Адам ағзасындағы қатерлі ісік, созылмалы аурулардың бар-жоғын ерте анықтаудың бірден-бір жолы — скрининг. Медициналық терминді құлағымыз күнде естісе де, нақты қандай ем-шара екеніне мән бермей жатамыз. Обырмен күресіп жүрген дәрігерлер жаман аурудан сақтанудың жалғыз жолы — скрининг екенін айтудан жалыққан емес. Бұл қандай ем-шара? Қалай өткізіледі? Оған кімдер қатысады? Осындай сауалдарға жауап алу мақсатында басылымның Instagram парақшасында «Тікелей желі» шарасын ұйымдастырдық. Көптің көкейіндегі сұрақтарға «Almaz Medical Group» ЖШС-ның жалпы тәжірибе дәрігері Дидар Валиханова жауап берді.
Тілші:
— Павлодар облысы онкология бойынша респуб-ликада төртінші орынды алады. Онкологтар қатерлі дерттің алдын алуда скри-нингтің маңызы зор деп айтады. Неге?
Дидар Айдынқызы:
— Қазақта: «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Скрининг — профи-лактикалық шара. Яғни, адам денсаулығын тексеру мақсатында жүргізілетін сараптама. Скрининг денсаулығы бірқалыпты, сау адамдар арасында өткізілетін шара екенін атап өткім келеді. Тексеруге келу үшін міндетті түрде сырқаттанып қалу маңызды емес. Ем-шара адамдардың жас ерекшеліктеріне қарай өткізіледі.
Онкология бойынша аймағымыз республикада үздіктер қатарында деп отырсыз. Өкінішке қарай, қатерлі ісік 3-4-сатыларда ғана адам ағзасын ауырта бастайды. Жаман аурудың алғашқы сатыларында ауырсыну сынды белгілер мазаламайды. Адамдар қатерлі дертке душар болғанын кеш біліп жататыны сондықтан. Сол себепті онкологияны бірінші сатыда тек скрининг арқылы анықтауға болады. Уақытылы скринингтен өту – аурудың алдын алудың кепілі. Бұдан бөлек, медициналық тексеру кезінде ағзадағы созылмалы ауру белгілері де анықталып жатады. Сондықтан адам ауырмаса да скринингке келуі қажет. Егер онкология алғашқы сатыда белгілі болса, жаман аурудан айығуға мүмкіндік зор.
Тілші:
— Скрининг жылына неше мәрте өткізіледі? Тұрғын-дардың жас ерекшелігі еске-ріле ме?
— Скрининг 30 жастан бастап жүргізіледі. Елімізде нақты аурулар бойынша және белгілі бір жас топтарына арналған скринингтік бағдарламалар бар. Мәселен, сүт безі қатерлі ісігіне 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, ал жатыр мойны обыры бойынша 30 жас-
тан асқан қыз-келіншектер тексеріледі. Өкінішке қарай, әйел адамдар сәбиін омыраудан шығарудың тәртібін білмейді. Егер дұрыс ажыратпаса, сүт безінде түйін мен түйіршектер пайда болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде мастопатия ауруын тудырады. Егер зияны жоқ ісік болса, жоспарлы түрде ультрадыбыстық зерттеу арқылы ісік көлемін бақылау қажет. Жатыр мойны обыры кезінде әйелдерден жағынды (мазок) алынады. Сонымен қатар, жүрек-қан тамыр ауруларына, холестерин, қант диабетін анықтайтын тексерулер бар. Көз ішіндегі қан қысымы да назарға алынған. Яғни, глаукома ауруын анықтауға болады. Сондай-ақ, тік ішектің ісігінің алдын алу мақсатында жасалады. Бұл ретте ер және әйел адамдардың үлкен дәретінде қанның бары не жоғы анықталады. Көп жағдайда бұл сараптаманы 70 жастан асқан ер адамдар тапсырады. Скрининг жүргізудің 3 кезеңі бар. Алғашқысы – дайындық, екінші кезең қараптексеру және зерттеу болса, соңғысы қорытынды деп аталады. Тексеріс барысында адамда қандай да бір дерт анықталса, науқас есепке қойылып, тиісті ем жүргізіледі.
