Санақ мерзімі ұзартылды

Қыр 4, 2025

1 тамызда ел көлемінде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының бірінші кезеңі басталған еді. Әу баста санақтың бірінші кезеңі тамыздың соңында аяқталуы тиіс еді. Бірақ Ұлттық статистика бюросы шаруалар мен тұрғындардың ыңғайлылығы үшін бұл мерзімді 20 қыркүйекке дейін ұзартты.

Ауыл шаруашылығы санағы sanaq.gov.kz сайтында онлайн форматта өтеді. Бұл сайтта  ауыл шаруашылығы өндірушілері мен үй шаруашылықтарына арналған екі түрлі сауалнама парағы болады.

Атап айтқанда, өсімдік, мал немесе балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтары 2-АШК/ШФҚ санақ парағын толтыруы тиіс. Бұл сауалнама тоғыз бөлімнен тұрады және 29 сұрақты қамтиды. Онда жер учаскелерінің көлемі, олардың қалай пайдаланылып жатқаны, суару тәсілдері, жердің меншікке немесе жалға алынғаны туралы мәліметтер көрсетілуі керек. Сондай-ақ, сауалнамада шаруашылықтағы мал, құс, балық саны, қолданылатын техника, құрал-жабдықтар, қоймалар, сақтау орындары мен басқа да қажетті нысандар туралы ақпарат сұралады. Қатысушылар тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, органикалық өнім өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, жұмысшылардың саны мен олардың сипаттамасы жөнінде де мәлімет береді.

Бақша егетін немесе мал мен құс ұстайтын үй шаруашылықтары да санаққа қатысады. Олар үшін 3-ЖҚШ сауалнама парағы қарастырылған. Бұл сауалнамада қандай дақылдар өсірілетіні, қанша мал мен құс ұстайтыны, жайылымдарды қолданатыны, мал ұстауға арналған құрылыстардың бар-жоғы, өнімнің сатылатыны немесе жеке тұтынуға пайдаланылатыны туралы мәлімет беріледі. Үй шаруашылықтарына арналған сауалнама 8 бөлімнен және 22 сұрақтан тұрады.

Бұл ретте Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті өкілдері ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін онлайн-санақ кезеңі 20 қыркүйекке дейін ұзартылғанын хабарлады. Ал интервьюерлердің үй шаруашылықтарын аралайтын екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін болады.

Ауыл шаруашылығы санағына қатысты барлық сұрақ бойынша 1446 байланыс орталығына сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қоңырау шалуға немесе санақ сайтында орналасқан Sanaq myrza чат-ботына жазуға болады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.