Ертең Қазақстанның статистика саласының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтеді. Жалпы алғанда, бұл сала Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды.
Себебі, кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де статистиканың рөлі зор. Осы салада 20 жылға жуық еңбек етіп жүрген мамандардың бірі — Әсемгүл Оразалина.
Әсемгүл Ырсынбекқызы Торайғыров университетін орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша аяқтап, осы бағытта 1998-2005 жылдар аралығында мектепте жұмыс істеді. Әсемгүл ұстаздық етіп жүргенде, статистика саласы оны қатты қызықтырған. Сол себепті, осы бағытта қызмет етуді жөн санаған. 2005 жылдың маусым айында әкімшілік мемлекеттік қызметке түсіп, бүгінгі күнге дейін статистика саласында қызмет етуде.
— Мен үшін статистика, тіпті беймәлім болатын. Немен айналысады, қандай маңызды іс атқарады екен? – деген оймен жұмысқа кірістім. Жұмыс істей келе статистиканың маңыздылығын түсіндім. Бұл – экономиканың маңызды бағыттарының бірі. Әрбір статистикалық көрсеткіш — көптеген адамның еңбегі. Бір көрсеткіш арқылы бірнеше мәлімет алуға болады. Аталмыш сала өзінің жан-жақтылығымен қызық әрі тартымды, — дейді ол. Кейіпкеріміздің сөзінше, статистика қоғамды қажетті мәліметтермен қамтамасыз етеді. Дегенмен ол белгілі бір көрсеткіштердің айнасы болып қана қоймай, әр саланың келешекте қай бағытта дамуына байланысты шешім шығару үшін де маңызды рөл атқарады. Сондықтан статистика ғылымы әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды талдауды өзіндік әдіс-тәсілдер, ережелер жиынтығы арқылы жасайтынын айтады.
— Біздің басқарма жалпы Департамент қызметін жоспарлайды. Салалық және аудандық (қалалық) статистика басқармаларының қызметін үйлестіреді және статистикалық ақпаратты пайдаланушылармен жұмыс атқарады. Ай сайын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы электрондық кестелер шығарады. Бұқаралық ақпарат құралдарына салалар бойынша баспасөз хабарламаларын ұсынады. Сонымен қатар, статистикалық ақпаратты және статистикалық жарияланымдарды алу мүмкіндігі туралы пайдаланушылардың түрлі топтарын ақпараттандыру, пайдаланушылармен байланысты жөндеу мақсатында тұрақты түрде Ашық есік күндерін өткізеді, — деп түйіндеді Ә.Оразалина. Кәсіби мереке қарсаңында сала мамандарына зор денсаулық, жоғары кәсіби жетістіктер, тұрақтылық тілейміз.
Айдана БОРАНБАЕВА.