Скринингтен адамдар екі жылда бір мәрте өтеді. Биыл тақ сандарда дүниеге келген адамдар тексерілуде. Яғни, биыл 1975, 1977, 1979 сияқты жылдарда өмірге келген адамдар скринингтен өтуде. Келесі жылы 1976, 1978, 1980 жылғы тұрғындар тексерілетін болады. Егер дәрігер емделушіні қабылдау кезінде скринингте жасалатын сараптаманы тағы тапсыруы қажет деп тапса, науқас кез келген уақытта қайта тексерістен өте алады.
Сәуле, Павлодар қаласы:
— Скрининг кезінде сүт безі обырына тексерілу үшін қандай сараптама тапсырылады?
— Сүт безі обыры маммо-графия арқылы анықталады. Яғни, рентген жасалады.
Тілші:
— Скринингке тұрғын-дарды қалай шақырасыздар? Ақпараттандыру жұмысы өз деңгейінде жүргізіле ме?
— Емдеу мекемелерінде арнайы бағдарлама бар. Оның аясында тұрғындарды скринингтен өтуге шақыру жұмысы жыл басынан бастап жүргізіледі. Жоғарыда айтқан тақ және жұп сандар бойынша тіркеуде тұрған адамдардың тізімін жасаймыз. Мәселен, менің жанымла екі медбике бар. Үшеуіміз тізімді бөліп аламыз да скринингтен өтуі тиіс адамдарды тексеруден өтуге шақырамыз. Бұл ретте қоңырау шаламыз, Whats Up әлеуметтік желісі арқылы да шақырту жолдаймыз. Көктемде күн жылынған уақытта арнайы жадынамалар тұрғын үйлердің подъездеріне ілінеді. Дәрігер қабылдауына келген емделушілерге де скринингтік тексеру жүргізіліп жатқанын айтамыз. Үйге шақырту алған кезде де отбасы мүшелерінің жасын сұрап, скрининг туралы ақпарат береміз. Бұл бағытта жұмыс толық жүргізіледі.
Марат, Екібастұз қаласы:
— Мені скринингтік тексеруден өтуге шақырған болатын. Отбасылық жағдай-ларға байланысты тексеруге бара алмадым. Өздігімнен емдеу мекемесіне келіп, скри-нингтен өтсем бола ма?
— Медициналық бағдарлама биыл тек тақ сандар жылы өмірге келген азаматтарды қабылдайды. Егер сіз жұп сандар жылы дүниеге келсеңіз, келесі жылы скринингтен өте аласыз. Бұл жерде туған жылыңыз маңызды. Өйткені бағдарлама сізді қабылдамауы мүмкін.
Бақтияр, Ақсу қаласы:
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ақша аудармайтын, яғни, сақтандырылмаған адамдар скринингтен тегін өте ала ма?
— 2025 жылдың 29 шілдесіне дейін скринингтік тексерулер тек қана сақтандырылған адамдар үшін ғана тегін болған еді. Қуантарлығы, жаз мезгілінде сақтандырылмаған адамдарға да скринингтен тегін өтуге мүмкіндік берілді. Қазір IT саласының мамандары бағдарламаны өңдеу үстінде. Сондықтан мұндай мүмкіндік 2026 жылдың басынан бастап қолжетімді болмақ. Бұйрық шықты. Қазір бағдарламаның өңделуін асыға күтудеміз.
Жансая, Ақтоғай ауданы:
— Менің жасым – 26-да. Маммографиядан өтіп, омырау-ымды тексерткім келеді.
Бірақ жасым 30-ға толмады. Скринингтік тексеруден өтсем деймін.
— Сізге маммографиядан өтудің қажеті жоқ. Егер омырауыңызда ауырсыну белгілері болса, сүт безі ультрадыбыстық зерттеуінен өте аласыз.
Мадияр, Железин ауданы:
— Атам 61 жаста. Жергілікті емхана скринингтен өтуге шақырған еді. Бірақ ол барғысы келмейді. Алдағы уақытта терапевт, невропатолог сынды сала мамандары қабылдамай қоюы мүмкін бе?
