Павлодарда 200-ден астам Ұлттық ұлан сарбазы ант қабылдады. Жас сарбаздар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 5512 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге келген 200-ден астам сарбаз салтанатты түрде ант берді. Еліміздің әр аймағынан жиналған жас ұландар бір жыл көлемінде Павлодардағы қала тұрғындарының қауіпсіздігін күзетіп, жауынгерлік қызметті атқарады. Салтанатты шараға әскери бөлім басшылары мен ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, құқық қорғау органдарының және «Сарбаздар аналары» комитетінің өкілдері қатысты.

– Құрметті сарбаздар, сіздер Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демдерің қалғанша адал болуға, егеменді еліміздің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант бердіңіздер. Бұл – өте маңызды сәт! Біз осынау байтақ даланы мирас қылған, ғасырлар бойы ерліктің, табандылық пен батырлықтың үлгісі болған батыр бабаларымыздың жолын жалғастыра білуіміз керек! – деді әскери бөлім командирінің міндетін атқарушы Аңсаған Болатбеков.

Сарбаздарды құттықтаған подполковник ұландықтарға жауынгерлік қызметтеріне адал әрі қырағы болып, бір жылдық әскери борышын абыроймен орындап, аман-есен үйлеріне оралуды тіледі.

Өз кезегінде сарбаздар Отан қорғаушы деген қастерлі ұғымға берік болып, өздеріне сеніп тапсырылған жауынгерлік міндетті абыроймен атқаруға сенім білдірді. Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарынан шақырылған Отан қорғаушылар жауынгерлік қызметтің қыр-сырын үйреніп, әскери жарғыларды жаттаған.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.