Дінімізде Құран оқудың және оның мағынасын түсінудің сауабы зор. Сондықтан, Құранды үйретушілер де, үйренушілер де көп сауапқа кенеледі. Соңғы уақытта елімізде Құран жаттаған жас қарилардың қатары көбейіп келеді. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың бір жүйеге түскенін аңғартады. Осы тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құран секторының меңгерушісі Серік қари Ахметпен әңгімелескен едік. Назарларыңызға ұсынамыз.
— Серік мырза, өзіңіз неше жасыңыздан бастап Құран оқып үйрендіңіз?
— Мен Құранды мектеп қабырғасында, 8-сынып оқып жүргенде жаттай бастадым. Ол кезде «Сарыағаш» медресесіне баратын едім. 2007 жылы мектеп бітіріп, Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» ислам университетіне оқуға түстім. Сонымен қатар, «Көктөбе» қарилар медресесінде қосымша білім алып, Құран жаттауды жалғастырдым. Университет бітіргенше Құранды да толық жаттап аяқтадым. 2012 жылы «Нұр-Мүбәрак» университетіне исламтану мамандығы бойынша магистратураға түсіп, оны бітіргеннен кейін түрлі мешіт-медреселерде қызмет істеп келемін.
— Елімізде қанша қарилар медресесі және орталықтары бар?
— Елімізде 11 қарилық медресесі бар, жақында тағы екі мекеме ашылады деп күтілуде. Оларда 850 ден аса шәкірт білім алып, қарилыққа дайындалып жатыр. Одан бөлек 60-тан астам қайырымдылық мекемелері бар. Онда 2700-ден аса шәкірт Құраннан сабақ алуда. Сонымен қатар, ҚМДБ-ның жанында Иджаза беру орталықтары жұмыс істейді. Ол жерден биыл 57 шәкірт бітірді. Одан бөлек 34 қари сынақ тапсырып, олардың 31-і түсті. Жалпы, осындай орталықтарға түсушілердің саны жыл сайын көбейіп келеді. Соған қарағанда жастардың да құранға деген құштарлығы зор.
— «Иджаза беру» деген қандай мағына білдіреді?
— Пайғамбарымыз кезінде өзінің сахабаларына Құран оқуды үйретті ғой. Ал сахабалар болса табиғиндерге үйретіп, қасиетті Құран кітабымыз ұрпақтан-
ұрпаққа жалғасып келеді. Бұл — сол иджазаның шынайы көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, Иджаза дегеніміз — Құранды өзінің кәсіби маманынан үйрену деген сөз. Ал «Иджаза беру» — Құран үйретуге рұқсат беру деген сөз. Иджаза дегеніміз — Ислам дініндегі үлкен ғылым. Бұл кез келген адамға беріле бермейді. Біздің елдің ғалымдары бұған дейін Арабия, Түркия сынды елдердегі орталықтардан алып келген еді. Енді мұндай орталықтар өзімізде бар, бұл — дін саласындағы ең үлкен жетістіктеріміздің бірі. Иджаза орталықтары елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей бастамасымен ашылып отыр.
— Шетелдік қарилармен қандай жұмыстар жүргізілуде?
— 2023 жылы Діни басқарма төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен алғашқы халықаралық Құран жарысы өтті. Оған 30-ға жуық мемлекеттен қарилар келіп қатысты. Содан бастап, басқа елдерде өтетін халықаралық Құран жарыстарына шақыртулар келе бастады. Жалпы, 15-ке жуық елден шақыру келген еді. Біздің мамандар ондай шараларға тек қатысушы ретінде ғана емес, тәжірибе алмасу үшін де барып жүр. Алла қаласа, сондай халықаралық жарыс бізде 2025 жылы өтеді деген үлкен жоспар бар. Тіпті, бізде өтетін жарыстарға төреші ретінде және басқа да мақсаттармен қатысуға ниет білдіргендер де бар. Бұл — біздің елдегі қарилардың сапасы артып, өтетін жарыстарымыздың деңгейі артты деген сөз.
— Бүгінде елімізде Құран жарысы көптеп ұйымдастырылып жүр. Осы жарыстарға қатысушы шәкірттердің деңгейі қандай?
-Бізде республикалық Құран жарысы жыл сайын өтіп келеді. Ол үшін алдымен облыстарда іріктеу сайыстары өтеді. Ал республикаға сол жарыстарда іріктеліп, үздік шыққандар жіберіледі. Мақсатымыз — Құран оқушы мамандардың сапасын арттыру, білімін көтеру және кейінгі жастардың құранға деген қызығушылығын арттыру. Жақында ғана Павлодар өңірінде 13-ші республикалық Құран жарысы өткені баршаңызға мәлім. Жарыс үш номинация бойынша өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық шәкірт бақ сынады. Жарысқа Ерсін Әміре сынды елімізге белгілі дінтанушылар, қарилар төрелік етті. Содан аңғарғанымыз — біздің қарилардың деңгейі өсіп келеді, саны да көбейіп келеді. Егер осы қарқынмен жұмыс жүргізер болсақ, алдағы аз жылдың ішінде Қазақстаннан әлемдік стандарттарға сай қарилар шығады деген үмітіміз бар.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Алдағы уақытта Құранды мақаммен мәнерлеп оқитын шетелдік қариларды шақырып, солардың дәрісін алып, тәжірибесін үйренсек дейміз. Себебі, Құранды жаттау бір бөлек, ал оны мақаммен оқу бір бөлек. Бірақ, бізде бұл жағы әлі қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан Құранды мақаммен оқу мектебін қалыптастыруымыз керек. Алдағы уақытта Араб мемлекеттерінің бірімен меморандумға отырып, бірлесіп жұмыс жасау жоспарымыз бар. Сосын Құранға қызығатын құлағы естімейтін және көзі көрмейтін азаматтар бар екен. Сол азаматтар үшін Шымкент, Астана, Алматы қалаларында үш орталық ашылды. Осы бағытта оқу бағдарламасын дайындап, ұстаздарды бекітіп бердік. Енді аталған орталықтарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар құран үйрене алады. Бұл жұмысты басқа облыс орталықтарында жүргізуді жоспарлап отырмыз. Себебі, ондай азаматтар еліміздің әр өңірінде бар. Соларға да жағдай жасалуы керек. Одан бөлек қариларға арналған форум, конференциялар өткізіп, осы бағыттағы мәселелерді талқылайтын боламыз.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.