— Медициналық қызметке шұғыл жағдайда түскен науқастарды сала мамандары міндетті түрде қабылдайды. Жоспарлы негізде ем тағайындалады. Бірақ өз денсаулығы үшін скринингтен өткені жөн.
Сая, Павлодар қаласы:
— Мен жасыма байла-нысты скринингтен өтуім керек. Бірақ маған тіркеуде тұрған емхана хабарласып, шақырмады. Өздігімнен барсам, қабылдай ма?
— Әрине. Скринингтен өту үшін терапевт немесе өзге сала мамандарынан жолдама алудың қажеті жоқ. Емдеу мекемесіне барып, тіркеу бөлімінен скрининг кабинетін сұрасаңыз жеткілікті. Бастысы, жасыңыз сай болуы тиіс. Өзіңізбен бірге жеке куәлік алғаныңыз жөн.
Серік, Павлодар қаласы:
— МӘМС жүйесінде сақтан-дырылмағанмын. Сондықтан қазір скринингтен тегін өте алмайды екенмін. Ақылы негізде тексерілсем, шамамен қанша қаражат жұмсаймын?
— Ақылы негізде өтуге болады. Мәселен, глаукома, глюкоза, холестерин мен тоқ ішек ісігіне тапсыратын сараптамалардың әрқайсысы 5 мың теңгеден кем емес.
Еркежан, Баянауыл ауданы:
— Жақында жатыр мойны обырына жағынды (мазок) тапсырған едім. Бірақ нәти-жесінен хабарым жоқ. Алаңдап жүрмін.
— Егер сізге емханадан ешкім хабарласпаса, қуануыңызға болады. Өйткені мамандар егер сараптамаңыздан қандай да бір ауру белгісін байқаса, міндетті түрде қоңырау шалатын еді. Жалпы, скринингтің нәтижесін «Damumed» мобильді қосымшасы арқылы көре аласыз.
Тілші:
— Егер сараптама нәтижесі күдік тудырса, дәрігерлер науқасқа хабарласқанда не деп айтады?
— Скринингтік тексеру кезінде бірден қатерлі ісік анық көрінбейді. Күдік туындайды. Мұндай жағдайда мамандар науқасқа хабарласып, қосымша сараптамадан өтуге шақырады. Яғни, сала мамандарына жолдама береді. Науқаста созылмалы ауру белгілері болуы мүмкін. Бір мәрте өткізілген маммография, жағынды арқылы онкология анықталмайды. Обырды растау үшін науқас бірнеше сараптамадан өтеді. Мәселен, тоқ ішек ісігі кезінде үлкен дәрет тапсырылады. Егер құрамында қан болса, науқаста жаман ауру емес, геморрой болуы мүмкін. Ал әйелдер босанғаннан кейін ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан барлық сараптаманы терапевт зерттеп, қосымша ем-шара тағайындайды. Қан талдау сараптамалары жүргізіледі.
Тілші:
— Тұрғындардың скри-нингке қатысу белсенділігі қандай? Шақырғандардың бәрі тексеруден өтуге келе ме?
— Бұл — қиын мәселе. Көп тұрғындар жұмыстан босай алмағандықтан скринингке келе алмай, кейінге қалдырады. Тіпті, демалыс күндері де үздіксіз қызметте жүретін адамдар болады. Сондықтан оларды шақыру оңайға соқпайды. Өкінішке қарай, телефонмен хабарласқанда дауыс көтеріп, хабарласпауымызды сұрайтын тұрғындар да болады. Кейбір емделушілер нөмірімізді бұғаттап тастайды. Скринингтің адам денсаулығы үшін маңызды екенін түсіндірсек те, сенімсіздік танытатындар бар. Десе де, денсаулығына немқұрайлы қарамайтын адамдар жоқ емес. Олар тексеруге өз еркімен келеді. Жұртшылықтың белсенділігі орташа деңгейде деп айта аламын.
Тілші:
— Аудан-ауыл тұрғындары скринингтен қалай өтеді? Қалаға келуі керек пе?
