Биыл есімі елге танымал жерлесіміз, белгілі режиссер, КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына — 110 жыл. Осыған орай Торайғыров университетінің ұйытқы болуымен «Шәкен Айманов және Қазақстанның қазіргі мәдениетіндегі кинематографтың рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Игі шараға облыс әкімі Асайын Байханов, мерейтой иесінің көзін көрген өнердегі шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист әрі продюссер Сламбек Тәуекел, Қазақстанның театр және кино актері Ергенбай Әбуов, Қазақстанның халық әртісі, профессор Шахимардан Әбілов және өзге де зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Алдымен көпшілік назарына Шәкен Аймановтың ұлт мәдениетіне қосқан зор үлесі мен шығармашылығы жайлы арнайы түсірілген бейне көрсетілім ұсынылды. Бұдан соң Торайғыров университетінің ректоры, профессор Еркін Садықов құттықтау сөз алып, белгілі кинорежиссердің 110 жылдығына орай жоғары оқу орны бұрын-соңды жарияланбаған тың деректерге толы «Сұңғыла» атты жаңа кітапты баспадан шығарғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол бұл еңбекке Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Әкім Тарази, Әшірбек Сығай, басқа да өнер адамдарының әр жылдары жазылған естеліктері мен жақын туыс-тарының мақалалары енгенін айтты.
Конференция қатысушыларын аймақ басшысы Асайын Байханов та айтулы шарамен құттықтады.
— Шәкен Кенжетайұлы – ұлттық кино әлемінің символына айналған тау тұлғалардың бірі. Оның «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» сынды фильмдері талай ұрпақты тәрбиелеуде. Бүгінде қазақ киносының қара шаңырағына айналған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында халқымыздың ұлттық болмысын танытатын фильмдер түсірілуде.
Шәкен Айманов — ел мақтанышы. Ұлы тұлғаның мұрасын сақтауға біз барынша атсалысуға дайынбыз. Сондықтан бүгінгі іс-шара дарынды талант иесінің бейнесін танытудағы маңызды қадамдардың бірі деп білемін, — деді облыс әкімі өз сөзінде.
Алқалы жиында алыс-жақыннан келген өнер иелері де сөз тізгінін алып, Шәкен Аймановтың ерен еңбегі мен адамгершілік қасиеттері жайлы құнды естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі — есімі елімізге белгілі режиссер Сламбек Тәуекел:
— «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған…» демекші Шәкен ағаның көзі жоқ болса да, оның елі үшін, қазақ мәдениеті үшін жасап кеткен ісі, артына қалдырған мол мұрасы ғасырларға ұласады. Яғни, атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Ол сегіз қырлы, бір сырлы, өмірге өте құштар адам болды. Мен кезінде Шәкен Кенжетайұлымен араласып тұрдым. Өте қарапайым еді, сол қасиетіне қайран қалатынмын. Біз бүкілодақтық кинематография институтында оқып жүргенімізде ол жиі келіп, ағалық ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп, дәріс оқып тұратын. Арасында студенттерге өз қолымен дәмді палау пісіріп беріп кететін. Ол кісінің аспаздық өнерден де құр алақан емес екендігін сонда көрдім. Мен Шәкен ағаны өн бойы өнерге тұнған өте талантты тұлға ретінде танып білдім. Тіпті, оның Мәскеу фестивалінде ағылшынның атақты әртісі Элизабет Тэйлормен билеп, бірінші орынды жеңіп алғаны соның дәлеліндей.
Жалпы, ойлап отырсам, бұл кісі істемеген жұмыс жоқ екен. Ол Жоғары Кеңес депутаты болып сайланды, мемлекеттік комиссиялардың құрамына енді әрі телестудия мен кинемотография саласында да елеулі еңбек етті. Осындай жан-жақты адамның мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде өткізуге де болар еді, — деді.
Айтулы шараға арнайы келген қонақтардың бірі, актер Ергенбай Әбуов те өз пікірін білдірді.
— Әдемі жеміс құнарлы топырақтан шығады. Сол сияқты Баянауыл өңірі қазақ халқына біртуар ғұламалар мен өнерлі адамдарды сыйлады. Солардың бірі – Шәкен ағамыз. Мен ол кісіні өз көзіммен көрмесем де, онымен әріптес, тағдырлас болған адамдармен бірге еңбек еттім. Олардан Шәкен Кенжетайұлы туралы жағымды естеліктер мен әсерлі әңгімелер көп естідім. Ол кісі әзілқой адам болған деседі, жүрген жерінде жұрттың көңілін көтеріп, астарлы қалжыңымен көптің есінде қалғанын түсіндім. Тағы бір кереметі – ол кезінде Дінмұхамед Қонаевпен өте жақын дос болыпты. Оның кез келген адамды баурап алатын қасиеті бар әрі достыққа адал, өмірде өте қарапайым азамат екенін білдім. Осындай талант иесінің мерейтойына арналған шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе деп білемін, — деді ол. Сондай-ақ, конфереция барысында өзге де белгілі адамдар сөз алып, Шәкен Аймановтың өмірі мен шығармашылығы жөнінде баяндады. Түрлі себептерге байланысты бұл шараға қатыса алмаған Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық жазушысы Олжас Сүлейменов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әкім Таразидің құттықтау сөздері оқылды.
Конференция соңында мерейтой иесіне арналған «Сұңғыла» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Бұл туындының көлемі 345 беттен тұрады. Әзірге кітаптың 500 данасы басылып шыққан. Алдағы уақытта тағы да таралымы артады деп жоспарлануда.
Нұржайна ШОДЫР,
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.