Ұлт өнерінің феномені – төкпе жырдың төресі, дауылпаз әнші, талантты актер, сырлы сазгер Иса Байзақовтың 125 жылдығын Ертіс-Баян жұрты екі күн тойлады. 25-26 шілде күндері өзінің туған өлкесі – Ертіс алқабында Иса ақынның әндері әуелеп, жырлары тасқындап жатты. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Бұл — сахна өнеріндегі таза қазақ тумасы» деп баға берген дара дарын иесінің ұлы есімі ұлтының жүрегінде мәңгілік сақталғанын байқатты.
«Сарыарқаның дүлдүлі»
Ақынның мерейтойына арналған шаралар облыс орталығынан басталды. 25 шілде – жұма күні «Достық үйінде» ақын, әнші, композитор Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған «Сарыарқаның дүлдүлі» атты республикалық конференция өтті. Ақынның ұлт еншісіне қалдырған рухани мұрасы мен әдеби қазынасын сөз етуге бағытталған конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшелері, ақынның ұрпақтары және жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова барша жиналған қауымды Иса ақынның мерейтойымен құттықтап, алдағы шараларға сәттілік тіледі.
— Павлодар облысында әлемдік өркениетке өз үлестерін қосқан асыл перзенттеріміздің мерейтойлары аталып өтілуде. Солардың бірі – белгілі ақын, композитор Иса Байзақов. Ақын көптеген өлеңінде өз заманының тыныс-тіршілігін суреттеген. Ол әдеби шығармаларында адамгершілік қасиеттерді де жырлайды. Иса Байзақов 40-тан астам әннің сөзін жазып, көптеген қазақ әндерін нотаға түсірді. Ақынның өршіл де рухты жырлары мен сырлы әндері қазақ халқының жүрегінде мәңгі қалды. Баршаңызды ақын мерейтойымен құттықтаймын, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
Ақынның туған жерінде басталған дүбірлі тойға ұлы — Ертістен тараған немерелері де келіпті. Профессор Құралай Байзақованың сөзінше, ұрпақтары ақынның өмірін, шығармашылық жолын орыс тіліне аударып шығару жолында еңбектенуде. Сонымен қатар, атасының мерейін асқақтатқан жерлестеріне алғыс білдірді.
— Иса Байзақовтың шығар-машылығын Павлодар жұртшылығы жақсы біледі. Ендігі мақсатымыз – ақынның шығармашылығын бүкіл Қазақстан бойынша насихаттау. Сонымен қатар, Иса атамыздың кім екенін елдегі өзге ұлттарға да таныту үшін шығармаларын орыс тіліне аударуды қолға алып жатырмыз. Тағы бір апамыз – Мағфуза Байзақованың орыс тілінде кітабы жарыққа шыққан болатын. Сол кітапты биыл қайта бастырып шығарып жатырмыз. Онда Иса Байзақовтың өмірбаяны кең суреттелген. Жалпы, Иса ақынның өлеңдері мен әндерінің көбі елге ауызша жеткен. Бүгінде туған жеріндегі музейлерде ақын жайлы құнды деректер көптеп сақталған. Бірақ, бір өкініштісі, бүгінгі күнге дейін атамыздың жеке архивтік қоры жасақталмаған. Соның салдарынан көптеген шығармалары, кейбір поэмалары жоғалып кетті. Себебі, кезінде атамыздың басында тұрақты үйі де болмаған. Атап айтсақ, соғыс кезінде аттары шыққан қазақ батырлары, соның ішінде Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров туралы жазған еді. Ал кейбір поэмаларының басын бастап, аяқтай алмай кеткен. Одан бөлек, ақын атамыз кезінде қазақ радиосында қызмет еткені белгілі. Бірақ алтын қорда бірде- бір жазбасы қалмаған. Сондықтан алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтырып, жеке мұрағат қорын жинап, қалыптастыруға кірісіп жатырмыз, — деді Құралай Ертісқызы.
Конференцияға қатысқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Бауыржан Жақып және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Иса ақынның шығармашылығы, әдеби мұрасы туралы сөз қозғады.
Көмейінен бал тамған, ақындарым, келіпсің…
Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған іс-шаралардың негізгі бөлігі ақынның туған жері – Ертіс ауданында өтті. Ертіс ауылының аумағындағы жасыл шалғын алқап қазақтың ақ шаңқан киіз үйлерімен көмкерілді. Алты қанатты, сегіз қанатты, он екі қанатты ақ ордалар этноауылдың сән-салтанатын келістіріп, ежелгі көшпелі қазақ өмірін көз алдыңызға әкелгендей болды. Исаның тойы болады дегеннен бастап көпшіліктің тағатын тауысқан «Ертіс аясында» аталатын халықаралық ақындар айтысы аудан орталығындағы мәдениет үйінде басталды. Дүбірлі өнер додасына Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия елдерінен 12 ақын қатысып, киелі сахнаға көз тіккен қауымды саф өнердің саумалымен сусындатты. Айтыстың тізгінін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыс ақыны Аманжол Әлтай ұстады. Қазылар алқасына ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай төрағалық етсе, құрамында айтыс ардагерлері –
Серік Құсанбаев, Қойлыбай Асанов, Құдайберлі Мырзабеков және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Жанарбек Әшімжан мен Жарқынбек Амантай болды.
