Жеңіс күнінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Рымтай Шөкеев мерейлі 80 жасқа толды. Аймағымыздың дамуына сүбелі үлес қосқан ардагердің құрметіне облыс әкімдігінде арнайы жиын өтті.

Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, басқарма басшылары және мерейтой иесімен қызметтес болған әріптестері, достары қатысты.

Алдымен өңір басшысы жиналғандарды Жеңіс күнімен құттықтады.

–  Ерлікке толы қастерлі күнді атап өтерде қысқа, бірақ салмағы ауыр «Жеңіс» сөзінің астарында сарбаздардың батылдығы мен жанқияр ерлігі жатқанын еске аламыз. Ұлы Отан соғысының тарихында миллиондаған есім мәңгілікке жазылды, олардың арасында біздің де жерлесте-ріміз бар. Осынау айтулы мерекеде бейбітшілік, баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ өмір, жақындарыңыздың қамқорлығы, бақыт пен жақсылық тілеймін, – дейді Асайын Байханов.

Аймақ басшысы туған күні Жеңіс күнімен тұспа-тұс келген мерейтой иесін  құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Рымтай Шөкейұлы Целиноград ауыл шаруашы-лығы институтында білім алған.  Қайта құру жылдарында қазіргі Аққулы, Железин, Ертіс аудандарын басқарды. ҚР «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған, облыстың және қызмет атқарған аудандардың Құрметті азаматы атағына ие болған.

Өңір басшысы ардагерге іскерлік пен адал еңбектің жарқын үлгісін көрсеткені үшін алғысын білдірді.

– Облыста құрмет тұтатын қадірлі азаматтар көп. Солардың бірі – Рымтай Шөкейұлы. Ардагеріміз мерейлі 80 жасқа толып отыр. Бұл — үлкен қуаныш. Арамызда ақылшы, кеңесші бола отырып, өңіріміздің игілігі үшін белсенді еңбек еттіңіз. Жеке және іскерлік қасиеттеріңіздің, ұйым-дастырушылық қабілетіңіздің және маңызды мәселелерді шешудегі жауапкершілігіңіздің арқасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қостыңыз. Қажырлы еңбегіңіз үшін алғысымды білдіремін, — деді Асайын Қуандықұлы.

Мерейтой иесіне ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хаты табысталды. Сонымен қатар, өңір басшысы ардагердің иығына шапан жауып, гүл шоғын табыс етті.

Мерейлі мерекеде мерейтой иесін құттықтау үшін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев арнайы келіп, Рымтай Шөкеевке жылы лебізін жеткізді, сый-сыяпат көрсетті. Сонымен қатар, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрлан Нәбиев, облыстың және Павлодар қаласының Құрметті азаматы Александр Рюмкин, Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Гүлбарам Науразбаева да мерейтой иесін туған күнімен құттықтады. Рымтай Шөкеевпен бірге жұмыс істеген әріптестері оның адамгершілік қасиетін, басшылық  қабілетін сөз етті. Қызмет барысында бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткені үшін ризашылықтарын айтты.

Рымтай Шөкеев туралы очеркінде өмірін адал қызметке арнаған – «мемлекеттік адам» деп жазған жазушы, журналист Юрий Поминов те ардагерге ыстық ықыласын жеткізді. Шара соңында жиналғандар естелік суретке түсті.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.