Сары уайымға салынуға уақытым жоқ

Ақп 6, 2025

Өмір ақ пен қарадан тұратыны сияқты қуаныш пен қиындық та қатар жүреді. Адам баласының алдынан түрлі сынақ шығады. Сан түрлі тағдыр тауқыметіне тап болуы ықтимал. Оны көтеретін адам бойында күш пен жігер табылса, қараңғы түннен кейін жарқырап күн шыққанына куә болады. Айналамызда да осындай сынақтарға сынбай, табандылық танытып, өмір сүруге құлшынып, оны жеңе білген қаншама жандар жүр. Олар өмірге ерекше ғашық. Әр сәтінен бақыт таба біледі. Олардың тағдыры, жеткен жетістігі, ауыртпалықты еңсеру жолы өзгеге ой салары анық. Осындай мақсатпен «Өмірге құштарлық» атты жаңа айдарымызды бастамақпыз.

Жаңа айдарымызға кейіпкер іздеп, бірқатар мемлекеттік мекемеге сұрау салдым. Жақсы бір жан тауып береді-ау деген азаматтарға да хабарластым. Содан  арбаға таңылса да, көп адамның қолынан келмес іс тындырып жүрген Елена Юрченко есімді павлодарлық тұрғынның байланыс телефоны қолыма түсті. Бірден хабарласып, кездесуге асықтым. Тілдесіп, жақын танығым келді. Кейіпкерім жұмыс кестесінен әңгімелесуге жарты сағат уақыт әзер тапты…

Екі аяқтан тұра алмай қалды…

Кеңсесіне кірсем, алдында есеп-қисаптың, жоба-жоспардың түрлі қағазы үйіліп жатқан, іскерліктен басқа уайымы байқалмайтын жанды көрдім. Хал сұрасып алған соң Елена Валерьяновнамен әңгімені әріден бастадық…

— 1997 жыл. Тісім ауырып, жұлғызған едім. Ол кезде білесіздер, ауруханаға да керек-жарақты, спирт пен мақтаға дейін өзімізбен бірге апаратын едік қой. Тіс жұлған соң ірің ары кетіп қалыпты. Ол жұлынға жетіп, қысым жасаған. Содан небары 23 жасымда екі аяқтан жүре алмай қалдым. Бір ай ауруханада, екі ай үйде төсек тартып жаттым. Тоқырау жылдары қайбір оңалту мүмкіндігі болды дейсіз. Әупірімдеп жүріп, арбаға отыратын халге жеттім. Әйтеуір, ата-анамыздың қолында тұрғандықтан, оған қоса күйеуім мен ұлымның көмегімен көп ауыртпалықты аса сезінбедім, — дейді кейіпкеріміз.

Екі жылдан кейін жас отбасы бөлек шығып, күн көруге бел буады. Шағын бір уақытша тұратын баспананы жалға алады. Одан кейін күйеуі Олег Анатольевичке жұмыс орнынан қызметтік пәтер беріп, жаңа қонысқа көшеді. Бірақ, онда не пандус, не лифт болмаған екен. Ұлы Роман сабақ арасында жүгіріп келіп, анасын көтеріп, үйіне жеткізіп, қолғабыс еткен. Содан соң Еленаның өзінің де пәтер кезегі келіп, лифті мен пандусы бар жайлы баспанаға қоныс аударғаннан кейін сыртқа кіріп-шығуы біршама жеңілдеген. Елена Валерьяновна мүмкіндігі шектеулі жандар жолында кездесетін көп кедергі – медицинада деп есептейді.

