Соңғы күндері облыста ауа райы «жанып» тұр. Әсіресе, қазіргідей аптап ыстық кездерде ойын балалары субұрқақтың маңайына жиналуға құмар-ақ. Тіпті, кішкентай бүлдіршіндердің фонтаннан ағып тұрған суға шомылып жүретінін де көруге болады. Алайда дәрігерлер мұның дұрыс емес екенін, денсаулыққа қауіпті вирус жұқтырудың ықтималдығын айтуда.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, субұрқаққа шомылу арқылы балалар вирус жұқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан, ата-аналардың балаларын бақылаусыз қалдырмағаны абзал.

Субұрқақ электр желісіне қосылғандықтан, өмірге қауіпті болып табылады.

Эпидемиологиялық тұрғыдан субұрқақтарда су тазартылмайды және пайдалану кезінде жиі ауыстырылмайды. Вирустық ішек инфекцияларының таралуы субұрқақтарда шомылумен байланысты. Бұл энтеровирустық менингит немесе менингоэнцефалит дертінің асқынуына да әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, субұрқақтарда шомылу А вирустық гепатитін (сары ауру) тудыруы ықтимал. Сондықтан ата-аналар осы жағдайларды ескеруі тиіс.

 А.АСҚАРҚЫЗЫ.