— Жоқ. Аудан-ауыл халқы жергілікті емдеу мекемесіне барып, скринингтік тексеруден өте алады. Қазір медицина ауылдарда жақсы дамып келеді. Скрининг үшін облыс орталығына келудің қажеті жоқ.
Күнсұлу, Екібастұз қаласы:
— Невропатологтың қабыл-дауына барғанымда компьютер менің әйелдер бөлмесіне бармағанымды көрсетіп, дәрігер мені қабылдамады. Мен әйелдер бөлмесінде сараптама тапсырғым келмейді. Неге міндеттейді?
— Егер сізге шұғыл медициналық көмек қажет болса, ешкім сізді міндеттемейді. Егер қан қысымыңыз көтеріліп, қан азаю белгілері мазаласа дәрігер қабылдайды. Бірақ жоспарлы негіздегі қабылдау кезінде скринингтен өту қажет. Ол өз денсаулығыңыз үшін маңызды. Бұл шараны жүргізу үшін сіздің денсаулығыңызға ақша бөлініп отыр. Тегін мүмкіндікті пайдаланған дұрыс.
Тілші:
— Сіз жұмыс істейтін емдеу мекемесінде қанша адам скринингтен өтті? Қандай аурулар анықталды?
— «Almaz Medical Group» ЖШС-да биыл 8 айда 4666 адам скринингтен өтті. Оның ішінде 123 адамнан қант диабеті, артериалды гипертензия бойынша 377 адам анықталды. Емделушілердің бәрі есепке алынды. Сонымен қатар, 4 адамда глаукома ауруы бары белгілі болды. Сүт безі обыры 11 әйелден, жатыр мойны обыры 11 әйелден, тік ішек ісігі 5 адамнан анықталды. Бұл адамдардың бәрі скринингтен өткеннен кейін ғана сырқаттанғандарын білді.
Тілші:
— Аймағымызда сүт безі обыры бірінші орында. Оған не себеп деп ойлайсыз?
— Әйел адамдардың сүт безі обырына шалдығуына күйзеліске жиі түсуі себеп. Көпшілігінің жүйкесі жұқарған. Сонымен қатар, баланы кеудеден шығарған кезде ережені дұрыс сақтамайтындар да бар. Жылы киінбей, ашық жүретіндер де көп. Осы жағдайдың бәрі ауруға әкеледі.
Маржан, Ақсу қаласы:
— Мен жұмыстан босай алмаймын. Демалыс күні скринингтен өтуге бола ма?
— Әрине. Әр емдеу мекемесінде айына бір мәрте немесе екі мәрте кезекшілік ұйымдастырылады. Сол уақытта медбикелерге жүгінуге болады. Атап өтерлігі, ҚР Еңбек Кодексінде скринингтен өту үшін үш күнге әлеуметтік демалыс беріледі. Бұл күндер үшін еңбекақы сақталады. Медициналық мекеме сараптама тапсырғаны жөнінде анықтама береді. Бұл ретте біз жұмыс орындарына хаттама да жібереміз.
Әйгерім, Железин ауданы:
— 30 жасқа толмағандар скринингке қатыса алмайды дедіңіз. Олар денсаулықтарын қалай тексерте алады?
— Жоспарлы негізде терапевтің қабылдауына баруға болады. Егер шаршау белгілері, шаштың жиі түсуі, әлсіздік мазаласа дәрігердің қабылдауына жазылған жөн. Маман қажетті тексеру сараптамасын тағайындап, ем жүргізеді.
Тілші:
— Скринингтің нәтижесі неше күн ішінде дайындалады?
— Глюкоза, глаукома, қант диабеті ауруларының сараптамасы өте тез дайын болады. Яғни, сараптаманы тапсырып, бірнеше минут ішінде нәтижесін біле аласыз. Жатыр мойны обырына жағынды, маммография, тікішекке тапсырылған сараптамалар бір күннен кейін дайын болады. Яғни, ұзақ күтпейді. Егер сараптаманы жұма күні тапсырсаңыз, дүйсенбіге дейін үш күн күтуіңіз мүмкін.
— Уақыт бөліп, оқырмандарды мазалаған сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рақмет!
«Тікелей желіні» ұйымдастырған — Айдана ҚУАНЫШЕВА.