— Көп жағдайда қолына мүгедектікке шыққаны туралы анықтама ұстатылғаннан кейін ары қарай қайда барып, оңалтудың қандай шарасын қабылдау керектігі туралы ақпарат дәрігерлер тарапынан айтылмайды. Тиісті құрал-жабдықтардың да тізімін барынша кем жазуға құмар. Қазіргі таңда өзгелерге кеңес те беремін. Күні кеше ғана бір әйелге өмір бойына мүгедектік тағайындалыпты, бірақ, жеке оңалту бағдарламасы жасалмаған. Оны алу үшін қайтадан комиссия алдына барасың депті. Қалай ашуланбайсыз? Тағы бір төсек тартып жатқан баланың анасы сегіз жыл бойы оған арнайы аяқ киім ала алмай келді. «Балаңыз жүрмейді, оған не үшін керек» деген уәжбен шығарып салып отырған. Сал аурумен жатқан баланың аяғын арнайы аяқ киіммен түзулеп қою қажеттігін білмейді ме сонда? Өзім екі аяғым жансызданып қалғанда арбаға қалай отырып-тұру керектігін білмедім. Оны түсіндіретін маман жоқ. Қазір интернетпен оны, әйтеуір біліп алуға болады. Тоқсаныншы жылдары мүмкіндігі шектеулі жандардың ұйымдары жайында да ақпарат аз еді. Бір күні жергілікті телеарнадан «Оптимист» қоғамында кездесу болғаны туралы хабарды көріп, соған барғаным есімде. Мен арбаға таңылғаннан кейін тек төрт жыл  өткенде арбада отырған адамдарды көрдім. Өйткені, ол кезде көбі төрт қабырғаға қамалып отыратын еді, — дейді жанына бататын жайларды айтқан Е.Юрченко.

Оңалту шараларының да елімізде ойға қонымсыз екенін алға тартады. Жылына 21-28 күн қарастырылған. Бұл еш өзгеріс әкелмейтін көрінеді. Екі жылда өзгеріс әкелмесе, келесі жылында тіпті алып тастайды екен. Сондықтан, оңалтуды ұзартып, кезіндегідей айлап емдеудің қолға алынғанын қалайды.

Жеке брендпен – жаңа белеске

Біздің кейіпкеріміз қанша кедергі кездессе де, мойыған емес. Арбаға таңылғанға дейін еңбек етіп, үйреніп қалған ол қол қусырып отыра алмаса керек.

— Арбаға таңылмай тұрып, метеоролог болып еңбек еттім. Ауысыммен жұмыс істейтінмін. Үш күнде бір шығатынмын. Бос күндері көшеде балмұздақ сататынмын. Сол әдетім бар, жалпы бос отыра алмайтынымды түсіндім. Содан 2002 жылы базар аралап келе жатып, тігінші әйелге жақындап, «тігіннен хабарым бар, үйге тапсырыс берсеңіз» деп қолқа салдым. Ольга есімді тігінші ұсынысымды қолдап, өлшеммен пішіп дайындалған матаны үйіме жеткізіп беріп отырды. Дайын өнімді аптасына екі рет инватакси шақырып, ұлым Романнан жөнелтіп жүрдім, — дейді іскер Елена Юрченко.

Өмірге құштар жан мұнымен шектелмейді. Оқу-білім алып, алға басу қажеттігін түсінеді. Сөйтіп, 2005 жылы экономикалық білім алуға институтқа оқуға түседі. Экономикадағы ақпараттық жүйе мамандығын тәмамдайды. Бірақ, бұл мамандық бойынша жұмыс істемесе де, кейін бухгалтер біліктілігін алып, білімін жетілдіреді. Міне, осы білім-білігі Павлодарда «Сострадание» атты қоғам құрып, жеке кәсіппен айналысуға жетелейді.

— 2012 жылы тендерге қатысып, инватакси қызметін көрсетуді ұтып алдым. 2015 жылы павлодарлық нарыққа алматылық компания көлігі аз болса да, арзан бағамен еніп, тендерден қағылып қалдым. Естеріңізде болар, сол жылдары қалада инватакси жетпей, көпшілік қиналып қалып еді. Тендерде ұтылсам да, өмірде ұттым. Бұл жағдай жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Басқа тауарлар тендеріне қатысуға ұмтылдым. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті тауарларды жеткізуші ретінде қызмет еттім. Бұл инватаксиден әлдеқайда тиімді болып шықты. Жыл сайын тауар түрін көбейтіп, барынша сапалы қызмет етуге тырыстық. Бұл кезде екі әпкем жәрдемдесті. Кейін олар саудада өз бағыттарын таңдады, — дейді іскер жан.

