Студенттерді әскер қатарына алу дұрыс па?

Мау 26, 2025

Соңғы кездері еліміздің бірнеше аймағында колледж бен университетте білім алып жүрген жігіттерді әскерге оқу орнынан-ақ алып кетіп, қатардағы жауынгерлер сапына қосу жағдайы жиілеп кетті. Студенттердің өздері мен ата-аналары бұған наразылық танытып, тым құрығанда қолға диплом алғанға дейін күтуді сұрайды. Ал енді бірі қазіргі жастарды осындай қатаң талаппен қатарға қоспаса, әскерге барғысы жоқ екенін алға тартады. Сонда соңғы емтихандарды тапсырып жүрген, «Foundation» бағдарламасы бойынша білім алатын жігіттерді әскерге күштеп әкету дұрыс па? Әлде бұрыс па? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Жан ҚАРАТАЕВ, «Қарулы күштер ардагерлері» кеңесінің төрағасы:

– Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың құрметті борышы және қасиетті парызы. Сол себепті 18 жасқа толған ер азамат әскерге шақыру комиссиясынан өтіп, Отан алдындағы міндетін өтеуге міндетті. Бұл жөнінде жыл сайын Президенттің тиісті жарғысы шығады. Кәмелеттік жасқа толған ер балаларға әскерге шақыру қағазы жіберіледі. Оны елемей, шақырту бойынша келмеген жігіттерге полиция қызметкерлері іздеу салады.

Оған қоса, жақында КР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет Foundation бағдарламасын ресми білім берудің бір бөлігі ретінде тану заңнамасына өзгерістер енгізіліп жатқанын айтқан. Яғни аталмыш бағдарлама бойынша білім алып жатқандарға студент мәртебесін беруге және әскерге шақыртуды кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Назарбаев университетінде бұл заң күшіне енген. Сондай-ақ, жастар оқу орнына ресми тіркелгенге дейін, Қорғаныс министрлігі мерзімдерін алдын ала үйлестіреді.

Дені сау, аяқ-қолы балғадай жігіттер сарбаз атанып, әскери өмірдің қыр-сырын көруі керек. Әлбетте, ол үшін емтихан тапсырып жатқан жерінен күштеп алып кету дұрыс емес. Қолына дипломын алып, белгілі бір саланың маманы атанған соң шақырту алған жас азамат өзі-ақ әскери комитетке баруы тиіс. Жалпы, әскери қызметті кейінге шегеруге құқығы жоқ азаматтар үш күннің ішінде шақырту бойынша барып, азаматтық парызын өтеуі тиіс.

Светлана ШИН, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:

— Әскерге шақыру науқанын зор жауапкершілікті талап ететін үрдіс деп білемін. Бүгінде колледждер мен жоғары оқу орындарындағы жастарды ештеңеге қарамастан әскер қатарына алып кетіп жатқан жайттарды көріп жүрміз. Бұл дұрыс емес. Осындай жағдайлардың кесірінен қарулы күштерге деген қоғамның сенімі азайып, көзқарас өзгереді. Өкінішке қарай, соңғы үш жылда әскери борышын өтеуге аттанған жастардың қатарында 270 адам қаза тапқан. Бұл – қайғылы жайт. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізу керек. «Аналар кеңесінің» өкілдерімен әскери бөлімдермен тікелей жұмыс істеп, түрлі шараға қатысқандықтан, оның ішіндегі жай-күйді жақсы білеміз. Мәселен, көршілес Өзбекстан елінде жастар керісінше әскерге баруға ұмтылады. Себебі, кейін олардың мансап жолында өсуіне мол мүмкіндік беріледі. Біздің мемлекетте тек соңғы жылдары жоғары оқу орнына грант бөлу қолға алынуда. Биыл «Шығыс» гвардиялық бөлімшесінің әскери бөлімдеріне 98 грант бөлініп, оның 34-і біздің өңірге берілді. Атап атйқанда, «5512» әскери бөліміне 25, «6679» әскери бөліміне 9 грант қарастырылды. Осындай игі істерді жастар арасында насихаттап, қызығушылықтарын арттыру керек деп ойлаймын.

Раджан САДЫҒАЗИН, Түсті металлургия жоғары колледжінің студенті:

– Өзім ер азамат ретінде ел алдындағы әскери борышымды өтеуге дайынмын. Қоғамымызда әскерден жалтарып жүрген жастар да бар. Жуырда достарымның төртеуін де бір уақытта әскерге шақыртып, алып кетті. Бұл күтпеген жағдай болды. Десе де, ешқайсысы қарсылық білдірмей, әскерге аттанды. Оқуларын кейін жалғастыруды көздеп отыр. Оқу орындарындағы «Foundation» бағдарламасында білім алып жатқан студенттерді оқу үрдісінен бөліп, әскерге аттандыру дұрыс емес деп ойлаймын. Мұндай жайттар қатарластарыма психологиялық тұрғыдан оңай емес. Іштей дайын болмаған соң «сынып» кететін жігіттер бар. Кейін әскердегі әлімжеттік, күш көрсету сынды жайсыз жайттар да соның салдарынан туындайды деп ойлаймын. Себебі, енді ғана оқуын тәмамдап жатқан ж  астар немесе жоғары оқу орнының бағдарламасы бойынша білім алып жүргендердің ойы — жұмыс істеу, жақсы мамандық иесі атану. Ал оларды қоғамдық жерден, оқу орнынан алып кеткен кезде қиынға түседі. Сол себепті алдымен шақырту қағазын жіберіп, жеке жағдайын біліп, әскерге алу мерзімін нақты белгілеген дұрыс. Сол кезде жігіттер оқуын реттеп, моральдік тұрғыдан дайындала алады. Мен де биыл диплом алған соң қыркүйек айында өз еркіммен әскерге баруды жоспарлап отырмын.

«Алаңды» үйлестірген – Салтанат ҒАББАС.