Жыл басынан бері облыстағы сауда нысандарында 3 өрт тіркелді. Өткен жылы осындай 8 факті орын алған еді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов мәлім етті. Оның айтуынша, мамандар сауда орындарындағы өрт қауіпсіздігін тұрақты түрде бақылап келеді. Жуырда облыс аумағында «Қауіпсіз сауда» республикалық акциясы өткізілген. Шараға барлығы 70-ке жуық адам қатысқан. Оның ішінде азаматтық қорғау, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен еріктілер  бар.  Республикалық акция аясында 96 сауда нысанында профилактикалық жұмыс жүргізілген. Аталған орындарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 536 ұсыныс берілген. Сонымен қатар, 7 ірі сауда нысанында арнайы өртті сөндіру және азаматтарды эвакуациялау бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.

— Естеріңізде болса, биыл ақпан айының басында Семей қаласындағы «Ақшың» сауда үйінде ірі өрт тіркелген еді. Тілсіз жау 6 мың шаршы метр аумақты шарпыды. Сауда алаңы қызыл жалынның салдарынан күлге айналды. Ал 16 шілде күні Алматы қаласындағы «Мизам» базары, 17 шілдеде Астанадағы «Ажар» сауда үйі өртенді. Соңғы нысандағы өртті сөндіру ісі күрделі санатқа жатады. Себебі, тез жанғыш материалдың көптігі, ғимараттың күрделі орналасуы жағдайды қиындатты. Бұдан бөлек, құрылыс материалдарының құлау қаупін тудырды. Сондықтан сауда нысандарында өрт қауіпсіздігі мәселесі бірінші кезекте болуы тиіс. Адам көп жиналатын нысандардың әр қызметкері өрт қауіпсіздігі ережесін білуге әрі сақтауға міндетті, — деді Қайрат Зиядаұлы.

Қайрат Шаймарденов сауда нысандарында тілсіз жаудың орын алуына көп жағдайда өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауы себеп болатынын айтады. Облыста тіркелген өрттің дені электр сымдарының тұйықталуынан орын алған.

Бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің есебінде жалпы ауданы 2  мыңнан асатын 95 сауда орны мен ойын-сауық орталығы бар. Мамандар аталған мекемелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Қайрат Зиядаұлы облыстағы сауда нүктелері департамент тарапынан жылына бір мәрте тексерілетінін айтты. Өрт қауіпсіздігін сақтау кезінде ереже бұзылған жағдайда нысан иесіне ұйғарым беріледі. Егер ол олқылықты 3 айдың көлемінде түзетпесе, іс материалы әкімшілік сотқа жолданып, кәсіпкерге айыппұл салынады. Сонымен қатар, мамандар сауда нүктелерін тұрғындардың шағымы бойынша да тексере алады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.