— Ұлтымыздың тау тұлғаларының бірі – сан қырлы өнер иесі Иса Байзақовтың 125 жылдығы құтты болсын. Сарыарқаның сахи даласын сән-салтанатқа бөлеген дауылпаз ақынның мерейтойы қазақтың рухани болмысын асқақтатуда. Өткен бабаларымызды ұлықтау, оларды құрметтеу – бүгінгі ұрпақтың қасиетті де қастерлі парызы. Иса Байзақов — қазақ поэзиясындағы эпикалық поэма жанрының арнасын кеңейткен тұлға. Ол – кешегі сахна өнерінің алыптарымен бірге театр өнерінің негізін қалаушы тұлғалардың бірі. Исаның репертуарында халық әндері мен халық композиторларының әндері қазақ опера өнерінің де арнасын кеңейткені ақиқат. Байзақов өнерінің алтын діңгегі – суырып салма ақындығы, импровизаторлық қасиеті. Жиырмасыншы ғасырдағы айтыс өнерінің бәйтерегі болған Иса бабамыздың рухына арналған ақындар айтысы әрбір мерейтойы сайын өтіп, өнерсүйер жұртты жауһар жырмен сусындатып келеді. Бүгін де сондай тамаша жыр керуенінің куәсі болып отырмыз, —
деді ақын Аманжол Әлтай.
Қазылар алқасы тарапынан жоғары ұпай алған алты ақын айтыстың екінші айналымына өтті. Олар Павлодар облысының намысын қорғаған қос ақын – Аспанбек Шұғатай мен Рауан Қайдаров, қарағандылық Дидар Қами, батыстан келген Талғат Мықи, шығыстың шайыры Серік Қуанған және Моңғолияның атынан келген Қабдолла Бейісхан.
Үлкен кітап көрмеге қойылды
Торайғыров кітапханасы Ертіс аудандық мәдениет үйінде Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған кітап көрмесін ұйым-дастырды. Көрмеге «Кереку-Баян кітапханасы» сериясы бойынша шыққан «Иса Байзақов» кітабының үлкен макеті қойылды. Сонымен қатар, ақынның өмірбаяны, шығармашылығы туралы кітаптар орналастырылды. Олардың қатарында ақынның «Құралай сұлу», «Ақбөпе» шығармалар жинағы бар. Одан бөлек қазақ ақын-жазушыларының Иса Байзақов туралы зерттеу еңбектері де көрермен назарына ұсынылды. Мысалы, белгілі жазушы Ахат Жақсыбаевтың «Иса ақын», Николай Ановтың «Ән қанатында», 2010 жылы Павлодарда шыққан «Иса Байзақов» кітабының үш томдығы, 1983 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасы шығарған «Өлеңдер мен естеліктерінің» екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы болды. Сол секілді Мұхтар Әуезовтің басқаруымен шыққан шығармалар жинағы, Мүбәрак Жаманбалиновтің «Әйгілі аудан – Ертісім» сынды құнды еңбектері қойылған. Одан бөлек, жақында ғана жарыққа шыққан Иса зерттеушілерінің еңбектері – «Байзақов биігі», «Дауылпаз», «Халықтың қасиетін жанмен ұққан» кітаптары да көрмеден орын алды.
Ұлы ақынның мерейтойына келген қадірлі қонақтар – Серік Құсанбаев, Қойлыбай Асанов, Құдайберлі Мырзабек, жерлесіміз Аспанбек Шұғатай сынды айтыстың ақтаңгерлері үлкен кітапқа өздерінің игі тілектерін жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Үш кітаптың тұсауы кесілді
Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған мерекелік думанның екінші күні ақын ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қоюмен басталды. Рәсімге облыс әкімі Асайын Байханов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Сенатының және Парламент Мәжілісінің депутаттары, Иса Байзақовтың ұрпақтары қатысты. «Ұлы тойдан ұлағатты із қалады» демекші, Иса ақынның биылғы тойынан үш бірдей рухани байлық қалды. Яғни, биыл ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған үш кітап жарық көрді. Сол құнды да құнарлы еңбектердің тұсауы да осы шара барысында кесілді. Оның бірі — «Байзақов биігі». Авторлары – Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай және филология ғылымдарының канди-даты Бақытгүл Қапасова.
Аталған жаңа кітаптың лентасын Иса Байзақовтың немересі Құралай Байзақова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов, Қазақстанның Құрметті журналисі Ғалия Балтабай кесті. Жарық көрген екінші кітап — «Халықтың қазынасын жанмен ұққан». Бұл құнды еңбекті құрастырған — Үлгілі ауылының тұрғыны Тұрсын Әділханқызы. Мұнда Иса туралы бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған тың деректер, ауылдастарының естеліктері бар. Бұл кітаптың тұсауын Ертіс ауданының тумасы, ақын Бақытжан Қанапиянов, Ертіс ауданының Құрметті азаматы Самат Мәненов кесті. Үшіншісі – жас ақын Мизан Жұмәлінің «Дауылпаз» жинағы. Бұдан автордың дауылпаз ақын Иса Байзақовқа арналған поэмасын оқи аласыздар. Аталған туындының тұсауын кесу рәсімі Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Бауыржан Жақыпқа, белгілі жазушы Ахат Жақсыбаевтың жұбайы Клара Әубәкіроваға берілді.
