Сағаттап санасын улатпайды

Нау 27, 2025

Соңғы уақытта ата-аналар балаларының телефонға телміріп, түрлі пайдасыз дүниелерді көріп, денсаулығына, санасына зиян келіп жатқанына алаңдайды. Ауызша айтқанмен, балалар айласын тауып, әлеуметтік желідегі әртүрлі керексіз контентке көбірек кіріп кететіні бар.

Әсіресе, өскелең ұрпақтың көбі TikTok желі-сінде сағаттап отырып, сапасыз дүниелермен санасын улауда. Түн ортасына дейін тығылып, TikTok-қа байланып қалатындар аз емес.

Міне, енді осы олқылықты реттеу үшін TikTok жаңа функция енгізуде. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева фейсбуктағы парақшасында жазды. Бұл жазбаға қарағанда TikTok ата-аналарға арнап жаңа шектеу мүмкіндігін жасауда.

— TikTok жасөспірімдерді қорғау және ата-ана бақылауын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру жұмысын жалғастыруда. Платформа қосымшада балалардың белсенділігін басқаруда ата-ана-ларға көмек көрсетуге және жастар үшін қауіпсіз цифрлық орта жасауға бағытталған жаңа функциясын іске қосатыны туралы хабарлады, — деп жазды министр парақшасында.

TikTok «Отбасылық баптаулар» бөлімінде ата-аналарға жасөспірімдердің қосымшаға қолжетімділігін белгілі бір уақыт аралығында шектеуге мүмкіндік беретін жаңа функцияны енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, платформа сағат 22.00-ден кейін TikTok-ты пайдаланатын жасөспірімдердің назарын аударып, тынығуына көмектесетін жаңа мүмкіндікті іске қоспақ. TikTok-тағы ата-аналардың бақылау жүйесінің бір бөлігі саналатын «Отбасылық баптаулардың» іске қосылғанына бес жыл болған. Осы жылдар ішінде ата-аналардың кері байланысы мен сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, TikTok жаңа функцияларды бірнеше рет енгізіп келеді.

Бұл жолы TikTok қолданбасының әзірлеушілері «Демалыс» деген жаңа функцияны қосты. Ол қосымшаны белгілі бір уақытқа бұғаттауға мүмкіндік береді. Енді ата-аналар балаларына TikTok-қа қол жеткізуді шектеу уақытын белгілей алады. Мысалы, оқу уақытында немесе түнгі уақытта кіруіне шектеу қоя алады. Цифрлы детокстқа қол жеткізу үшін қайталанатын кестені орната алады. Оған қоса «Отбасылық баптаулардың» жаңа функциясы ата-аналарға балаларының аккаунттары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Балаларының TikTok-та кімдерді бақылап отыратынын және олардың аккаунтына кімдер жазылғанын көре алады. Қандай қолданушылардың аккаунттарын бұғаттағанын да біле алады. Тіпті ата-аналардың бақылауы қосылмаған кезде де, алдағы айларда TikTok жасөспірімдерге қауымдастық ережелеріне сәйкес келмейтін контент туралы ата-аналарына хабарлау мүмкіндігін қосуды жоспарлап отыр.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.