Облыстық ардагерлер кеңесі – өңірдегі ең ірі қоғамдық ұйым. Оның құрамында 120 мыңнан астам адам бар. Алдыңғы буын өкілдері түрлі деңгейде өзекті мәселелерді көтеріп, орамды ойларды ортаға салып жүр. Солардың бірі — Ұлы Отан соғысы жылдарында туған азаматтарға «Соғыс балалары» мәртебесін беру.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеевтің бұл ұсынысы біздің басылымға берген арнайы сұхбатында да көтерілген болатын. Таяуда ардагерлер аталмыш бастаманы облыс әкімі Асайын Байхановпен өткен кездесу барысында да тілге тиек етті. Мұндай мәртебенің берілуі әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайтуға, оның ішінде қосымша төлемдер алуға жақсы мүмкіндік болар еді. Аймақ басшысы бұл сұрақты заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарас-тыру үшін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне жолдайтынын жеткізді.
Жалпы, ардагерлер ұйымының өкілдерімен өткен кездесуде аға буынды толғандырған күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланды. Олардың қатарында әлеуметтік қолдау, медициналық қызметтерге қолжетімділік, жастарға патриоттық тәрбие беру бар. Облыс әкімі ақсақалдарға белсенді өмірлік ұстанымы, азаматтық борышына адалдығы және қоғамдағы тұрақтылық пен ұйымшылдықты қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлестері үшін ризашылығын білдірді.
— Бүгін сіздермен жүздесуім — мен үшін үлкен мәртебе. Сіздер еліміздің өркендеуі жолында зор үлес қостыңыздар. Ақыл-кеңестеріңіз, азаматтық жауапкершіліктеріңіз және жастар тәрбиесінде алатын орындарыңыз айрықша, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Бұл ретте аймақ басшысы ақсақалдардың мүдделеріне қатысты барлық мәселені жеке өзі қадағалайтынын және ардагерлер активі көтерген әр тақырыпты терең қарастыратынын атап өтті. Осы орайда талқыланған мәселелердің бірі — медициналық көмектің қолжетімділігі. Ардагерлер дәрігерлерге жазылу және рецепт бойынша дәрі-дәрмектерді алу кезіндегі қиындықтардың барын бүгіп қалмады. Асайын Байханов облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметековке осы мәселелерді әр емханамен жеке пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар, басқармада ардагерлер кеңесімен медициналық мәселелер бойынша тікелей айналысатын жауапты маман бекітілді.
Облыстық ардагерлер кеңе-сінің төрағасы Рымтай Шөкеев «Отанға қызмет ету, адамға көңіл бөлу» ұранымен өскелең ұрпақпен жұмысты жандандыру туралы да ұсыныс айтты. Асайын Қуандықұлы бұл бастаманы қолдап, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс арқылы жыл сайын үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің қатысуымен патриоттық тәрбие беру бағдарламалары іске асырылатынын атап өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, таяу уақытта аудандық ардагерлер кеңестеріне ноутбуктер беріліп, интернетпен қамтылады. Ұйым өкілдерінің тиімді жұмыс істеуі әрі алдыңғы буын өкілдеріне жайлы жағдай жасау мақсатында аймақ басшысы осындай тапсырма берді. Бұдан басқа, ардагерлер активінің бастауыш ұйымдарға баруы үшін арнайы көлік бекітілетін болады.
Кездесу барысында ардагерлермен пікір алмасып, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау және жергілікті билік органдарымен өзара қарым-қатынасқа байланысты бірқатар өзекті мәселе көтерілді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.