Осылайша, арбамен-ақ тау қопаруға қауқарлы екенін танытып жүр. Өзін ғана емес, тағы сегіз жанды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың алтауы — мүгедектігі бар азаматтар. Осы ретте, ұжымының адал әрі еңбекқор екенін ерекше атап өтті. Бәрі кәсіпорынның ісі алға басуына тілектес әрі үлес қосудан тартынбайды, дейді.

Айтпақшы, кездесуге барғанда тарихи сәтке куә болдық. Елена Валерьяновнаның «Dry» атты жеке брендімен Қытайда өндірілген өнімінің алғашқы үлгілері жеткізілді. Кейіпкеріміз балаларға арналған жөргектер мен жаялықтар шығаруды қолға алып отыр.

— Бұл жеке брендімізді өндіру үшін көп жұмыс атқарылды. Міне, соның алғашқы нәтижесі қолымызға тиіп, кеудемді қуаныш кернеп отыр. Жаңа белес – бұл. Енді тауарымызды сертификаттан өткізіп, жуық арада Wildberries маркетплейсі арқылы сатылымға шығарамыз. Біз сапаға мән бердік. Сапасы арқылы өзгелермен бәсекелесе аламыз, — дейді іскер жан.

Талпыныс өзіңнен болуы тиіс

Аяғымен жер басып, еркін жүру мүмкіндігінен айырылса да, он екі мүшесі сау адамнан озып тұр. Сөзінен әлі де өркендеуге деген құлшыныс байқалды. Соған қарап, кейіпкерімнен күш пен қуатты қайдан алатынын сұрадым.

— Шыны керек, күштің қайдан келіп жатқанын білмеймін. Алға ғана қараймын. Жұмыстың көптігінен сары уайымға салынуға уақытым жоқ. Қоғамымыздың жұмысы бар, кеңес сұрай жүгінгенге де көмегімді аямаймын. Нарықты саралаймын. Үйге барып та түнге дейін есеп-қисабымды жүргізіп, алдағы күннің жоба-жоспарын жасаймын. Бәлкім, жұмысымнан қуат алатын болармын, — дейді Елена Юрченко.

Әлбетте, бизнес биігіне шығуына жақындарының өлшеусіз қолдауының септігі тиді. Десе де, біздің кейіпкеріміз адамның өз бойында талпыныс, ниет, құлшыныс болмаса, қанша жерден көмек пен қолдау көрсетілсе де, алға баспайды деп есептейді.

— Иә, туыстарым, күйеуім мен балам жан-жақты қолдау, көмек көрсетіп келеді. Бірақ, қандай істе де адамның өзінің ұмтылысы болуы тиіс. Біреуге ақыл айтарсыз, алайда, оның ниеті болмаса, оны жасауы екіталай. Мәселен, өз басым мүгедектігі бар бірнеше адамға тендерге қатысуға жол көрсетіп көрдім. Бірақ, олар орта жолда тастап кетті. Сондықтан, бойыңда өмірге құлшыныс болмаса, алға ұмтылыс болмаса, нәтижеге жете алмайсың, — дейді кәсіпкер.

Елена Валерьяновнаның ең басты арманын сұрадым. Іштей аяғынан тұрып кету болар деген едім. Бірақ, кейіпкеріміз әпкелерімен бірлесіп, үлкен қоймасы мен кеңсесі, көрме залы бар сауда орнын ашуды армандайтынын айтты. Ал денсаулығына қатысты тағдырға көндім, медицина ешқандай үміттендіріп отырған жоқ әрі оған бас қатырмаймын, дейді. Бәлкім сол дұрыс шығар. Уайым-дағаннан мәселе шешіліп кетпейді емес пе? Бұл кездесуде Елена Валерьяновна мүмкіндіктің еш шектеусіз екенінің дәлелі екенін ұғындым. Өмірге құштарлық адамға қанат бітіріп, талай асудан асыратынын түсіндім.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.