— Құрметті жерлестер, бүгін өздеріңізбен осындай мерекелі күні кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгін киелі Ертіс өңірінің төрінде қазақ мәдениетінің сардары, дауылпаз ақын, дүлдүл әнші, жыр алыбы Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына жиналып отырмыз. Иса Байзақов – халқымыздың біртуар дара тұлғасы. Сондықтан бұл мереке – еліміз үшін ортақ рухани мереке. Оның туған топырағынан шыққан перзенттері үшін ерекше мақтаныш. Бұл баршамыз үшін аса маңызды әрі рухани шабытты күн, — деді Айзада Амангелдіқызы. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын да оқып, Ертіс-Баян жұртына деген ыстық сәлемін жеткізді.
«Ертіс – Исаның жырынан нәр алған мекен»
Ертіс алқабындағы этноауылда Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған дүбірлі тойдың салтанатты ашылуы болды. Облыс әкімі Асайын Байханов барша Ертіс-Баян жұртын, ақынның ұрпақтарын және қонақтарды мерекемен құттықтады. Сонымен қоса, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып, ықылас сәлемін жеткізді.
— Қадірлі жерлестер, құрметті қонақтар! Бүгін жай ғана мереке емес, бұл — қасиетті Ертіс-Баян өңірінің рухты ұлына деген тағзымы мен құрметі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы бабаларды ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз» деп атап өтті. Дастарханымыздағы нанның бесігі атанған Ертіс ауданы — тау тұлғаны дүниеге әкеліп, оның жырынан нәр алған киелі мекен. Иса атамыз жырымен ғана емес, соңында қалған салиқалы ұрпағымен де ұлы. Бүгін де перзенттері ата есімін ардақтап, әр салада еңбек етіп жүр. Сарыарқаны әнімен тербетіп, жырымен өрнектеген Иса Байзақұлының өнегесі — өскелең ұрпаққа ұмытылмас мұра. Тау тұлғаларымыздың сара жолы мәңгі, еліміздің тұғыры биік болсын, — деді Асайын Қуандықұлы.
Осыдан кейін халықаралық ақындар айтысының екінші кезеңі басталды. Осыдан бір күн бұрын өткен бірінші кезеңнен ең көп ұпай еншілеген өрен жүйрік ақындар ақтық мәреде тағы тамаша айтыс жасап, көрерменнің көңілін жауһар жырмен суарды. Айтыстың ақтық кезеңінің алғашқы жұбы болып моңғолиялық Қабдолла Бейісхан мен жерлесіміз Рауан Қайдаров сөз сайысын бастады. Екінші жұпта Шығыс Қазақстан облысынан келген Серік Қуанған батыстың жүйрігі Талғат Мықимен айтысты. Сонымен қатар, Қарағанды облысы үкілеп жіберген Дидар Қами мен жерлесіміз Аспанбек Шұғатай тартысты айтыс жасады.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен Аспанбек Шұғатай айтыстың бас жүлдесін жеңіп алып, «Алтын домбыра» айтысына жолдама алды. Сонымен қатар, Ертістің өнер жанашырлары тіккен темір тұлпардың кілтіне ие болды. Бірінші орынды Дидар Қами еншілесе, екінші орынға Рауан Қайдаров лайық деп танылды. Ал үшінші жүлде Талғат Мықи, Серік Қуанған, Хавдолла Бейісхан және Асылбек Маратов (Қырғызстан) сынды ақындарға берілді. Айтыстың арнайы жүлдесін Алматыдан келген Қазірет Бердіхан қанжығалады.
Осы күндері ұлттық спорт түрлері бойынша бәйге, көкпар және қазақ күресінен жарыстар өтіп, мықтылар мен жүйріктер анықталды. Қазақ күресінен 90 келіден жоғары түйе палуандар белдесуінде майқайыңдық Мұхтар Дәлелхан жеңімпаз атанды. 90 келіге дейінгі салмақ бойынша Ақтоғайдың үміткері Еламан Ерғантай жеңіске жетті. Аламан ат бәйгесінде астаналық «Покер» есімді тұлпар бірінші болып келді, шабандозы – Дамир Лесбек. Топ бәйгенің мәресін шығыстың жүйрігі «Моли» бірінші бағындырды. Оның шабандозы – Тұрсын Сенім. Ал көкпар ойыны бойынша ең көп салыммен көзге түскен Екібастұздың «Ақкөл Сайфуллах» командасы жеңісті қолдан жұлып алды. Екінші орын Баянауыл ауданының, үшінші орын Ертіс ауданының командасына бұйырды.
Тілеуберді САХАБА.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев,
Есенжол Исабек. Ертіс ауданы.