Павлодар қаласында саябақтар мен скверлерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шаһар тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс аймағындағы ауқымды жұмысты мердігер «Шахмарданов» жеке кәсіпкерлігі қолға алған.
Биыл облыс орталығында 17 заманауи шағын саябаққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2026 жылы тағы 15 аумақ абаттандырылады деп күтілуде. Қазір қала көшелерінде бұрын бос және күтімсіз болған алаңдарға жарықтандыру тартылып, тұрғындарға арналған орындықтар мен әткеншектер орнатылды.
Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубайдың айтуынша, қазір саябақтар мен скверлерде жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте мердігер шамдарды ауыстыру, кабельдік желілерді жөндеу және жаңарту, автоматтар мен қосалқы бөлшектерді ауыстыру сынды жұмыстарды жүргізеді. Биыл 88 аумақта заманауи шам (торшер) орнату көзделуде. Заманауи құрылғылар қала тұрғындары мен қонақтарының кешкі уақытта көшеде емін-еркін қозғалуына, саябақта тынығуы мен демалуына ыңғайлы жағдай туғызады.
— Шаһардағы саябақтар мен скверлерде серуендейтін тұрғындарға заманауи шамдар жарық сыйлайтын болады. Бұл ретте Ломов көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер аймағы — Ворушин көшесінен Павлодар монтаждау колледжіне дейінгі аумақта, Ломов көшесі, 163-үй мен Павлов көшесі, 15-үйдің артында орналасқан жаяу жүргіншілер аймағы және №27 балабақша мен Қайырбаев көшесі, 80-үйдің арасындағы жаяу жүргіншілер аймағына заманауи шамдар орнатылады. Өтініштер түнгі тексеру кезінде, 109 қызметі және «e-Otinish» платформасы арқылы қабылданады, — дейді М.Қаржаубай.
Павлодар қаласының тұрғыны Ақтоты Мергенбаева үйінің жанындағы скверде демалуды әдетке айналдырғанын айтады.
— Қайырбаев көшесі, 96-ншы үйде тұрамын. Зейнеткер болғаннан кейін түскі және кешкі уақытта көшеге шығып серуендегенді жөн көремін. Тұрғын үйдің артында жаңа сквер ашылып, төбесі күннен қорғайтын заманауи орындықтар молынан орнатылды. Біз сияқты қарттар үшін өте ыңғайлы жасалған. Қазір кеш ерте батады, сағат 16.00-де дала қап-қараңғы. Сондықтан жарықтандыру жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанына ризамын. Скверге кешке немереммен бірге шығып, бір сағат көлемінде серуендеп келеміз. Айналамыз жап-жарық, тамаша! — дейді қария.
* * *
Павлодар қаласында көшелерді жарық құрылғыларымен безендіру және сәулеттік жарықтандыру орнату жұмыстары өз жалғасын табуда. Өткен жылы Баян батыр көшесіндегі ағаштарға жарық шамдары ілініп, шаһарға ерекше көрік берді.
Бұл жоба биыл да жүзеге асырылуда. Лермонтов көшесі мен Назарбаев даңғылында 700-ден астам ағашқа жарық орнатылған. Сонымен қатар, бірқатар қала көшесіндегі 17 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне сәулеттік жарықтандыру орнатылды. Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта облыс орталығындағы басқа да көшелерде иллюминация орнату жұмыстары жалғасады. Жарықтандыру қала келбетінің жақсаруына және жайлы, заманауи атмосфера қалыптастыруға өз үлесін қосады.
— Болашақта ак.Сәтбаев, Астана көшелеріне де иллюминация жұмыстары жүргізіледі. Бұл — жаңа жылдық безендіру емес, жыл бойына жүргізілетін ауқымды жоба. Әсем келбет қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын болады, — деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.
Қала тұрғындары мен қонақтары көшелерде жүргізіліп жатқан ілкімді істерге көңілдері толатынын жеткізіп, ризашылықтарын білдіруде.
А.АСҚАРҚЫЗЫ, Павлодар қаласы.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
