Бүгінгі таңда біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір азамат денсаулығының зор болуы үшін тұрақты түрде медициналық тексерістен өтіп тұрғаны абзал. Ал ауруды ерте кезеңде анықтау мүмкін бе? Симптомдар тек соңғы кезеңде пайда бола ма? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Павлодар облыстық онкологиялық диспансері директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Тельман Әлғожинмен әңгімелестік.

— Облыстағы онкологиялық ахуал қандай?

— 2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Павлодар облысы қатерлі ісік ауруы бойынша республикада үшінші орында тұр. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 337,1 пайызды құрады. Аурудың құрылымы бойынша КҚК бірінші орында – 12,2 пайыз, сүт безі обыры екінші орында – 12,1 пайыз, өкпе обыры үшінші орында – 10 пайызды құрайды. Сондай-ақ, асқазан обыры төртінші орында – 5,3 пайыз және жатыр мойны обыры бесінші орында – 5,2 пайыз. Сондай-ақ, онкологиялық аурулардың жоғары болуының себептерінің бірі – облыстағы егде жастағы тұрғындардың үлес салмағының артуы. Мәселен, онкологияның даму факторларының бірі — онкологиялық науқастардың негізгі контингентіне байланысты. Яғни, онкологиялық аурулар көбіне зейнеткерлікке дейінгі жастағы адамдарда жиі кездеседі (60-65 жас және одан жоғары зейнеткерлік жас). Ал 2016-2022 жылдары демографиялық көрсеткіш бойынша 65 жастан асқан адамдардың саны 13 пайызға өсті.

— Қатерлі ісіктің алдын алуға бола ма? Жаман ауру емделе ме?

— Аурудың бастапқы кезеңінде онкологиялық ауруларды емдеу әлде-қайда оңай. Бүгінгі күні онкологиялық аурулардың 80-90 пайызға дейінін ерте сатысында емдеуге болады. Қатерлі ісіктерді ерте анықтау кезеңдерінің бірі скринингтік бағдарламалардан өту болып табылады. Қатерлі ісіктер әрқашан ерте анықтала бермейді, өйткені ісіктердің ерте формалары әдетте симптомдарды тудырмайды. Науқас өзінің денсаулық жағдайын-дағы өзгерістерді сезінбейді және тексеру үшін дәрігерлерге бармайды. Жағдайды түзету үшін скрининг деп аталатын симптомсыз науқастарды профилактикалық тексеруден өткізу ұсынылады.

Скрининг — бұл аурудың белгілері жоқ науқастарда белгілі бір қатерлі ісіктерді анықтау үшін жаппай тексерулер жүргізу. Скрининг толығымен тегін. Профилактикалық тексерулерді қаржыландыру міндетті медициналық сақтандыру жүйесі есебінен жүзеге асырылады. Сондықтан скринингтен өту үшін сақтандыру мәртебесі болуы қажет. Скринингтен өту үшін тұрғылықты жері мен тіркелген жері бойынша емханаға хабарласу қажет. Қазіргі уақытта Қазақстанда 3 онкологиялық скрининг жұмыс істейді. Скринингтік бағдарламалар арқылы 2023 жылдың 6 айында сүт безі обырының 34 жағдайы, жатыр мойны қатерінің 11 жағдайы, тоқ ішек ісігінің 11 жағдайы анықталды.

— Қазіргі таңда облыста қанша адам есепте тұр? Науқастарды емдейтін мамандар,  дәрі-дәрмектер жеткілікті ме?

— 2023 жылдың 6 айында 1254 адам өмірінде алғаш рет онкологиялық диагнозбен диспансерлік есепке алынды.  (2022 жылдың 6 айында – 1155 науқас). Оның ішінде ерлерде 548 (43,0 пайыз), әйелдерде 725 (56,9 пайыз) тіркелді. Бүгінгі күні онкологиялық диспансерде онкологиялық диагнозы бар 13 025 науқас онкологиялық диагнозбен есепте тұр. Олардың 56 пайызы (7200-ден астам науқас) 5 және одан да көп жыл өмір сүреді деп күтілуде. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазақстанда 5 жылдық өмір сүрудің орташа республикалық көрсеткіші 54 пайызды құрайды. Облыста онкологиялық науқастарға мамандандырылған көмек көрсететін мамандардың қолжетімділігі 100 пайыз. Сондай-ақ, шетел мамандары өздерінің консультацияларында коммерциялық негізде ҚР аумағында тіркелмеген дәрілерді пациенттерге ұсынатын жекелеген жағдайларды қоспағанда, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де 100 пайызға жетеді.

— Ақпаратыңызға рақмет.

А.МҰҚЫШЕВ.