«Сталкинг» жасағандарды қатаң жазалау керек пе?

Ақп 13, 2025

Енді «сталкинг» ресми түрде қылмыстық құқық бұзушылық ретінде мойындалады. Жуырда Мәжіліс депутаттары заң жобасына осындай ереже енгізіп, ақпан айында қабылдауды жоспарлап жатыр. Егер заң қабылданса, адамды қуғын-сүргінге ұшыратқандарға айыппұл белгіленеді. Алайда нақты мөлшері әлі айтылған жоқ. Соңғы уақытта талқыланып жүрген бұл мәселе айыппұлмен шектелсе, адамның мазасын алу, қудалау тыйыла ма? Әлде ондай адамдарды қатаң жазалау қажет пе? Бұл түйткілді біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Абзал ҚҰСПАН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен алынды):

— Бұл жобаны енгізудегі мақсатымыз – азаматтарды бұл норма бойынша бірден соттап, түрмеге тоғыту емес. Бұл — ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында енгізіліп отырған норма. Бұл жерде насихат жұмысын да кеңінен жүргізуіміз қажет. Өйткені азаматтар жаңа жауапкершілік енгізіліп жатқанынан бейхабар болуы мүмкін.

Жалпы, қылмыстық жауапкершілікке қатысты өте абай болуымыз қажет. Әсіресе, жаңа нормаларды енгізген кезде. Егерде бұл заң жобасы қабылданса, сталкерлерге қатаң жаза қолданылмайды. Тек айыппұлмен шектелуі мүмкін.

Бұл ережені Заң жобасына енгізбес бұрын Германия, Канада секілді елдердің тәжірибелерін зерттедік. Аталған мемлекеттерде сталкинг ауыр қылмыс түріне жатады. Алайда бізге мұны бірден ауыр қылмыс деп қабылдауға абай болу керек. Себебі ол — жаңадан енгізіліп жатқан норма. Сондай-ақ, ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында ұсынып жатырмыз. Кейін тергеу және сот тәжірибесін зерттеу барысында қайталанған жағдайда оны ауырлату мәселесі қарастырылуы мүмкін.

Жанар ҚАЛИЕВА,  педагог-психолог:

Сталкинг – бұл адамды жүйелі түрде аңду, оның жеке өміріне заңсыз араласу, қорқыту немесе психологиялық қысым көрсету әрекеті. Бұл әрекеттер жәбірленушінің қорқыныш, мазасыздық сезімін тудырып, оның қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіреді. Оған қудалау мақсатында қайталанатын қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желілерде бақылау жасау, жүріс-тұрысын бақылау, үйіне немесе жұмыс орнына келіп, онымен байланыс орнатуға мәжбүрлеу және қоқан-лоқы көрсету жатады.

Мұндай жағдайға тап болған адам үшін бұл эмоционалдық және психологиялық тұрғысынан өте ауыр. Тіпті, суицидке де себеп болуы мүмкін. Сондықтан егерде мұндай жағдай байқалып жатса, сол хат алмасқан скриндерді жинай бастаған дұрыс. Бұған қоса сталкер қоңырау шалып, мазаңызды алса, бопсаласа, сол қоңырауды диктофонға басып, видеоға түсіру қажет. Мұның бәрі — дәлел. Ал алдын алу үшін жеке шекараны орнатып, кез келген ақпаратты әлеуметтік желілерге жарияламау керек. Тағы бір айтарым, психологтан бұрын алдымен уақыт өткізбей тәртіп сақшыларына хабарласу қажет.

 

Даяна ОРАЗБЕКОВА,  «Жастар рухы» жастар қанатының Павлодар қалалық бөлімшесінің төрағасы:

— Кейінгі кезде қоғамда адамның мазасын алу, аңду секілді деректер жиілеп барады. Әсіресе, мұндай жағдайлардың көпшілігі қыздарға жігіттер тарапынан көрсетіліп жатыр. Қыздың жүрегін жаулай алмаған ер-азаматтар оның қалауынан тыс сыйлықтар жіберіп, хабарлама жазып, ізіне түсіп алады. Әлеуметтік желілер арқылы да тыныштық бермейді. Одан соң қорқытулар да басталады. Ал бұл — нәзік жандылар үшін психологиялық қысым.

Жалпы, адамның соңына түсу, жеке шекарасын құрметтемеу, оның ішінде заманауи технология, гаджеттерді қолданып аңду адамның конституициялық құқығын бұзғандық деп есептеледі. Алдымен бұл моральдық-рухани тұрғысынан дұрыс емес. Екіншіден, құқықтық тұрғыдан заң бұзушылық болып саналады.

Аңдитындар мен қудалайтындар елде сталкинг бойынша ешқандай жаза қолданылмайтынын біледі. Айыппұлын төлеп, аңдуын қайта жалғастыра береді. Ал мұндай психологиялық зорлықпен өмір сүру оңай емес. Сол себепті меніңше, мұны заңның бір тармағы етіп енгізіп, қатаң жаза қарастыру керек.

«Алаңды» үйлестірген –  Айдана БОРАНБАЕВА.