Спортшылар сайыстарға сақадай сай

Қыр 11, 2025

Келесі жылдың ақпан айында Италияда Ақ олимпиада өтеді. Бұл байрақты бәсекеде облысымыздың үш спортшысы аймақ пен ел намысын қорғайды.

Олардың қатарында Роман Иванов фристайл акробатика, Дарья Ряжкова шаңғы жарыстары және Арина Ильященко коньки спорты бойынша бақ сынайды. Олар әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, Қазақстанның атынан лицензиялық турнирлерде өнер көрсетуде.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дене шынықтыру көпшілік бөлімінің басшысы Талғат Сәкеннің сөзінше, спортшылар Ақ Азиадаға қатысу үшін халықаралық деңгейде жеткі-лікті ұпай жинауы тиіс. Алайда бұл процесс бір күнде шешілмейді. Әрі олар маусым бойы түрлі жарысқа қатысулары керек.

— Әр спортшы өзінің әлеуетін көрсетіп, рейтингте тұрақты түрде ұпай жинап отырса ғана Олимпиада жолдамасына қол жеткізеді. Бұл мол еңбекті, шыдамдылық пен мықты дайындықты талап етеді, – деді Т.Сәкен.

Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында облыста инфрақұрылым жүйелі түрде кеңеюде. Атап айтқанда, биыл Екібастұз және Павлодар қалаларында мұз аренасының құрылысы басталады. Жоспар бойынша аталған нысандар 2026 жылға қарай пайдалануға берілмек. Ал Баянауыл ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылып, тұрғындар үшін бассейн қолданысқа берілді.

– Біздің мақсатымыз – Олимпиадаға қатысушылар санын көбейтіп қана қоймай, спортты бұқараға кеңінен насихаттау. Олимпиадалық спортшылар жастарға үлгі, олардың жетістігі жаңа буын спортшыларына серпін береді. Әрі мұндай нысандар жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірде қысқы спорт түрлерін бұқаралық деңгейде дамытуға да жол ашпақ, – деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, облыста 36 олимпиадалық спорт түрі дамып келеді. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерін де қолдау назардан тыс қалған жоқ.

–  Соңғы жылдары облыстың ауылдық жерлерінде жаңа спорт кешендері көптеп ашылды. Мәселен, Ақсу қаласында жаңа мұз аренасы, Баянауыл ауданында бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 6 елді мекенде жаңа спорт кешені бой көтерді. Бұл нысандар ауыл балаларының спортпен кәсіби түрде шұғылдануына жол ашты, – деді Талғат Оразұлы.

Айта кетейік, облыстың спортшылары республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы республикалық спартакиадада облыс спортшылары төртінші орынға ие болды. VI жазғы жастар ойындарында павлодарлықтар 20 облыс ішінде бесінші орыннан көрінді.

Жыл сайын өңірде 1 700-ге жуық спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Оның ішінде марафондар, әуесқой турнирлер, жеңіл атлетика мен жүзу жарыстары бар. Бұл шараларға мыңдаған тұрғын қатысып, салауатты өмір салтын ұстануға қадам жасайды.

Айдана БОРАНБАЕВА.