Жақында №6679 Ұлттық Ұлан әскери бөлімі Отан алдындағы борышын бір жыл бойы абыроймен атқарған 100-ден аса жауынгерді үйлеріне салтанатты түрде шығарып салып, құрметтеу рәсімін өткізді. Шара барысында үздік сарбаздарға Алғыс хаттар табысталды.
Бөлімнің әскери даярлық алаңында сап түзеген сарбаздар бір жыл бұрын ана мен әке құшағынан, туған өлке топырағынан алысқа ұзап көрмеген уыздай жастар еді. Жетіле келе Отан алдындағы әскери борыш, абыройлы міндет оларды Павлодар қаласында орналасқан №6679 Ұлттық ұлан әскери бөліміне жетелеп келді. Мұндағы темірдей тәртіп, оқу мен жаттығу олардан қайыспас қайсар тұлға мен жігерлі жігіт қалыптастырды. Міне, осындай әскери антты берік ұстанған 100-ден астам сарбазға салтанатты шара ұйымдастырлып, қадірменді меймандар шақырылды. Облыстық «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова арнайы қатысып, сарбаздарға ақ батасын берді. Айта кетейік, №6679 әскери бөлімінен Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ақмола облыстарынан келген сарбаздар үйлеріне оралады. Бір жылын есте қаларлықтай қызықты өткізген жауынгерлер дос тауып, әскери өмірдің қыр-сырын үйренген. Түрлі оқу-жаттығу сабақтарына машықтанып, темірдей тәртіпке дағдыланды.
Бөлім басшысы, подполковник Аманжол Әйтенов сарбаздарға алдағы азаматтық өмір жолында сәттілік тілеп, өнегелі сөздері мен өрелі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, өз кезегінде қызметтік міндеттерін адал орындап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, өздеріне берілген түзету мекемесін қырағылықпен күзетіп, жауынгерлік дайындықта үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар марапатталды.
— Сіздер жүрген жерлеріңізде өзгелерге үлгі болуға міндеттісіздер. Ана мен әкеге қамқор, бауыр мен қарындасқа жанашыр болып, өмірде өз орындарыңызды табуға тиіссіздер. Бұл — Отан жүктеген міндет. Бір жыл бойы әскери саланың қыр-сырын үйреніп, әскери техника мен түрлі қару- жарақты меңгеріп, нағыз ер азамат атандыңыздар. Енді сіздер еліміз бен жерімізді қалай қорғау керек екенін білесіздер. Осы әскери өмірден алған тәлім–тәрбиелеріңіз алдағы азаматтық өмірлеріңізге өз көмегін тигізетініне сенімдімін, — деді әскери бөлім командирі.
Құрметтеу шарасы аясында әскери бөлімге қарасты ардагерлер кеңесінің мүшелері сөз сөйлеп, сарбаздарға ақылын айтса, сарбаздар әскери бөлім қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Мәселен, Отан алдындағы әскери борышын өтеп, үйіне қайтқан сарбаздың бірі — Темірлан Ақылбек әскери қызметшілердің темірдей тәртібінің арқасында толыққанды азамат атандық деп ізгі тілегін ақтарды.
— Мен — Семей қаласының тумасымын. Әскери борышымды өтеуде
1 жыл көзді ашып-жұмғанша өтті. Отан алдындағы азаматтық міндетімді адал атқардым деген ойдамын. Болашақта әскерге бара жатқан жас сарбаздарға ешқашан әскери борышты өтеуден қашпаңыздар, әр сәтте өзінің Отанын қорғауға дайын болып, Отанға деген мақтаныш пен құрметпен, сүйіспеншілікпен және махаббатпен қараңыздар деймін. Себебі, еліне қорған болу — әр азаматтың борышы. Ал әскери антты берік ұстап, аман-есен үйлеріне оралу әр сарбаз үшін үлкен абырой екені анық, — деді сарбаз.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.