Сегіз қырлы, бір сырлы маман

Мам 2, 2025

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист, кино өндірісінің ұйымдастырушысы, өлкетанушы және фотосуретші Жұмағали Сейтеновтің есімі аймақ тұрғындарына жақсы таныс. Ол 1955 жылы 6 мамырда Железин ауданы Пятерыжск ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Мәскеудегі Бүкіл-одақтық мемлекеттік кинематография институтын тәмамдайды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарды, мультипликациялық және диапозитивтік фильмдердің шығармашылық-өндірістік бірлестігін басқарды. Кейін Отан алдындағы борышын өтеген соң, туған жеріне оралып, Железин аудандық «Ленинское знамя» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады.

Жұмағали Сейтенов аудандық басылымда еңбек етіп жүрген кезінде облысымызға танымал ардагер журналистер – Владимир Гегер, Юрий Поминовтармен араласып, мол тәжірибе жинағанын айтады. Уақыт өте келе «Қазақфильмге» қайта оралып, онда ғылыми-көпшілік және деректі фильмдер шығарумен айналысқан. Оның тікелей қатысуымен «Город в наследство» атты деректі фильм түсірілген. Онда «Екібастұз шахта құрылыс» комбинаты туралы, «Екібастұз энергия торабы» туралы баяндалады.

— Жасым 70-ке жақындаса да, еңбек етуден жалыққан емеспін. Үнемі қозғалыста жүргенді ұнатамын. Железин аудандық «Ленинское знамя» газетінде әпкем, қарындасым еңбек етті. Соларға қарап, менің де мақала жазуға ынтамның барын сездім. Қолымнан келді. Ақсу және Екібастұз қаласының мерейтойларына арналған кітаптарды шығардым. Түрлі тақы-рыпта көрмелерді ұйымдастырып
келемін. Қазір Ақсу қаласында 9 мамыр мерекесіне арналған кезекті көрмеге дайындалу үстіндемін, — дейді Ж.Сейтенов.

Жұмағали Сейтенов 1997-2022 жылдар аралығында Екібастұз әкімдігінің тапсырысы бойынша қаланың 40, 45, 50, 55, 60, 65 жылдық мерейтойларына орай 25 жыл көлемінде қала келбеті сипатталған кітаптар, журналдар, ашық хаттар шығарды. Ақсу әкімдігінің тапсырысы бойынша шаһардың 45 және 50 жылдық мерейтойларына да арнап кітап жазған. Ақсу қаласының 60 жылдығына орай өз қаражатына «Ақсу. Тарих тұлғалары» атты 500 дана энциклопедия жинағын жазды. 2009 жылдан бастап «Вести Экибастуза», «Голос Экибастуза» газеттерінің беттерінде өзінің сүйікті «Екібастұз» футбол клубының матчтарын үнемі жариялап келеді. Білікті фототілші 2009 жылдан бастап Екібастұз қалалық «Вести Экибастуза», «Голос Экибастуза» басылымдарында «Екібастұз» футбол клубының ойындары туралы жиі ақпарат таратады. 2010 жылы Қазақстан футбол федерациясының республикалық байқауында екінші орынды жеңіп алды. Одан бөлек, 2016 жылдан бері Ақсу қаласындағы Сәбит Дөнентаев музейінде дәстүрлі түрде жыл сайын «Көктем. Алғыс. Әйел» тақырыбында көрме ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Железин аудандарындағы өткі-зілген 30-дан астам көрменің ұйымдастырушысы болған. Мәселен, Екібастұз қаласында оның тікелей қатысуымен танымал фотографтар Александр Стахов, Леонид Кудрин, Владимир Голянский, Рымбек Ибадулдиннің көрмелері ұйымдастырылды. Павлодар және Ақсу қалаларында Виктор Фадеевке фотокөрме өткізуге көмектесті.

Білікті журналист — облыстың стадиондарындағы бірде-бір матчты құр жібермейтін жанкүйер. Ол халық арасындағы ең танымал ойынды көп жылдан бері суретке түсіріп келеді. Оның топтамасында танымал спортшылар мен жаттықтырушылар, өткен ғасырдың соңғы онжылдығындағы командалар мен қазіргі ойыншылардың суреті көп. Сонымен қатар, оның таспасында Екібастұздан шыққан танымал адамдар, Социалистік Еңбек ерлері жөнінде қалам тербеп, фотоға түсірген.

Жұмағали Сейтенов қажырлы қызметі үшін «Ақсу қаласына сіңірген еңбегі үшін», «Екібастұз қаласына сіңірген еңбегі үшін», Бауыржан Момышұлы атындағы және «Мәслихаттың 30 жылдығы», Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығына арналған медальдармен марапатталған. Сонымен қатар, Екібастұз Ақсу қалалары және Железин ауданы әкімдерінің грамотасына ие болған.

Жұмағали Сейтенов — қызынан 3 жиен сүйіп отырған ата. Қызы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ-ситетінде кафедраға жетекшілік етіп, студенттерге сабақ береді.

Жетпістің желкенін жетектеген әріптесімізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз!

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

(Сурет Жұмағали Сейтеновтің жеке мұрағатынан алынған).

 

WhatsApp