналары деп аталады, мұнда әр адам өзіне немесе жақынына арнап шот ашып, зейнетақы жинағы үшін қаржы салып отырады. Келесі жылдан бастап жаңа өзгерістер бойынша жұмыс беруші де жарна төлейтін болады. Мамандар бұл өте тиімді екенін алға тартуда. Сонымен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс беруші де қосымша міндетті зейнетақы жарналарын аударуға міндеттеледі. Ескере кететін жайт, осы өзгеріс тек 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туған қызметкерлерге ғана қатысты. Олар үшін аударымдар жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүзеге асады деп жоспарлануда, –
дейді БЖЗҚ мамандары. Яғни, жұмыс берушінің кірісі негізге алынып, есептелетін болады. Бұл ретте, Нұржамал Дүйсембаева заңдағы өзгерістерді халыққа дұрыс түсіндірудің маңызы зор екенін айтады.
— Себебі, кейбір азаматтар жаңа өзгерістерді жіті түсінбегендіктен, өз қалауынша түрлі әрекет жасауға бел байлайды. Мәселен, қазіргі кезде зейнетке шығуға аз уақыты қалған кей адамдар жоғары зейнетақы тағайындалсын деген оймен жарналарын көбейтуге әрекет етуде. Ал заң талабы бойынша мемлекеттік ортақ зейнетақы төлемдері тек 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар адамдарға беріледі. Еңбек өтілі аталған жылдан кейін қалыптаса бастаған салымшылар Қорға қанша қаражат жинаса, зейнетақысының мөлшері де соншалықты деңгейде болады деген сөз. Осы жағын көпшілік дұрыс түсінуі қажет. Сондай-ақ, салымшыларға жеке шотыңызды үнемі қадағалап, тексеріп отырыңыздар дейміз. Қандай жұмысқа орналассаңыз да, заң бойынша әрекет етіп, міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден қашпаңыз, ешқашан «қара конвертпен» жалақыңызды алмаңыз дейміз. Себебі, сіз ертең мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектерден қағылып қалуыңыз мүмкін. Яғни, декреттік төлемдер, тегін медициналық қызмет, басқа да қолдаулардан құр қалуыңыз ықтимал екенін ескертеміз, — дейді Нұржамал Шаймұханқызы. Атап өтерлігі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнеткерлерге ғана емес, барлық азаматқа қызмет көрсетеді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, олардың қызметіне зейнетақы төлемдерін жүргізу, зейнетақы аударымдары жөнінде көшірме беру, елімізде еңбек ететін шет ел азаматтарының да зейнетақы жарналарын аударуына қызмет көрсету, қайтыс болған салымшылардың жинаған қаржысын мұрагерлеріне төлеп беру, басқа да көмек түрлерін көрсету жатады.
– Кез келген адам түсіне бермейтін бұл сала қоғамның әлеу-меттік, экономикалық, құқықтық даму деңгейін көрсетіп, елдің әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығы мен даму қарқынын анықтайды, – дейді мамандар. Соған қарағанда, осы салада еңбек ететін қызметкерлер де ерекше қабілетті, сауатты болуы тиіс екен деген ой түйдік. Ал біз пікірлескен «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаеваның экономист әрі заңгер мамандығы бойынша қос дипломы бар, жоғары білімді, тәжірибелі маман екенін ескерсек, бұған еш күмәніміз жоқ.
— Бізде жұмыс істейтін мамандар өте сауатты әрі жауапты болуы тиіс. Экономиканы жақсы меңгерген, елдегі өзгерістерді бағамдай алатын жан-жақты кадр болуы шарт. Мәселен, нотариалдық құжаттар бойынша, шет елдерден келген азаматтардың құжатын қабылдау барысында бір мәселелер туындауы мүмкін ғой. Мамандарымыз осының бәрін қалай тексеретінін, жұмыстың қыр-сырын жан-жақты білуі керек, — дейді Нұржамал Дүйсембаева. Миллиондаған салымшы сенім артып отырған «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның қырағы қызметкерлеріне әрдайым табыс тілейміз!
Нұржайна ШОДЫР.