С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың қорында бірегей кітаптар топтамасы бар. Бұл – соғыс жылдарында жарық көрген 80 кітап. Олар бүгінде сирек кітаптар қорында сақталған.
Негізгі кітап сақтау қорының басшысы Бақытжан Бұқашеваның сөзінше, еңбектер Ұлы Отан соғысының барлық кезеңін қамтиды. Жинаққа көркем әдеби шығармалар мен әскери-патриоттық кітаптардан бастап ғылыми әдебиетке дейінгі әртүрлі тақырыптағы басылымдар енген.
— Соғыс жылдарында жарық көрген кітаптар шағын өлшемді, сарғыш тартқан, арзан қағаздан қарапайым безендіріліп, жұмсақ мұқабада шығарылған. Осындай қарапайым басылымдардан соғыс жылдары және сол кезеңдегі белгілі адамдар жайлы маңызды мәліметтер алуға болады. Бүгінде қатары сиреп, сирек кітаптар қатарына енген, — дейді бөлім басшысы.
Аталмыш еңбектермен танысу барысында көзіміз жұмсақ сары мұқабамен қапталған, шағындау келген бір кітапты шалып қалды. Жақындап қарап едік, белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы кітабы екен. Еңбек 1942 жылы Мәскеу қаласында басылып шыққан. Бұл кітаптан бөлек, Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы және орыс тілінен аударылған Михаил Шолоховтың «Олар Отан үшін алысты», Г.Бегалиевтің «Жаңа алфавит» еңбегі бар. Одан бөлек, белгілі ресейлік жазушылар А.Поповтың, И.Тургеневтің, А.Чеховтың және шетелдік Д.Рикардо сияқты қаламгерлердің шығармалары сақталған.
Соғыс жылдарында басылып шыққан бұл сирек кітаптарды Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көрмеде тамашалауға болады.
Айдана БОРАНБАЕВА.